Accessibility links

Ахметов ісінде «жылыжай» мәселесі сөз болды


Серік Ахметовтің сотында куәгер Александр Забиров сөйлеп тұр. Қарағанды, 4 қараша 2015 жыл
Серік Ахметовтің сотында куәгер Александр Забиров сөйлеп тұр. Қарағанды, 4 қараша 2015 жыл

Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтың ісіне қатысты сот процесі барысында оның өз фирмасы болғаны, сол фирманың жарты миллион теңгеге дейін шашылып, оған аста-төк дастарқан жасап келгені айтылды. «Мұның бәрін естіп отырудың өзі жиіркенішті» деген Ахметов бұл айыптарды жоққа шығарды.

Жемқорлықпен айналысты деп айыпталған бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов пен Қарағанды облысының жоғары лауазымды шенеуніктері мен бизнесмендерінің Қарағандыда өтіп жатқан сот процесінде қарашаның 3-і күні ең соңғы әрі ең қызықты эпизод қарастырылды.

Айыптаушылар жағынан келген куәгерлердің барлығы дерлік Серік Ахметовке қарсы куәлік берді. Сөз арасында олар Ахметовті маңайындағылардың «қожайын», «папа», «босс» деп атағандарын да айтты. Ал Ахметов сот процесі барысында судьядан өзінің кінәсі мен бұл істерге қатысы дәлелденбегендіктен куәгерлердің өзін бұлай атамауын сұрады.

Куәгерлердің айтуынша, кезінде «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі болған «Топарские теплицы» серіктестігі Серік Ахметовтің жеке меншігіндегі фирмаға айналған. Тергеу қорытындысы бойынша Ахметов «Топар» Агрохолдингтік компаниясын» құрған, оның құрамына «Топарские теплицы» фирмасымен қоса Ахметов пен оның жақындарына қатысы бар бірнеше мекеме кірген. Тергеу материалында осы бірнеше фирма арқылы мемлекет қаржысы қолма-қол ақшаға ауыстырылып, ұрланып келгені айтылады.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов сот залына кіріп барады. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов сот залына кіріп барады. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл

Бұл эпизод бойынша «Топарские теплицы» компаниясының қазіргі директоры Александр Забиров негізгі куәгер болды. Өзінің айтуынша, Ахметов онымен жылыжай шаруашылығын аралауға келгенде танысқан. «Қазақмысқа» қараған бұл табысы мол мекемені Ахметов сол кезде өзіне алғысы келді дейді куәгер.

- Мен «Қазақмыс» бұл мекемені сата қоймас деген пікір айттым. Сондықтан тек бірнеше жылыжайды сатып алуды ұсындым. Бірақ кейін Ахметовтың жылыжайға қатысты мәселені шешкенін, тұтас кешеннің сатылатынын естідім. Сөйтіп 2011 жылы «Топарские теплицы» ЖШС тіркелді. Маған «Топарские теплицы»-дың атына несие линиясын ашу тапсырылды. Сосын бұл мекемені «Бизнестің жол картасына» қосуды нұсқады. 2012 жылы [сотталушы] Матаев телефон соққан соң оның айтуымен үлесті Серік Ахметовтың сенімді адамдарының атына жаздым. Кейін ол вице-премьер болған соң жағдай өзгерді, сөйтіп ақыр соңында «Топарские теплицы» ЖШС Ахметовтың иелігіндегі жекеменшік мекемеге айналды. Есептердің барлығын нысанда жүргенде немесе үйінде оның өз қолына тапсырып жүрдім, - деді куәгер Забиров.

Оның айтуынша, «Топарские теплицы» фирмасына 4 миллиард 591 миллион теңге қаражат төленген. 1 миллиард теңге қарызы болған. Несие мәселесін Ахметовтің өзі шешіп жатқан-мыс.

Забировтың сөзінше, оған жаңа жылыжай кешені салынатыны туралы айтылған. 15 миллион еуроның жобасы жасалған, соның 3миллион еуросы «откат», яғни пара болған. Құрылғылардың бағасы осы 3 миллион еуроға қымбат етіп көрсетілген, бұл да Ахметовтың өтініші бойынша жасалды дейді куәгер Забиров. Оның бұл айтқан сөздерінің көбін «Топар» агрохолдингінің бұрынғы директоры да растады.

- Жылыжай кешенінің жалпы табысы 700 миллион теңгедей болатын. Мұның сыртында өкілдік шығыстар дейтін тағы бар. Серік Нығметұлы келетін кезде мен дастарқан жайып, оны қарсы алуым керек болатын. Отырыстарға жарты миллион теңгеге дейін жұмсалатын. Екі бөтелке шараптың өзі осынша тұратын! Барлығын тиынына дейін санап, жазып алып жүрдім... Үнемі қаржыны қолма-қол ақшаға ауыстырып, Серік Ахметовке есеп беріп отыруға міндетті болдым. Ол кей кездері жұмысқа көңілі толмай, ақшаны «қайтару қажет» дейтін, сонда мен оған ақша беріп жіберіп отыратынмын, - деді Забиров.

Ахметовтің адвокаттары жалған куәлік бергені үшін Забировтың атына жеке өкім шығаруды сұрап сотқа ұсыныс түсірді. Сот бұл ұсынысты негізделмеген деп мақұлдамай тастады.

​Оның айтуынша, Ахметов «Топар» Агрохолдингтік компаниясы» маған тиесілі» деп жеке өзіне ешқашан айтпаған. Бірақ ол мекемеге келген кезде өзін «қожайын» сияқты ұстайтын дейді Забиров. Ол бірнеше мәрте Ахметовтің атына «қызметтік хат» жазып, мекеменің жұмысын, ақша жайын баяндап отырдым дейді.

- Мен сізден ешқашан қызметтік хат алған емеспін. Оның не қажеті бар? Сізбен ешқашан бір үстел басында отырған да емеспін. Мұның бәрін естуден жиіркенемін, - деді Серік Ахметов.

«Топарские теплицы» ЖШС директорының сөзінің растығына күмән келтірген Ахметовтің адвокаттары жалған куәлік бергені үшін Забировтың атына жеке өкім шығаруды сұрап сотқа ұсыныс түсірді. Сот бұл ұсынысты негізделмеген деп мақұлдамай тастады.

Бұрын сотталған, уақытша жұмыс істемейтін тағы бір куәгер Сафонов «жұмыс іздеп жүргенімде Галина Кардович есімді әйел менің атымнан «КазИнтерактив 21 век» ЖШС ашу туралы ұсыныс айтты» деді. Айыптаушылардың айтуынша, дәл осы фирма мен басқа да мекемелер арқылы қолма-қол ақша алынып келген. Айыптау қорытындысына сенсек, Сафонов 200 доллар ақыға банктегі шоттан ақшаны алып, Галина Кардовичке тапсырып отырған. Құжаттарға қол қою сияқты барлық қағаз жұмыстарымен сол әйелдің өзі айналысқан дейді айыптаушылар.

- Аптасына бір-екі рет банктерге барып, 2 миллионнан 7 миллионға дейін, тіпті кей кездері 9 миллион теңгеге дейін қолма-қол ақша алып отырдым. Қолма-қол ақшаны бірнеше банктен алып жүрдім, - деді Сафонов сотта берген түсініктемесінде.

Кейбір куәгерлердің айтуынша, тергеу, тексеру амалдары басталған кезде Серік Ахметовтың өтініші бойынша «Топар» агрохолдингінің барлық акционерлері Вишневка ауылындағы жеке үйде кездесіп, көзбе-көз беттестіру болған жағдайда айтатын жауаптарын пысықтаған. Оларға «аңыз әңгіме» ойлап табу жөнінде тапсырма берілген.

Серік Ахметов жылыжай кешені бар деген сөзді жоққа шығарып, адвокаттарымен бірге куәгерлерден ондай ақпаратты қайдан алғанын және қалай дәлелдей алатындарын сұрады. Ол Вишневкада акционерлермен және құрылтайшылармен жасырын кездесіп, істері жария болып қалса не айту керегін ақылдасты деген сөзді де терістеді.

Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтың ісі бойынша жүріп жатқан дақпырты көп сот процесі аяқталуға жақын. Қамауда отырған сотталушыларға белгілі бір кесімді мерзім ішінде іс материалдарымен танысып, жарыссөзге дайындалуға өздерінің өтініштері бойынша мүмкіндік берілген.

XS
SM
MD
LG