Accessibility links

«Қонжық ісі» сотқа жетпей жабылуы мүмкін


Қарағанды зоопаркіндегі аю. (Көрнекі сурет)
Қарағанды зоопаркіндегі аю. (Көрнекі сурет)

Алматы жануарларды қорғау ұйымының талабы бойынша «жануарларға қатігездік таныту» фактісі бойынша Қарағанды зоопаркіне қарсы қылмыстық іс қозғалды. Зоопарк басшылығы «бұл іс сотқа жетпей жабылатын шығар» дейді.

Биыл наурыздың 16-сы күні Қарағанды зоопаркінде кішкентай балалар мен ересектердің көзінше ягуарлардың қонжықты талап тастауы әлеуметтің наразылығын тудырған еді. Алматы қаласындағы «KARE – Қамқорлық» жануарларды қорғау ұйымы болған жайтты тексеруді сұраған азаматтардың өтініштері негізінде Қарағанды зоопаркі директоры мен жауапты қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап, полицияға арыз жолдаған.

Зоокеңес ауру болып туған әлжуаз қонжықты жарамсыз деп танып, ягуарларға жемтікке беру туралы шешім қабылдағанын Қарағанды зоопаркі басшылығы да мойындаған. Бірақ әкімшілік зоокеңестің шешімін адамдардың, әсіресе балалардың көзінше орындау қателік болғанын да айтады.

Зоопарк әкімшілігі «бұл оқыс оқиға, ал кінәлілер жазасын алып, жыртқыш аңдар бөлімшесі меңгерушісіне қатаң сөгіс жарияланып, дер кезінде көмекке келмеген жұмысшы жұмыстан шығарылды» деп мәлімдеді.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Бұл факті бойынша Қарағанды қаласындағы Михайловский полиция бөлімшесінде «Жануарларға қатыгездік таныту» бабында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адамға ірі мөлшерде айыппұл салу немесе бір жылға дейін түзету жұмыстарына кесу я еркіндігін бір жылға дейін шектеу жазасы белгіленген.

Полиция «Істің анық-қанығын толық әрі объективті түрде тексеру үшін қазір алдын ала тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыстық істі тексеру барысы бақылауға алынды» деп хабарлаған.

ЖАНУАРЛАРДЫ ҚОРҒАУШЫЛАР ПОЗИЦИЯСЫ

Алматы қаласы жануарларды қорғау ұйымының қызметкерлері Азаттық тілшісіне Қарағанды полициясынан жауапты екі ай күткендерін айтады. Жануарларды қорғаушылар «бұл оқиға жайлы ақпарат құралдарында жаппай хабар тарағаннан
Қарағанды зоопаркіндегі аю. Тамыз, 2013 жыл.
Қарағанды зоопаркіндегі аю. Тамыз, 2013 жыл.
кейін ғана іс қозғалды» деп есептейді.

Жануарларды қорғау ұйымы дер кезінде көмекке келмеген зоопарк қызметкері ғана емес, зоопарк басшылығы да жауапқа тартылуы тиіс деп санайды. «KARE – Қамқорлық» ұйымы «бұл бүкіл жүйенің жауапсыздығын көрсететін оқиға» деп сипаттайды.

– Мына жағдай Қазақстанда азаматтардың жануарларға қатысты құқық, міндеттері құр жазылған заң емес, жануарларды шын мәнінде қорғайтын әрі оның барлық деңгейде орындалуын қадағалайтын заң қажет екенін тағы бір рет көрсетті, - дейді ұйым қызметкерлері Азаттық тілшісіне.

ЗООПАРК ПОЗИЦИЯСЫ

Ал зоопарк әкімшілігі «бұл – оқыс жағдай» деуден танбай отыр.

– Мұны әдейі істеген жоқпыз ғой. Оқыс жағдай болып қалды. Тексеріп, суретке түсіріп, тергеп бір айдай тыныштық бермеді. Полиция келіп қызметкерлердің бәрінен жауап алды, - дейді Қарағанды зоопаркі директоры Абылай Шуланбаев Азаттық тілшісіне.

Зоопарк әкімшілігі іс сотқа жетпей жабылуы мүмкін деген болжам айтады.

– Тергеу амалдары ешқандай қатыгездік фактісі болмағанын анықтады. Көп жылдық тәжірибесі бар заңгер ретінде айтайын, бұл іс сотқа жетпей жабылатын шығар, - дейді зоопарк директорының құқық мәселелері жөніндегі орынбасары Нағыман Бидайбаев.

Жануарларды қорғау жөніндегі қоғамдық ұйым қызметкерлері кінәлілер жазаланады деп үміттенеді.
XS
SM
MD
LG