Ақтөбедегі троллейбус паркінің 30 жылдан астам тарихы бар. Ең алғашқы троллейбус желіге 1982 жылғы тамыз айында қосылған. Қаладағы негізгі қоғамдық транспортқа айналған 1980 жылдардың соңына қарай троллейбустардың саны 150-ге дейін жеткен. Бірақ 1990 жылдардың басынан бері қатары сирей бастаған «мүйізді көлік» биылғы көктемнен соң мүлдем көрінбей қалды.
Алғашқы троллейбусты көзімен көріп қана қоймай, кинолентаға түсірген ақтөбелік оператор Александр Семиков сол жылдары облыстық теледидарда қызмет еткен.
– Троллейбустардың кісі таси бастағаны кезінде Ақтөбенің халқы үшін үлкен жаңалық болды. Салтанатты шараға тіпті Дінмұхаммед Қонаевтың (сол кездегі ҚазССР-інің бірінші хатшысы – ред.) өзі келіп қатысқаны есімде. Осыдан бір-екі апта бұрын желілерді қиып алып тастап жатқанын көргенмін. Жүрегім ауырып кетті, – дейді Александр Семиков Азаттыққа.
Ақтөбеде туып-өскен тағы бір тұрғын Артур Геттингтің балалық шағын сағынғанда троллейбусқа отырып, қаланы аралайтын әдеті бар екен. Қаладағы шағын дәріхананың қожайыны Артур экологиялық таза транспортты қалай да сақтап қалуымыз керек еді деп өкінеді.
– Троллейбустардың орнын автобус емес, заманауи электротранспорт басса, қандай тамаша болар еді? Бірақ, өз басым жолаушы тасымалына бағасы қымбат электромобильдерді салып қояды дегенге күмәнмен қараймын. Ақшаны үнемдеу үшін қолда бар нәрсені жойып жіберіп отырмыз ғой. Біздің елімізде экология емес, экономика маңыздырақ, – дейді Артур Геттинг.
Қаладағы троллейбус паркінің басшылығына «табысынан шығыны асып кеткен қоғамдық көлікті» автобуспен ауыстыру тиімдірек көрінеді. Оның басты себебі – электр қуатының қымбаттығы.
Ақтөбедегі «Троллейбус паркі» компаниясының директоры Әбдіжәли Тәжімұратов Азаттыққа:
– Троллейбустардың жолаушы тасымалдауы үшін электр қуаты ауадай қажет. Сондықтан энергетиктерге ай сайын 2 миллион теңгеден төлеп келдік. Бұл – аз ақша емес. Оның үстіне троллейбустардың жолаушы тасымалынан түсіретін ай сайынғы табысы 500 мың теңге ғана. Қысқасы, бұл – мекеме үшін өте тиімсіз транспорт, – дейді.
Қазір паркте жолаушы тасымалына жарамды 5 троллейбус қана қалған. Мекеме соңғы 5 жылда троллейбустарды желіден біртіндеп шығара бастады. Қазір «Троллейбус паркі» деген аты ғана қалған мекемеде 95 автобус бар. Олар 21 бағыт бойынша Ақтөбе мен қала маңындағы елді-мекендерге жолаушы тасымалдап жүр. Мекеме басшысы Әбдіжәли Тәжімұратов Азаттыққа жуырда тағы да 20 жаңа автобус сатып алу туралы жоспар бар екенін айтты.