Accessibility links

Белсенділер жолақы көлемін бұрынғыдай еткісі келеді


«ВКонтакте» әлеуметтік желісінде «Жол серік» қоғамдастығын құрған жас кәсіпкер Андрей Семнадцатый.
«ВКонтакте» әлеуметтік желісінде «Жол серік» қоғамдастығын құрған жас кәсіпкер Андрей Семнадцатый.

Қарағанды қаласының ондаған тұрғыны қоғамдық көліктің жолақысын қымбаттатуға қарсы акция өткізді. Ал 3 мыңдай адам жолақының бұрынғы тарифін сақтап қалу үшін әлеуметтік желіде бірікті.

Қарағандыда қаңтардың 10-ы күні ондаған тұрғын көшеге шығып, Бұқар жырау даңғылындағы кеншілердің мәдениет сарайынан бастап Тәуелсіздік ескерткішіне дейін наразылық шеруін өткізді. Тұрғындардың қолындағы плакатта «80 теңгенің орнына балама тариф талап етеміз!» деген жазу бар. Жыл басынан бері Қарағанды қаласында қоғамдық көліктің жолақысы бірден 30 теңгеге қымбаттап, 50 теңгеден 80 теңгеге дейін өсті.

– Автобустың келуін күтіп аялдамада жарты сағат тұрамыз. Қысылып-қымтырылып әрең ілінесің. Іші адамға лық толы. Автобустар ескі. Жолақысының қымбаттауына қарсымын, бұрынғы баға өскенінен ештеңе өзгерген жоқ, - дейді Қарағанды тұрғыны Любовь Смирнова.

Аялдамада тұрған автобустар. (Көрнекі сурет)
Аялдамада тұрған автобустар. (Көрнекі сурет)
Наразылық шеруі Қарағанды қаласы әкімі Мейрам Смағұловпен кездесумен аяқталды. Әкімдік өкілдері шерушілерді әкіммен сөйлесу үшін кеншілердің мәдениет үйіне шақырды. Бірақ әкім жиналған жұртқа «жаңа тариф өзгермейді, жолақыны 80 теңгеге дейін көтеруге толық негіз бар» деп мәлімдеді.

Қарағандылықтар жол ақысын қымбаттатуға қарсы жаңа жыл алдында да наразылық жиынын өткізген. Бірақ ол акцияға жұрт аз жиналған еді. Облыстық мәслихат депутаттары қоғамдық көліктегі жол жүру ақысын қымбаттату туралы ұсынысты қолдап, бір ауыздан дауыс берген соң қалалықтар наразылық акциясын өткізді.

ҚАРАПАЙЫМ ИДЕЯ

Ондаған тұрғын Қарағандының бас даңғылымен шерулетіп жүргенде, өткен аптаның басында қаланың белсенді жастары интернетте бірігіп, бұл проблеманы шешудің өзгеше жолын ұсынды.

«ВКонтакте» әлеуметтік желісінде құрылған «Жол серік» қоғамдастығына 3 мыңдай адам бірікті. Оны 24 жастағы кәсіпкер, бұрын ешқандай азаматтық бастамалармен айналысып көрмеген Андрей Семнадцатый құрған.

– Жұртты алаңдатқан мәселеден шет қала алмадым. Баға қымбаттағалы кейбір жандардың 80 теңге төлеуге шамасы келмей, қиналып қалғанын түсінемін. Жеке меншік көлігіммен жүретіндіктен әрі бизнесмен ретінде жолақының қымбаттауын өзім сезінген жоқпын. Бірақ күніне бірнеше автобуспен жүретін зейнеткерлер мен студенттер бар ғой. Бұл қоғамдастықты сондай жандарға көмектесу үшін құрдық, - дейді Андрей Семнадцатый.

Қала ішінде жолаушы таситын автобус салонындағы адамдар.
Қала ішінде жолаушы таситын автобус салонындағы адамдар.
Андрей мен оның пікірлестері «Көршіңді жеткізіп таста, жанармай үнемде әрі экологияға шапағатыңды тигіз» деген қарапайым идеяны іске асырмақ. Олар көлік жүргізушілерге жол-жөнекей көлік күткен жандарды 50 теңгеге ала кетуді ұсынады.

– Негізгі мақсатымыз – жұрттың назарын аударып, жолақы қымбаттауына байланысты қоғамдық көлікке балама ұсыну. Үкіметке өзіміздің қолымыздан да бірдеңе келетінін көрсеткіміз келеді. Үкіметтен қайыр болмаса, өз қамымызды өзіміз ойлауға тура келеді, - дейді Андрей Семнадцатый.

Оның айтуынша, әлеуметтік желі арқылы «өз жүргізушісін тапқан» бірнеше адам қазір межелі жеріне осындай амалмен жетіп алады екен. Қазір қоғамдастықта жолаушылар қай жаққа барғысы келетінін, ал «жолы бір» жолаушы алуға әзір жүргізушілер қай көшемен жүретініні туралы хабар қалдыратын топтар құрылған.

Бірақ 50 теңгеге «такси жалдау» - Қарағанды облысында бұрыннан бар тәжірибе. Облыс орталығынан бір сағаттық жердегі Шахтинск қаласының таксистері әр адамнан 50 теңге алып, жолаушы тасымалдайды. Мысалы, төрт адам қосылып, 200 теңге төлесе, баратын жеріне жетіп алады. Егер жолаушы жалғыз болса, көлік толғанша күтеді немесе жол-жөнекей кісі алады.

Андрей Семнадцатыйдың айтуынша, әлеуметтік желіде құрылған қоғамдастық келешекте смартфонға арналған қосымша құрастырып, жолаушыларды 50 теңгеге жеткізіп салуға әзір көліктерді жұрт тану үшін айыру таңбасы бар жапсырмалар жасауды жопарлап отыр.

УӘДЕ

Ал қарағандылық шенеуніктер өткен аптаның аяғында баспасөз жиынын өткізіп, қала автобустары мен «маршруткаларда» студенттер мен зейнеткерлер және мүгедек жандар үшін жолақы жеңілдігі сақталатынын мәлімдеді.

Шенеуніктердің айтуынша, ол азаматтар әлеуметтік жол жүру билетін сатып алып, қоғамдық көлікте мүлде тегін жүруіне болады. Бірақ Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Бегімов «студенттер мұндай билеттер сатып алуға құлықсыз» деп қынжылады.

Аялдамада автобус күтіп тұрған адамдар.
Аялдамада автобус күтіп тұрған адамдар.
Жолаушы тасымалдаушы компаниялар «тарифті шарасыздықтан өсірдік» деп түсіндіріп, тұрғындарға «жолдарға жаңа автобустар шығарып, қызмет сапасын жақсартамыз» деген уәде берді. Бірақ жолаушылардың көбі мұндай уәдеге сенбейді.

«Қоғамдық көлік жолақысын осыдан үш жыл бұрын қымбаттатқанда да осындай уәдені үйіп-төккен, бірақ одан ештеңе өзгерген жоқ» дейді қарағандылықтар.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG