Accessibility links

Интернеттен қолдау тапқан екі студент оқуға оралды


Harlem Shake биіне бола оқудан шыға жаздаған студенттер Эльдар Ахметов (сол жақта) пен Қайрат Маштыбаев.
Harlem Shake биіне бола оқудан шыға жаздаған студенттер Эльдар Ахметов (сол жақта) пен Қайрат Маштыбаев.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің Harlem Shake биін билегені үшін оқудан шығарылған екі студенті қоғамдағы наразылық шараларынан соң сабақтарына оралды.

Бұл туралы Азаттық тілшісіне Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің оқу жұмыстары бойынша проректоры Виктор Егоров хабарлады.

- Оларды (Эльдар Ахметов пен Қайрат Маштыбаевты - ред.) оқуға алу жөнінде бұйрық бүгін шығуы керек. Басқа ештеңе айта алмаймын, - деді проректор.

Бүгін білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов "екі студентті оқуға алу жөнінде оқу орны басшылығына тапсырма беретіні" туралы журналистерге хабарлаған болатын.

HARLEM SHAKE-ТІ ЖАҚТАУШЫЛАР МЕН ҚАРСЫЛАРДЫҢ КҮРЕСІ

Наурыз айының басында интернетте Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттері Harlem Shake биін билеген сәтін бейнелейтін ролик жарияланды.

Іле-шала осы роликке байланысты университет студенттері Эльдар Ахметов пен Қайрат Маштыбаев оқудан қуылған. Оқу орны «оларды лас аяқ киіммен патриоттық мазмұндағы баннер жанында билегені үшін оқудан шығардық» деп түсіндірді.
Harlem Shake биін билеп жатқан қарағандылық студенттер. Скрин-шот
Harlem Shake биін билеп жатқан қарағандылық студенттер. Скрин-шот

Университет проректоры Виктор Егоровтың сол кездегі сөзінше, студенттер «оқу дисциплинасы мен ішкі тәртіп ережелерін бұзғандары үшін» жазаланған. Проректор жергілікті ақпарат құралдарына берген сұқбатында "құрамына 10 профессор кіретін дисциплинарлық кеңес студенттерді оқудан шығару туралы шешім шығарғанын" айтқан.

Бұл оқиға интернетте қызу талқыланып, интернет-қолданушылардың пікірі екіге жарылды.

Бірі - "болымсыз әрекеттері үшін" оқудан шығарған университеттің жазасын тым қатал деп бағаласа, енді бірі "білім ордасында билеген студенттердің қылықтары әдепсіздік" деп оқу орнын жақтап жатты. Бұл жайтқа байланысты әртүрлі орындарда қоғамдық наразылық шаралары да өтті.

ВИДЕО: Қарағандылық студенттерді қолдау шарасы



СТУДЕНТТІҢ «ӨКІНІШІ»

Қарағанды студенттерді арашалау шаралардың бірін ұйымдастырған экс-депутат Бақыт Сыздықова министр Жұмағұловтың бұл мәселеге араласуын "жақсы көрсеткіш" деп атады.

- Біз министрге ашық хат жаздық. Онлайн-петиция ашып, қол жинадық. Ол жерде қанша қол жиналғаны есімде жоқ екен. Бірақ министр соның бәрін қарап, қоғам реакциясын көрді, - деді Бақыт Сыздықова Азаттық тілшісіне.

"Ерсі биі" үшін оқудан шыға жаздаған студенттер сәрсенбіден бастап оқуға оралмақ.

- Бүгін деканаттан хабарласты. "Ертеңнен бастап оқуға келе берсеңдер болады" деді. Негізі әрекеттеріміз ақымақтық болды. Министрге, оқу орнына алғысымды білдіргім келеді, - деді студент Эльдар Ахметов.

Қарағандылық екі студент билері үшін дүйсенбі күні оқу орнынан кешірім сұраған еді.

Harlem Shake ("Гарлем Шейк") 1980 жылдары Нью Йорктің Гарлем ауданынан шыққан. Бұл би биылғы ақпан айында австралиялық жасөспірімдер 31 секундтық бидің бейнеролигі ретінде жаңа формада интернетке жариялаған соң кең тарап кетті.

Египет пен Тунис сияқты елдерде жастар Harlem Shake биін саяси қарсылық көрсетудің жаңа тәсілі ретінде қолданып жүр.

Ақпанда 400-ге жуық белсенді Каирдегі "Мұсылман бауырлар" ұйымының кеңсесі алдында осы биді билеп, төртеуі қамауға алынған еді. Олардың әрекеті "қоғамға жат анайы қылық" деп танылған.

Тунистегі консервативтік Салафи ағымы да сол елдің мектептерінің бірінде жастардың осы биді билегеніне наразы болған. Бұл акция елді билеп отырған Жаңғыру партиясына қарсы зайырлы оппозиция ұйымдастырған шара реніде сипатталған.

Ал қарағандылық екі студент билері үшін дүйсенбі күні оқу орнынан кешірім сұраған еді. Олар бұл әрекеттерінің саяси акция емес екенін мәлімдеген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG