Accessibility links

Оралда тасқыннан үйсіз қалған тұрғындарға эвакуациялық қосында да орын қалмады


Оралдағы су тасқыны. Батыс Қазақстан, 13 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Оралдағы су тасқыны. Батыс Қазақстан, 13 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қала басшылығы эвакуациялық қосынды жаз бойы паналаған тұрғындардан бұл жерді жедел түрде босатуды талап етіп отыр. Ал тұрғындардың басқа паналайтын жері жоқ. Әкімдік тиісті құжаттардың жоқтығын айтып, оларды үймен қамтамасыз етудің реті жоқ, олар сотқа жүгінсін дейді.


Тұрғындар басқа барар жері жоғын айтып шықпай қойған соң әкімдік осы ғимаратқа жылу бергізбей, электр жарығын да ажыратып тастаған. Енді үйсіз тұрғындар тамақ істеп іше алмай отырғандарын айтады.

«АҒЫМДАҒЫ ЖӨНДЕУ»

Қала шетіндегі саяжайда салған үйі су астында қалған Нұргүл Ахметкереева көмек ретінде ешқандай қаржы алмағанын айтады. Басты себеп – «үйі тұруға жарамды, сондықтан ағымдағы жөндеу жасалуы керек» деген комиссия шешімі. Үйіне «ағымдағы жөндеу» жасалатын тұрғындарға ақшалай көмек берілмейді.

– Документіміздің бәрі түгел, бірақ үй түгілі ақша да берген жоқ. Нансаңыз, осы уақытқа дейін 7 айдың ішінде дым да алған жоқпыз. Күнде
Су тасқыны кезінде үйінен айырылған тұрғындар. Орал, 27 қазан 2011 жыл.
Су тасқыны кезінде үйінен айырылған тұрғындар. Орал, 27 қазан 2011 жыл.
«ертеңмен» күнді өткізді. Ешқайда бара алмадық сол сөзге сеніп. Ал пәтер жалдап тұруға – тек күйеуім жұмыс жасайды, сенгеніміз - тек соның жалақысы ғана. Бұған қоса 40 мың теңге несиеміз бар. Балабақшаға ақша төлейміз. Күнделікті ішім-жем, қала берді киімге де ақша керек. Осының бәрі ақша емес пе? Басқа кіріс бізде қайдан болсын? Тым құрыса, бізге жалдайтын пәтер тауып берсе екен. Әйтпесе далада қаңғып қаламыз ғой, – дейді Нұргүл Ахметкереева.

ҮШ ОТБАСЫҒА – БІР ПӘТЕР

Жаз бойы мыңға тарта отбасының мекені болған эвакуациялық қосында қазір тек бес отбасы қалған. Олардың екеуіне әкімшілік пәтер ұсыныпты. Бірақ «ол үй тар болған соң, әрі бөлек діни көзқарастағы азаматтармен бір пәтерге қоныстандырмақ болғандықтан келіспедік» дейді Жазира Бегалиева.

Жазира да қала шетіндегі саяжайда жер телімін үшке бөліп, үй тұрғызған. Көктемде бұл аймақ су астында қалды. Қазір үйі тұруға жарамсыз. Шатыры мен қабырғасы құлаған.

– Бір участокты үшке бөліп, үш көрші бірге тұрдық. Бірақ мұндай апат болатынын кім білген, үйдің құжаттарын уақытында рәсімдеп үлгермедік. Су таситынын біз түгілі әкімдік те білмей қалды ғой. Енді әкімдік бізге үш бөлмелі үй беріп тұр, "үш семья бірігіп тұрыңдар" дейді. Болашақ көршілерім – намаз оқитын діндар жандар. Олармен қалай бір шаңырақ астында бірге тұрамыз? Бір күні болмаса, бір күні сөзге келіп қаламыз ғой. Оларға біздің жүріс-тұрысымыз ұнамайды. Айналып келгенде, біз үй салған участоктың қожайыны үйлі болып шыға келді, қалғандарымыз далада қалдық, – дейді Жазира Бегалиева.

Осындай «қызықты» ұсыныс естігендердің бірі – Гүлайхан Апаханова да үйсіз қалғандардың санатында. Бес адамы бар отбасыға әкімшілік бір бөлме беріпті. Бірақ жуырда келін түсірген ана бұл пәтерден өз еркімен бас тартқан екен.

«ҚҰЖАТТАРЫ ЖОҚ»

Қала әкімінің орынбасары Азамат Сафималиевтың айтуынша, тұрғындардың бұл әрекеті – заңға қайшы, «өйткені оларға бұл жерде босату керектігі күні бұрын ескертілген». Алайда оларға баспана берілмейді. Себебі Оралда тұрғын үй кезегін жылдап күткен адам саны он мыңнан асады.

– Бұл кісілердің жағдайын жақсы түсінеміз. Бірақ тиісті құжаттары жоқ –
Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Сафималиев. Орал, 27 қазан 2011 жыл.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Сафималиев. Орал, 27 қазан 2011 жыл.
оны қалай істеуге болады? Егер оларға үй берсек, жылдар бойы үй ала алмай жүрген басқа азаматтардың құқы аяқасты болады ғой. Егер олар сотқа беріп, олардың талап-арызын сот қанағаттандырып жатса, бізде резервтегі үйлер бар – солардың бірінен пәтер береміз. Тек барлығы да заң аясында жасалуы тиіс, – дейді қала әкімінің орынбасары.

Сәуір айының басында Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандары мен Орал қаласындағы тұрғын үйлерді тасқын су басып, тоғыз мыңнан аса адам қауіпті аймақтан басқа жерге көшірілген еді.

Су басқан аумақтан екі адамның – жасөспірім бала мен ер адамның мәйіттері табылған. Төтенше жағдай министрлігі бұл өңірдің табиғи апаттан 10 миллиард теңге зардап шеккенін мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG