ИНТЕРНЕТ ПАЙДАЛАНУ БАҒАСЫ АРЗАНДАСА, ОҚЫРМАН КӨБЕЙЕДІ
Интернет кеңістігінде жаңадан «Мінбер», «Назар» (zamandas.kz) интернет –газеттері және 1 қазаннан бастап жұмыс істейтін «Алтын орда» интернет –сайты ашылды. Бұл сайт қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарындағы қызықты ақпараттарды орыс және басқа тілдерге аударады.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінде kz доменінде тіркелген 6000 -ға жуық интернет сайттар бар, олардың мың жарымы қос тілді сайттар. Зерттеулер нәтижесі сайттарды көбіне 17 мен 25 жас аралығындағы Қазақстанның ірі қалалары Алматы және Астана тұрғындары қарайды екен. Ең жиі талқыланатын тақырып - тіл, дін және ұлт мәселесі.
Егер интернетті пайдалану арзан болса, қазақ тілді тұтынушылар саны күрт өседі
Сарапшылардың сөзіне қарағанда қазақ тіліндегі ақпаратқа сұраныс өсіп келе жатқанымен, қазіргі уақытта қазақша шығатын веб –сайттарға көпшіліктің көңілі толмайды. Оның бірден-бір себебі - қазақтілді журналистердің көпшілігі интернет журналистиканы жеткілікті меңгере қоймағандығы.
- Қазір қазақ оқырмандары орыс тілді интернет сайттардан, орыстілді басылымдардан ақпарат алып отыр. Бұл «өз бақшаңда өсіп тұрған жеміс -жидекті суғармай, өзгенің бақшасындағы жемістерді суғарумен» тең дүние ғой. Біз қазақ тілді аудиторияның сұранысын қанағаттандыру үшін ең алдымен осы интернет журналистиканы дамытуымыз керек. Және бұған дәл қазіргі уақытта ешқандай қиындық жоқ. Қазірдің өзінде интернет-газеттер бар, бірақ олар әлі күнге орыс интернет-сайттарымен салыстырғанда деңгейі де дәрежесі де төмен, – дейді «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары Ержан Байтілес.
Қыркүйек айында ашылған «Мінбер.kz» ақпараттық – интернет ресурсының иесі Бақытбек Бәмішұлының айтуынша, Қазақстанда интернетті пайдаланудың қымбаттығы елдегі қазақ тілді интернет журналистиканың дамуына кедергі келтіріп отыр.
- Көптеген адамдар интернетке қосыла алмайды. Интернет-кафелерге барып, ақша төлеп, пайдалану әркімнің қолынан келмейді. Қазақ тілді ақпарат құралдарының ауқымы тар болып отырғандығының бірден-бір себебі осы. Егер интернетті пайдалану арзан болса, қазақ тілді тұтынушылар саны күрт өсетіндігі сөзсіз, – дейді Б. Бәмішұлы.
САННАН САПАҒА ОЙЫСАТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ
Соңғы жылдары Қазақстанда бірнеше интернет сайттар ашылды. Бірақ, олардың сапасы оқырманды қанағаттандырмайды. Ал саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, қазақ тіліндегі веб-сайттардың дамымай қалуына қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр.
- Өкінішке қарай, көп жағдайда біздің интернет-сайттар айтарлықтай қаржысы мен мүмкіндігі жоқ, тек қазақ тіліне жаны ашитын, өзінің жүрегінен шыққан жалынымен ғана жұмыс істейтін азаматтар арқасында жұмыс істеуде. Әсіресе, мына шетелде жүрген студенттер немесе аймақта жүрген кейбір журналистер тегін хостингтер арқылы жұмыс істейді. Оның тиімді жағы да, кемшін тұстары да жетерлік. Қазақ тілінде ақпарат іздеген адам сол сапасыз сайтқа кірсе, шошып кетуі әбден мүмкін. «Қазақ тілді интернет осы болса, онда орыс немесе ағылшын тіліндегі интернет ресурстарды пайдаланғаным дұрыс шығар» деген ой келеді. Осы жағынан қауіпті. Яғни бүгінгі күнге дейін сан мәселесі айтылып келсе, осы күннен бастап сапа мәселесі қолға алынуы тиіс, – дейді Айдос Сарым.
Мемлекеттік органдардың қазақ тіліндегі сайттарының мазмұны жұтаң.
Мемлекеттік органдардың веб – сайттарының қазақша, орысша және ағылшынша нұсқасын бақылаған Айдос Сарым қазақ тілді оқырманның құқы ең алдымен осы сайттардан бастап аяқ асты болатындығын тілге тиек етті.
- Қазақстан Республикасындағы барлық министрліктердің сайтын қарай отырып, ондағы беріліп жатқан ақпараттың саны да, сапасы да азаматтардың ақпарат алуға деген құқын толық қамтамасыз ете алмайтынына көзім жетті. Кей министрлік сайтында баяғыша анда-санда басшылықтың сөйлеген сөзі мен азын-аулақ құттықтаулардан аспайтын ақпарат беріліп тұр. Ал қалғаны түгелдей орыс тілінде, – дейді Айдос Сарым.