Accessibility links

Қазақ тобы әзірше кеңейе алмайды


«Капитошка» инклюзивтік орталығындағы сабақ. Теміртау, 22 қыркүйек 2016 жыл.
«Капитошка» инклюзивтік орталығындағы сабақ. Теміртау, 22 қыркүйек 2016 жыл.

Теміртауда демеушілердің арқасында ашылған қазақ тілінде сабақ оқытатын мектеп жасына дейінгі балалар тобы жұмысқа кірісті. Бірақ жобаны қаржыландыру төрт айдан кейін тоқтайды, сондықтан инклюзивтік орталық ақша іздеп жатыр.

«Капитошка» инклюзивтік орталығы қызметкерлерінің қазақ тілінде сабақ оқытатын топ ашу туралы арманы биыл көктемде орындалды. Мектепке дейінгі білім беретін бұл топқа көбінесе оралмандардың балалары барады. Балаларды оқытатын бөлме демеушілердің көмегінің ашылып, жабдықталған. Ата-аналар мен «Дари добро» жергілікті қоғамдық қоры ашқан «Капитошка» инклюзивтік орталығы қызметкерлерінің айтуынша, қазір балалардың мінез-құлқында көп өзгеріс байқалып, олар сабақ оқуға әжептәуір бейімделген. Мұнда ерекше қажеттілігі бар балалар даму деңгейі қалыпты балалармен бірге тәрбиеленеді.

АЛҒАШҚЫ ЖЕТІСТІКТЕР

Светлана Қазақпаева екі жарым жастағы баласы Ерасылды инклюзивтік орталықтың қазақ тобы ашылған кезден бері әкеледі екен. Светлана «балам өздігінен әрекет етуге үйрене бастады, дамуында ілгерілеу байқалады, өзім де жұмыс істеуге мүмкіндік алдым» дейді. Ол инклюзивті орталықта бала күтушісі болып жұмыс істейді.

Теміртаудың тағы бір тұрғыны Мәнзура Қатынбаева қазақ тобына бірден екі баласын әкелген. Кіші қызы екі жас үш айлық, үлкені төрт айдан кейін төртке толады. Мәнзура балаларын инклюзивті орталыққа беруді жөн көріп, жуырда мемлекеттік балабақшадағы орыннан бас тартқанын айтады.

– Мұнда келген кезде кіші қызымның тілі шықпай жүрген, ал қазір тақпақ айтатын болды. Үлкен қызым тіпті бейімделіп алды. Мұнда онымен психолог шұғылданады. Бұл жерде маған бәрі – директор да, тәрбиешілер де ұнайды. Балаларға да ұнайды, мұнда келгелі үйдегі еркеліктерін тастап, өздері киініп, өздері шешінетін болды. Көп-көрім үйреніп қалды, – дейді Мәнзура Қатынбаева Азаттыққа.

Шұға Жанәбілова «Капитошка» инклюзивті орталығының қазақ тілінде сабақ оқытатын топта тәрбиеші болып жұмыс істейді. Ол бірнеше жыл бұрын Қазақстанға туыстарымен бірге Өзбекстаннан көшіп келген. Бірақ арнайы орта білімі барына қарамастан, жұмыс таба алмаған.

Тәрбиеші Шұға Жанәбілова. Теміртау, 22 қыркүйек 2016 жыл.
Тәрбиеші Шұға Жанәбілова. Теміртау, 22 қыркүйек 2016 жыл.

– Балалармен жұмыс істегенді жақсы көремін, бірақ мемлекеттік мектепке де, балабақшаға да жұмысқа кіре алмадым. Мына инклюзивті орталықта топ ашылып, оған тәрбиеші керек дегенді таныстарымнан естідім. Мұнда келіп едім, мені жұмысқа алды, енді арманым орындалып, балалармен жұмыс істеп жүрмін, – дейді инклюзивті ораталықтың қазақ тобының тәрбиешісі Шұға Жанәбілова.

Ата-аналар мен орталық қызметкерлерінің айтуынша, инклюзивті топ ашылғаннан кейін бірнеше проблема бірден шешілген. Енді бала өзі құралпы балалардың ортасында тәрбиеленеді (музыка мен дене шынықтыру сабағы орыс тобындағы балалармен бірге өтеді); ерекше көмекке зәру бала мектепке дейінгі білім алып, ортаға бейімделеді; ал балаларын орталыққа әкелген әйелдер жұмыс істей алады.

«КЕҢЕЮГЕ ӘЗІРШЕ АҚША ЖОҚ»

Қазір мамандар қазақ тобына келетін 13 баланы оқытады. Инклюзивті орталық қызметкерлерінің айтуынша, олардың ішінде нақты диагноз қойылған бір сырқат бала, тілі мүлде шықпай қалған немесе дамуында ауытқу бар бірнеше бала бар. Бұдан бөлек тағы 23 бала кезекте тұр, олардың көбі – атажұртына оралған отбасылардың балалары. Орталық қызметкерлері балаларды танымдық және ойлау қабілетін, спорттық дағдыларын дамытуға баулып, бос уақытын тиімді өткізуді үйретеді. Балалармен психолог, дефектолог мамандар жұмыс істейді, ал қажет болса ата-аналарға баласын невропатолог пен психиатр мамандарға көрсетіп, кеңес алуды ұсынады.

Орталықта орыс және қазақ тілінде сабақ оқытатын екі инклюзивті топ бар. Төрт айда жобаға 53 бала қатысқан. Оның 20-сы – қазақ, 33-і орыс тобына барады. 47 бала диагностикалық тексеруден өткен, оның 30-ы диагностикадан екі мәрте өткен әрі екінші диагностикадан кейін ілгерілеу бары байқалған. Ал 16 бала алғашқы диагностикадан өткен.

«Капитошка» инклюзивті орталығының басшысы Ирина Тишкина тиісті көмек көрсете алу үшін сәбилерді, әсіресе ерекше көмекке мұқтаж балаларды оқуға екі жастан қалдырмай беру керек дейді.

«Капитошка» орталығының басшысы Ирина Тишкина. Теміртау, 22 қыркүйек 2016 жыл.
«Капитошка» орталығының басшысы Ирина Тишкина. Теміртау, 22 қыркүйек 2016 жыл.

- Баланы әлеуметтік ортаға бейімдеу – үлкен проблема, ол күні бойы үйде қамалып отырмауы тиіс. Егер бала өзі құралпы балалар сияқты бірер айда үйреніп кете алмаса, бұл – баланы невропатолог маманға көрсету керек деген белгі. Бірақ кей ата-ата мұны түсінбейді әрі айтқан кеңеске құлақ аспайды. Ал кей ата-ана мұндай белгі байқалса, баланы невропатологқа көрсетуге келісіп, емдетеді.Қазір бұдан, әсіресе миында зақымы жоқ балалардың арасында жақсы нәтиже шығып жатыр. Ондай баланың тілі шығып, өзге балалармен араласа бастайды. Мұның бәрі біздің ата-ана, дәрігерлермен бірлескен күшіміздің арқасы, – дейді «Капитошка» инклюзивті орталығының басшысы Ирина Тишкина.

Топты жабдықтауға Қазақстандағы Германия елшісінің гранты ғана емес, қарапайым қазақстандықтар да шамасы келгенше көмектескен – кей азаматтар ақша аударып, енді біреуі жазу-сызу құралдарын әкеліп берген.

Қазір инклюзивті орталық екі бағытта – әлеуметтік кәсіпкер ретінде әрі сегіз айлық жобаға ақша бөлген жеке меншік қор гранты бойынша жұмыс істейді. Осы мерзім ішінде инклюзивті орталық қазақ және орыс топтарына келетін 80 балаға қызмет көрсетуі тиіс. Орталық қызметкерлері «бұдан да көбірек бала қабылдау үшін кең бөлме болса» деп армандайды. Қазір олар бөлмелерді жеке кәсіпкерден жалға алуға мәжбүр.

Даму ерекшелігі бар балалардың ата-аналары гранттың арқасында бөлмелерді жалға алу ақысын (бір балаға айына 3 мың теңге) ғана төлейді. Олармен жоба жұмыс істейтін тұтас мерзімге, яғни сегіз айға келісім-шарт бекітілген. Ал дамуы қалыпты балалардың ата-анасымен келісім-шарт үш айға жасалады. Мектепке дейінгі тәрбиемен көбірек баланы қамту үшін кейін олардың орнына кезекте тұрған өзге балаларды қабылдайды. Ал келісім-шартты ұзартқысы келгендер арнайы баға бойынша, яғни орталықта баласы өткізген сағат санына қарай айына 10-15 мың теңге төлейді. Ата-аналар мен қызметкерлер «ата-аналардың шығынын жарым-жартылай болса да жабуға келісетін демеушілер табылса қуанар едік» дейді.

Жобаны қаржыландыру қаңтардың 30-ында тоқтайды, сондықтан өзге демеушілер табылмаса, инклюзивтік орталық әлеуметтік кәсіпкер ретінде балалардың бәрін ақылы негізде қабылдауға мәжбүр болады.

«Капитошка» инклюзивті орталығының басшысы Ирина Тишкина инклюзивті білім беруді дамытуды мемлекет қолдауы тиіс деп санайды. Ол талай мәрте жергілікті биліктен көмек сұраған, бірақ одан әзірше ештеңе шықпаған.

XS
SM
MD
LG