Accessibility links

Сотталған судьяның туыстары "қудаландық" дейді


Сотталған судья Күлпәш Өтемісованың күйеуі Қанат Байбашин (сол жақта) зайыбын босатуды талап етіп тұр. Алматы, 3 маусым 2014 жыл.
Сотталған судья Күлпәш Өтемісованың күйеуі Қанат Байбашин (сол жақта) зайыбын босатуды талап етіп тұр. Алматы, 3 маусым 2014 жыл.

Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы Күлпәш Өтемісованың күйеуі мен бауыры «қудалауға ұшырадық» дейді. Олар Өтемісоваға шығарылған үкімге наразы.

Күлпәш Өтемісова – Қазақстанда кәсіби қызметіне байланысты сотталған санаулы судьялардың бірі. Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы «заңға қайшы сот шешімін шығарды» деген айыппен төрт жарым жылға сотталған.

Қазақстанда судьяларды президент тағайындайды, ал судьяларды сайлауды талап ететін құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер бұл тәжірибені сынайды.

Өтемісованың қорғаушылары судьяға заңсыз айыптар тағылған деп санайды. Сотталған судьяның жақтастары Күлпәш Өтемісова «басшыларының қылығын әшкерелеймін деп биліктің қырына ілікті» дейді.

ҚУДАЛАУ ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕМЕ

Күлпәш Өтемісованың туыстары сот үкіміне наразылық білдіріп келеді. Осы аптада күйеуі Қанат Байбашин мен бауыры Мұхамед Серсенбаев «К.Өтемісоваға бостандық берілсін!» деген жазуы бар плакат ұстап Алматыдағы Қазақстандағы адам құқығы бюросы кеңсесі орналасқан ғимарат жанына келді. Шамамен 10 минутқа созылған акцияға қатысушылардың ешқайсысы ұсталған жоқ. Бұдан бұрын Астанада осындай плакат ұстап шыққан Қанат Байбашинді ұстап әкеткен еді. Бұрынғы судьяның күйеуі «Әділет үшін» қоғамдық қозғалысы мүшелеріне қосылып, түрме жүйесіндегі коррупцияға қарсы наразылық акцияларына қатыса бастаған.
Қанат Байбашин, сотталған судья Күлпәш Өтемісованың күйеуі. Алматы, 3 маусым 2014 жыл
Қанат Байбашин, сотталған судья Күлпәш Өтемісованың күйеуі. Алматы, 3 маусым 2014 жыл


Сотталған судьяның күйеуі, 44 жастағы Қанат Байбашин қылмыстық іс бойынша шыққан үкімді де, талап-арызға байланысты Күлпәш Өтемісованың дүние-мүлкіне (пәтері мен екі көлігіне) қамау салу туралы азаматтық іс бойынша шешімді де заңсыз деп санайды. Қазір Күлпәш Өтемісоваға қарсы қылмыстық және азаматтық істер бойынша аппеляциялық шағым жолданған.

Туыстарымен бірге Көкшетау қаласында тұратын туысының үйлену тойына бара жатқан Күлпәш Өтемісованы былтыр күзде поезд Астананың темір жол станциясына аялдаған кезде ұстаған еді.

"Поезд вокзалға жақындай бере шыттай киінген 30 шақты адамды көрдім. Поезд тоқтаған кезде олардың кейбірі вагонға кіріп, Күлпәшке сыпайылап: «Сізбен бас прокурор сөйлескісі келеді, бізбен жүруге тиіссіз» деді. Қайда екенімізді білгеніне қарағанда, олар соңымыздан аңдығаны анық" дейді Қанат Байбашин.

Сотталған судьяның күйеуі өзінің де қудалауға ұшырағанын айтады. Оның айтуынша, жол полициясы көлігін бірнеше сағат бойы ақтарып, жеке басын тексеріп қызметкерлері тыныштық бермейді. Байбашиннің айтуынша, соңғы рет мұндай жағдай маусымның 1-і күні Алматы облысы Есік ауданының Саймасай елді мекенінен Алматы қаласына қайтып келе жатқан кезде болған.

"Өзімді және көлігімді екі жарым сағат тінтті. Ештеңе таппады. Жанымда Күлпәштің інісі Мұхамед болғаны жақсы болды, әйтпесе жасырып бірдеңе салып жіберер ме еді. Сол жерде мені зәр тапсыруға мәжбүрлеп, оны қағаздың көмегімен тексерді. Әлгі қағаз адам тіпті үш күн бұрын спиртті ішімдік ішсе де көрсетеді. Менен ондай ештеңе таппады. «Анализді медициналық зертханаға апарып алыңдар» деп талап еттім, бірақ олар зәрді сол жерде тапсыруға мәжбүр етті. Өз құқығымды қалай қорғарымды білмедім" дейді Қанат Байбашин.
Күлпәш Өтемісова, сотталған судья.
Күлпәш Өтемісова, сотталған судья.

Күлпәш Өтемісованың күйеуі «ізімнен аңдып қана қоймай, маған қарсы әлдебір арандатушылық әрекет ұйымдастырып жатқандай көрінеді» дейді.

Жол полициясы қызметкерлерінің әрекеті туралы Қанат Байбашиннің айтқандарын тексеру үшін Азатттық тілшісі Алматы облыстық автоинспекция басшылығына хабарласқанымен, қоңырауға ешкім жауап бермеді.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ КЕҢЕСІ

Құқық қорғаушылар жол полициясы қызметкерлерінің талаптары, оның ішінде экспресс-анализге зәр тапсыртуы заңсыз деп санайды. Қанат Байбашин өз құқығын қорғап әрі полицейлердің заңсыз әрекетіне тойтарыс беруде пайдалануы үшін Қазақстандағы адам құқығы бюросы оған заңдарға сілтеме жасалған көптеген анықтамалық материалдар берген.

«Жас кәсібилер қоғамы» үкіметтік емес ұйымы мен «Әділет үшін» қозғалыс өкілдері «сот жүйесін реформалауды талап етіп бірлескен әрекетімізден екі жылда түк шықпады» деп мәлімдейді. Енді олар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты соттарды тағайындаудан бас тартып, сайлау жүйесін енгізуге шақырмақ.

Белсенділер прокурорлардың функцияларының бір бөлігін омбудсменге беруді, алқабилер жұмысын жандандыруды және оларға сот өкілеттігі мен жоғарғы сот шешімдеріне қатысты қарсылық білдіру құқын беруді ұсынады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG