Accessibility links

Иран «Оскар» алған ескі фильмді көрсетіп жатыр


Негізгі рөлдерді Пейман Моаади мен Лейла Хатами ойнаған «Надер мен Симиннің ажырасуы» драмасын алынған кадр.
Негізгі рөлдерді Пейман Моаади мен Лейла Хатами ойнаған «Надер мен Симиннің ажырасуы» драмасын алынған кадр.

Алматыда Иран киносы апталығында «Оскар» сыйлығын алған «Надер мен Симиннің ажырасуы» драмасын көрсетіп жатыр. Бағдарламада алматылық қыздың қылығына қайран қалған ирандық студент жайлы да фильм бар.

Алматыда өтіп жатқан Иран киносы апталығы аясында сегіз фильм көрсету жоспарланған. Картиналардың бірі - Иран кинематографиясының алтын қорына кірген туынды. Бұл – «Оскар» сияқты көптеген беделді киножүлде алған «Надер мен Симиннің ажырасуы» деген драма.

АТАҚТЫ ФИЛЬМ

2012 жылы режиссер Асгар Фархадидің «Надер мен Симиннің ажырасуы» картинасы «Шет тіліндегі ең үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» киножүлдесін алған тұңғыш ирандық фильмге айналды. Бұдан бөлек, «Надер мен Симиннің ажырасуы» - 2011 жылы Берлин кинофестивалінің бес жүлдесін, «Алтын глобусты» және Иранның өзінде де, одан тысқары жерлерде де 70-тен аса киножүлде иеленген фильм.

Режиссер Асгар Фархади "Оскар" жүлдесін алған сәт. Лос-Анджелес, 26 ақпан 2012 жыл.
Режиссер Асгар Фархади "Оскар" жүлдесін алған сәт. Лос-Анджелес, 26 ақпан 2012 жыл.

14 жыл отасқан Надер мен Симиннің Терме деген 11 жаста қызы бар. Симин елден кеткісі келеді, бірақ Альцгеймер дертіне шалдығып, күтімге зәру болып қалған әкесіне қарайлап, күйеуі Надер кетуден бас тартады. Шаңырақтағы керістің ақыры Симиннің ажырасуға арыз беруіне ұласады. Фильмде Надер жалдаған күтуші әйелмен байланысты түйткіл тұстар бар.

Киносыншылар бұл фильмді асқан шеберлікпен, ұғынықты етіп түсірілген деп сипаттаған. Актерлер Пейман Моаади мен Лейла Хатамидің тамаша ойынын да үнемі мақтайды.

Иран киносы күндерінің салтанатты ашылу рәсімі кезінде кинотанушы Гүлнәр Әбікеева актриса Лейла Хатамидің Қазақстанға келген сапарын еске алды.

Ол мүлде кішкентай, үш-төрт айлық сәбиімен келді. «Ауырып қалмаса игі еді» деп бәріміз уайымдадық. Бірақ Лейла Хатами қайратты әйел екен, фильмдердің бірін қалдырмай көріп, қазылар алқасы мүшесі міндетін толық орындады, - дейді Гүлнәр Әбікеева.

АЛМАТЫДАҒЫ ИРАНДЫҚ СТУДЕНТ ЖАЙЛЫ ФИЛЬМ

Кинотанушы Гүлнәр Әбікееваның айтуынша, Иран мен Қазақстан кинематографистері арасындағы достық талай жылдан бері жалғасып келеді. Шынында, Иран кинофильмдері Алматыда 15 жылдан аса өтіп жүрген «Еуразия» кинофестиваліне талай мәрте қатысқан.

Бірақ Иран-Қазақстан бірлесіп түсірген алғашқы кинолента 2013 жылы ғана пайда болды. Бұл – қысқа метражды (35 минуттық) «Себепсіз салдар жоқ» («Ничего просто так не случается») фильмі. Оны 12 жылдан бері Иран теле-радио бірлестігінің Алматыдағы тілшісі болып келе жатқан Әмір Хушанг Данаи түсірген.

«Себепсіз салдар жоқ» фильмін түсірген Иран теле-радио бірлестігінің Алматыдағы тілшісі Амир Хушанг Данаи. Алматы, 28 наурыз 2016 жыл.
«Себепсіз салдар жоқ» фильмін түсірген Иран теле-радио бірлестігінің Алматыдағы тілшісі Амир Хушанг Данаи. Алматы, 28 наурыз 2016 жыл.

Иран киносы апталығының ашылу рәсіміне қатысқан Әмір Хушанг Данаидан фильм жайлы толығырақ білудің сәті түсті. Бұл - Ираннан Алматыға оқуға келген студент туралы фильм. Бір күні саябақта ол қазақ қызын кездестіреді. Әуелі оның мінезі мен қылықтарына қайран қалғанымен, ақыры екеуі дос болып кетеді.

Бюджеті шамамен 30 мың долларға бағаланған фильм Иран мәдениет министрлігі мен қазақстандық жеке меншік компанияның қолдауымен түсірілген. Басты рөлдерде ирандық актер мен қазақстандық актриса түскен.

2013 жылы «Себепсіз салдар жоқ» фильмін алғаш әрі жалғыз мәрте Иранда өткен кинофестивальдердің бірінде көрсеткен. Енді оның қазақстандақ премьерасы 2 сәуір күні Иран киносы апталығы аясында өтеді.

ТАРИХИ ДРАМА ЖАНРЫ

Тарихи жанр - Иран кинематографиясында кең тараған жанрлардың бірі. Иран киносы апталығын ашқан «Теңіз жібек жолы» фильмі 9-ғасырдың орта шенінде болған нақты оқиғаларға негізделген. Сценарий Персияның Сираф портынан Қытайдың Кантон портына жол тартқан ирандық екі кеменің қауіп-қатерге толы теңіз саяхатын сипаттаған Сүлейман Сирафидің «Жол жазбаларының» қолжазбасы бойынша жазылған.

Тауар апара жатқан саяхатшылар теңіздегі дауыл, қарақшылардың шабуылы мен жол-жөнекей кездескен аралдардың бірінің тұрғындарының қастығы сияқты көптеген қиындықтарға тап болады. Көрермен фильм бойы теңіздің әсем көрінісін, жиһанкез көпестерге ұшырасқан қилы халықтардың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін тамашалай алады.

«Теңіз жібек жолы» фильмі Иран, Таиланд және Қытайда төрт жыл түсірілген әрі сегіз миллион доллар (Иран киносы үшін қомақты бюджет саналады) жұмсалған.

«Теңіз жібек жолы» фильмінен алынған кадр.
«Теңіз жібек жолы» фильмінен алынған кадр.

Иран киносы апталығы күндері көруге тұратын тағы бір тарихи фильм тарихи-діни кино жанрына жатады. Бұл – 2010 жылы түсірілген «Сүлеймен патшалығы» немесе «Сүлеймен пайғамбардың атамекені» фильмі. Режиссер Шахриар Бахрани Сүлеймен пайғамбар жайлы үш бөлімнен тұратын фильм түсіруді ұйғарған. Бірақ әзірше бірінші бөлімі ғана шыққан.

Кинотанушы Гүлнәр Әбікеева 2015 жылы түсірілген «Мұхаммед: Құдай елшісі» фильмі Иран киносы апталығы бағдарламасына енбей қалғанына қынжылады. Кинотанушының айтуынша, фильм пайғамбар жайлы болғанымен, ислам дінінде Мұхаммед пайғамбарды бейнелеуге тыйым салынғандықтан, пайғамбардың көзқарасы тұрғысынан түсірілгендей әсер қалдырады.

ИРАН КИНЕМАТОГРАФИЯСЫ ЖАЙЛЫ ҚИЛЫ КӨЗҚАРАС

Бірер жыл бұрын Реза Саджади (2009-2013 жылдары Иранның Ресейдегі елшісі болған) «Живой журнал» платформасындағы блогында Иран киносының негізгі ерекшеліктері жайлы жазған. Оның пікірінше, Иран кинематографистеріне герменевтика тәсілі (тәпсірлеу өнері) тән. Дипломат халықтың тойтарыс беру мәдениетін көрсету мен альтуризмі мен ержүректігін насихаттау сияқты ерекшеліктерді атаған. Ол бұл жерде әскери киноны (Иранда 1980-1988 жылдары болған Иран-Ирак соғысы тақырыбына түсірілген фильмдер жақсы көреді) айтқан.

Иран киносы апталығы ашылған күні келген алматылықтар. Алматы, 28 наурыз 2016 жыл.
Иран киносы апталығы ашылған күні келген алматылықтар. Алматы, 28 наурыз 2016 жыл.

Қазақстан мен өзге елдерде жиі өтетін Иран киносы күндеріне арналған фильмдер де Реза Саджадидің Иран киносы жайлы жазғаны сияқты Иран кинематографиясына қатысты «ресми көзқараспен» іріктелген. Шетелдің тәуелсіз киносыншылары мен кинотанушылары Иран киносын өзге қырынан сипаттайды.

Мысалы, шетелдік бақылаушылар Иранда кинематография туындылары қатаң цензурадан өтетінін ескертеді. Иранда киноны прокатқа шығаруға рұқсат алу процедурасы екі жылға созылуы мүмкін. Цензураға ұшыраған көптеген фильмдер ішкі прокатқа шықпайды, шықса да, қысқартып тастайды. Бұған 1995 жылы режиссер Рахшан Бани Этемад түсірген «Көк шаршы таққан келіншек» фильмін мысал ретінде келтіруге болады. Ол фильмде кейіпкер келіншектің жалаңаяғы көрінетін кадрлар бар. Сондықтан цензура фильмді прокатқа шығаруға тыйым салған. Көрермендер фильмді төрт айдан кейін - тыйымды алғаннан соң ғана көрді. Бірақ кейіпкердің жалаңаяқ тұстарын кесіп тастауға тура келген.

Иран кинематографиясын мемлекет көбінесе фильмдерді қаржыландыру арқылы қадағалайды. Иранның кей режиссерлері цензура қыспағынан құтылу үшін фильмдерін Франция, Италия сияқты елдердегі шетелдік киноқорлардың ақшасына түсіреді.Елдің ішіндегі көрерменге арналған фильмдерді сырт жұрттың көп білмейтіні - Иран кинематографиясының тағы бір ерекшелігі. Халықаралық кинофестивальдерде қатысқан ирандық фильмдерді Иранның өзінде көбінесе көрсетпейді.

XS
SM
MD
LG