Accessibility links

Серік Ахметов 10 жылға сотталды


Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов (ортада) үкімді естіп тұр. Қарағанды, 11 желтоқсан 2015 жыл.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов (ортада) үкімді естіп тұр. Қарағанды, 11 желтоқсан 2015 жыл.

Қарағанды облыстық соты Қазақстанның экс-премьер-министрі Серік Ахметовтің мүлкін тәркілеп, өзінің 5 жыл бойы мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салды.

Қарағанды облыстық соты cудьясы Исламхан Есенбаев Серік Ахметовті 10 жылға соттауға үкім еткен соң оны күзетпен алып кетуді бұйырды.​

Төрт айға жуық мерзімге созылған сотта айыпталушыларға соңғы сөз берілген кезде Серік Ахметов президент Назарбаевтан кешірім сұраған. ​

- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан сенімін ақтамағаным үшін шынайы кешірім өтінемін. Маған бола Қарағанды облысында осындай ахуал туғанына, оны ойлап мемлекет басшысының қайғыратынына байланысты моральдық жауапкершілігім бар екенін түсінем. Егер сот пен мемлекет басшысы қатарға қосылуыма мұрсат берсе, барлық білімім мен тәжірибемді ел игілігі үшін қолданып, ақтығымды дәлелдеуге дайынмын. Кез келген жағдайда мемлекетке, халыққа және ұлт көшбасшысына (президент Назарбаевқа - ред.) адал болып қаламын, - деген еді ол соңғы сөзінде.

Ахметов соңғы сөзінде мемлекеттік айыптаушыға аса ірі көлемде пара алды деген бапты дәлел табылмағаны үшін айыптау қорытындысынан алып тастағаны үшін алғыс білдірген. Ол "объективті және әділ үкім шығады деп үміттенетінін" де айтқан.​

Бұрынғы премьер-министр "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" және "өкілетін асыра қолданды" деп айыпталған. Бірақ адвокаттары Серік Ахметовтің қылмыс жасамағанын айтып, сәрсенбі күні өткен жарыссөзде судьядан оны ақтауды өтінген.

ӨЗГЕ АЗАМАТТАРДЫҢ ҮКІМІ

Бүгін Серік Ахметов ісі бойынша сотқа тартылған өзге адамдарға да үкім шықты.

Қарағанды облысының бұрынғы әкімі, «тергеушілер жалған түсінік беруге көндіру үшін қысым көрсетті» деп мәлімдеген Бауыржан Әбдешев 5 жылға сотталып, мүлкі тәркіленіп, өзі 5 жыл бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайтын болды.

Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов, Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Ғабит Мұхамбетов, жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Ернар Дәрібеков - әрқайсысы 3 жылға, «Металлургия және металл өңдеу» компаниясының бұрынғы директоры Анатолий Эссе - 7 жылға, оның бұрынғы орынбасарлары Оразалы Әйменбетов пен Болатбек Ысқақов - 3,5 жылға (оған қоса мүліктері тәркіленеді), Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Айдар Телғарин - 4 жылға (оған қоса мүлкі тәркіленеді), «КазАгро» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Дулат Айтжанов - 3 жылға, «СПК «Сарыарқа» компаниясының бұрынғы менеджері Ерлан Қисықов 3 жылға сотталды.

Алты адам шартты жаза алды: жер қатынастары бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары Марлен Шалтақов (3 жыл), премьер-министр кеңсесі бастығының бұрынғы орынбасары Ғабит Матаев (3 жыл), тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бұрынғы бөлім басшылары Айдос Жәкенов пен Мұхтар Адамбеков, сәулет-құрылыс басқармасының бұрынғы қызметкерлері Бақтыгүл Асқарова мен Қанат Мұсаев шартты жазаға кесілді.

«КазАгроФинанс» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Ғұмар Рахымжанов, «Қазақстан өндірістік корпорациясы» компаниясы бас директорының бұрынғы орынбасары Әлжан Ақмолдаев пен алматылық бизнесмен Думан Нұрбаев айыптарын мойындап, ақталып шықты.

Испаниялық RufepaTecnoagroSL компаниясының Орталық Азия елдеріндегі сауда менеджері Кәмила Піралиева 4 миллион 600 мың теңге айып төлейтін болды.

Сотталушылардың адвокаттары үкімге наразылық білдіріп, апелляциялық шағым беретіндерін айтты.

ВИДЕО: Сотталғандармен қоштасу

Сотталғандармен қоштасу
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

(Елена Вебердің материалы негізінде жазылды).

XS
SM
MD
LG