Accessibility links

«Бір күнде далада қалдық» дейді құлаған үйдің тұрғыны


Қарағандыдағы бес қабатты үйдің құлаған сәті
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:30 0:00

Үйдің құлаған сәті түсірілген видео (YouTube-тегі zhandos salykov деген қолданушыныкі). 6 сәуір 2012 жыл.

Қарағанды қаласында «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі қирап қалған №7 үйді қабылдап алған комиссияға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл бес қабатты үй үлескерлердің ақшасына салынып, 2009 жылы пайдалануға берілген еді.


Биыл 1 сәуірде ол үйдің күніне 10-15 сантиметрге қисайып бара жатқаны анықталған. Қалалық әкімшілік жанынан құрылған комиссия "бұл үйде тұру қауіпті" деген шешім шығарып, сәуірдің 2-сінде 60 пәтердің 138 тұрғынын басқа жаққа көшірген.

ТҰРҒЫНДАР КЕТКЕН СОҢ ҚҰЛАҒАН ҮЙ

Сәуірдің 6-сы күні сегіз подъезі бар №7 үйдің жартысы - төрт подъезі құлап қалды.

«Интерфакс-Казахстан» агенттігінің хабарлауынша, қираған үйдің тұрғындарымен кездескен Қарағанды қаласының әкімі Бауыржан Әбдішев оларға қалалық бюджеттің қорынан өтемақы берілетінін айтқан.

Прокуратура 124 пәтері бар «Қособа» тұрғын үй кешенін 2009 жылы 29 маусымда бас мердігер – «Сервиспромснаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (ЖШС)
Қарағанды қаласындағы №7 үйдің қирау алдында тұрған кезі. Қарағанды, 5 сәуір 2012 жыл.
Қарағанды қаласындағы №7 үйдің қирау алдында тұрған кезі. Қарағанды, 5 сәуір 2012 жыл.
қабылдап алған комиссия басшысы мен мүшелеріне байланысты қылмыстық кодекстің 307-бабы 4-тармағы (қызмет бабын асыра пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғаған.

«ЧЕКТІ ҚАЙДАН ТАБАМЫН»

Құлаған үйдің бір тұрғыны (аты-жөнін жарияламауды өтінді) үйлерінің жағдайын бұған дейін де айтқандарын мәлімдеді.

Қарағандылық әйел адамның сөзіне қарағанда, сәуірдің 2-сінде үйлерінен шығарғанда полиция 20 минут мұрсат берген. Тұрғындар құжаттары мен құнды мүліктерін ғана әкеткен, жиһаз бен қымбат тұрмыстық техникаларды алуға рұқсат етпеген.

– Біз жайлы ешбір ақпарат құралдарына айтқызбай қойды. Шарамыз қалмағандықтан жолды жаптық, – дейді ол әйел.

№7 үйдің тұрғындары 4 сәуірде қарсылық акциясы ретінде қаладағы Республика даңғылындағы тас жолды жауып тастаған еді.

– 5-і күні Дариға Назарбаева келгенде ғана жүктерімізді алып кетуге рұқсат берді.
Қарағанды қаласындағы қирап қалған тұрғын үй. Қарағанды, 6 сәуір 2012 жыл.
Қарағанды қаласындағы қирап қалған тұрғын үй. Қарағанды, 6 сәуір 2012 жыл.
Мемлекеттің кесірінен бір күнде бомжыға (үйсіз-күйсіз адамға) айналып шыға келдік, – дейді құлаған үйдің бұрынғы тұрғыны.

Ол екі бөлмелі үйді осыдан үш жыл бұрын 6 миллион 200 мың теңгеге алғанын, ол кезде үйдің қаңқасы ғана болғанын – барлық қосымша әрлеу жұмыстарын өзі жасағанын айтады.

Оның сөзіне қарағанда, қала әкімшілігі құлаған үйдің өтемақысын талап еткен тұрғындардың құжаттарын сұраған.

– Әкімшілік «Сейсенбіге дейін құлаған үйде қалған мүліктеріңнің құжаттарын, пәтерді қанша қаржыға жөндегендеріңнің қағазын әкеліңдер» дейді. Чектерім бар болса да, құлаған үйден қайдан табамын, – дейді ол.

Қарағанды тұрғынының айтуынша, қазір «Бесоба» кешеніндегі бүтін тұрған үйлерде де электр, су, интернет, телефон байланысы үзілген.

«БЕСОБАНЫҢ» ҮЛЕСКЕРЛЕРІ

Әуелі 2006 жылы жезқазғандық «SAD» ЖШС мен алматылық «Столичная недвижимость» акционерлік қоғамы салмақ болған «Бесоба» тұрғын үй кешені 2007 жылы «Сервиспромснаб» ЖШС-іне өткен еді.
№7 үйдегі 124 пәтердің 75-і үлескерлердің ​ақшасына салынған, 35 пәтерді мемлекет тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша сатып алған.

2007 жылы салынып бітуі керек тұрғын үй кешеніндегі үш үйдің бірі ғана – №7 үй ​2009 жылы пайдалануға берілген. Ол үйдегі 124 пәтердің 75-і үлескерлердің ​ақшасына салынған, 35 пәтерді мемлекет тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша сатып алған.

Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғын үй кешенінен пәтер алу үшін ақша аударған үлескерлердің біразы әлі күнге дейін баспаналы бола алмай жүргенін айтады.

– 2007 жылы «Бесобаға» үлескер болдым. Келісім бойынша 2009 жылы 40 шаршы метр пәтерімді алуым керек еді. Бірақ құрылыс иесі қашып кетіп, жұмыс тоқтап қалды, – деп жазады үлескерлердің бірі Андрей индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтің блогына.

Андрей осы жағдайын құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің басшысы Серік Нокиннің блогына да жазыпты.

Оған жауап берген Серік Нокиннің айтуына қарағанда, «Бесобадағы» үлескерлерге ортақ үш үйдің (№3, 4, 7 үйлер) біреуі – №7 үй ғана салынып біткен.

Ал үйді салып бітіруге тиіс «Сервиспромснаб» ЖШС директоры Андрей Маляновқа Қазақстан республикасы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Қарағанды облыстық департаменті 2011 жылы 15 шілдеде іздеу жариялаған.

Агенттік сайтындағы дерекке қарағанда 1958 жылы туған Малянов Андрей Николаевич қылмысық кодекстің 177-бабы 3-тармағы (алаяқтық) бойынша жауапқа тартылып, мемлекетаралық іздеуде жүр.
XS
SM
MD
LG