Accessibility links

Қазақстан «Қарашығанақтың» 10 пайызына ие болды


Қарашығанақ-Орал газ құбырының құрылысы. 10 наурыз 2009 жыл.
Қарашығанақ-Орал газ құбырының құрылысы. 10 наурыз 2009 жыл.

Қазақстан үкіметі Қарашығанақ мұнай-газ кен орнын өңдеу жөніндегі жобаның 10 пайыздық үлесін өзі қадағалайтын болды. Билік пен жоба инвесторлары бұл келісімді екі жыл бойы талқылаған еді.


Астанада 14 желтоқсанда қол қойылған келісім бойынша, Қарашағанақ консорциумының қатысушылары (ҚКҚ) Қазақстанға Қарашығанақ жобасына қатысу үлесінің бес пайызын табыстайды және бес пайызды бір миллиард долларға сатады.

Қазақстанға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы түріндегі бес пайыздық үлес үкімет пен жобаға қатысушылар арасындағы алауыздықтарды жөнге салу есебінен табысталады деп хабарланды. Консорциумға байланысты экологиялық нормаларды бұзды және салық төлемеді деген шағым айтылған.

Келісім 2012 жылдың бірінші жартысында біржола аяқталуға тиісті. Бірақ ресми тұлғалар „қиын мәселелерді жөнге салу туралы келісім” деп атап отырған құжатқа қол қою шарасы консорциумдағы салық тексерулерінің
Қарашығанақ газ кен орыны. 25 қыркүйек 2007 жыл.
Қарашығанақ газ кен орыны. 25 қыркүйек 2007 жыл.
бітуімен тұспа-тұс келді. «Интерфакс-Казахстан» агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, „салықтық шағымдардың сомасы – бірнеше жүз миллион доллар» .

Қазақстан мұнай және газ министрлігінің баспасөз хабарламасында мәлімденгендей, Қазақстан мен Қарашығанақ консорциумы салық салу, кеден төлемдері, шығындарды өтеу мәселелері турасында сөз байласа алды.

Қазақстан «жылына 0,5 миллион тонна көлеміндегі тиісті қосымша квотаны Каспий құбыр консорциумынан бөліп беруге келісті; бұдан былай жылына 2 миллион тоннаға дейін арттырмақ ниеті бар» деп жазылған бұл мәлімдемеде.

ДАУ

Қазақстан үкіметі жобадан үлес алмақ ниеті туралы алғаш 2009 жылы мәлімдеді. Кейін ҚКҚ-ның үстінен экологиялық нормаларға қатысты шағым жасалып, 2005-2008 жылдарға 1,2 миллиард доллар мөлшерінде қосымша салық салынды.

Қазақстан билігі 2010 жылы консорциумды «мұнайды мөлшерден тыс өндірді» деп айыптады. Қаржы полициясы компания басшыларына қарсы қылмыстық іс қозғады, бірақ кейін ол жабылды. «Қазақстан үлес беруге мәжбүрлеп жатқан жоқ, бар болғаны жобаны жақсартпақ ниеті бар» деп мәлімдеді сол кездері мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев.

Қарашығанақ кен орны 1979 жылы ашылған. Итальяндық «Эни» және британдық «Би Джи Груп» компаниясымен арадағы көп жылдық келіссөздерден соң өнімді бөлісу туралы келісімге қол қойылды. 1997 жылы халықаралық консорциумға «ШевронТексако» мен «Лукойл» енді. 1998 жылы өнімді бөлісу туралы келісім мерзімі 40 жылға ұзартылды.

Даулы келісімге өзек болған – 1,2 миллиард тонна мұнай мен 1,35 триллион текше метр газ қоры. Қарашығанақ –– әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі. Компания сайтындағы мәліметке қарағанда, келісім күшіне енгелі кен орнын игеруге 14 миллиардқа жуық доллар инвестиция салынған.

СУПЕРПРЕФЕРЕНЦИЯ

Өнімді бөлісу туралы келісім мазмұны әу бастан құпия болды, бірақ консорциум төңірегіндегі істі қараған сот біраз мән-жайдың бетін ашты.

Келісім бойынша, Қазақстанға кен орны өнімінің 80 пайызы, ал инвесторларға 20 пайызы тиесілі. Алайда Қазақстан дәл осы 80 пайызды инвесторлардан олар шығындарын өтеп болған соң ғана ала бастайды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарашығанақтағы газ өңдеу кешенінің ашылу салтанатында. 1 тамыз 2003 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарашығанақтағы газ өңдеу кешенінің ашылу салтанатында. 1 тамыз 2003 жыл. (Көрнекі сурет)
Ол қазір тек инвестициялар күйінде 14 миллиард доллар болып жиналып қалған.

Шығындарды (айыппұл, әлеуметтік төлемақылар, аймаққа жәрдем, т.б.) консорциум мүшелері үшін үкімет бюджеттен алып толтыруға тиісті. Республикалық бюджетте өтемақы жайы қарастырылмағандықтан, консорциум мүшелері өнімді алып тастайды деп жазады Financial times газетінің мәскеулік тілшісі Изабель Горст.

Журналист тағы бір жайтқа да баса назар аударады: өтемақыны төлеу оның құрылу уақытындағы емес, келісімге қол қою уақытындағы, яғни 1997 жылы қарашадағы нарықтық бағаларға сай анықталады. Брент маркалы мұнайдың 1 беррелінің орташа бағасы 1997 жылы 19,09 доллар болған. Ал қазір бұл баға 110 доллар шамасында.

Келісім бойынша 2038 жылға дейін Қазақстанда қабылданатын жаңа салықтар мен алымдардың ешқандайы консорциум қатысушыларынан талап етілмейді. Қарашығанақ жобасының қатысушы компанияларының құқықтары мен міндеттері бұрынғыдай жұртшылықтан жасырын. Компания сайтынан ешбір қаржылық есеп не өндірістік қызмет туралы құжат көрмейсіз.

«ӨТІРІКТІҢ ҚҰЙРЫҒЫ...»

Шетел инвесторлары Қазақстандағы кен орындарын игеру жөніндегі жобаларға кірісерде қабылдайтын шарттар қалың жұртшылыққа беймәлім. Осы орайда кен өндіруші саланың көлегей ісі туралы айыптарды жиі естіп жатамыз.

Шенеуніктер мен инвесторлар арасындағы құпияны «Қазақгейт» әшкере қылды. Жеті жылдан астам уақыт бойы АҚШ әділет министрлігі
Джеймс Гиффен.
Джеймс Гиффен.
Қазақстанда жер асты байлықтарын пайдалану құқына байланысты америкалық компаниялардың келісім-шарттарын тексерді.

Ол жемқорлық іс бойынша басты айыпкер қазақ үкіметінің мұнайлы кеңесшісі Джеймс Гиффен еді. «Ол мұнайға қатысты алты келісім-шартқа қол қойған Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктеріне пара берген» дейді айыптаушылар. Сынаушылар «пара алушы негізгі адам – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев болатын» деп айтып бақты.

«Қазақгейт» атауына ие болған сот процестері жеті жылға созылып, басты айыпты Джеймс Гиффенді «ұсақ заң бұзушылық бойынша айыпты» деп танумен тынды. Ол сотта шетел банктеріндегі есеп-шоттар туралы ақпаратты жасырғанын мойындады, пара беру жөніндегі айыпты мойындамады.

Қазақстан билігі Гиффенге қарсы істің Қазақстанға еш қатысы жоғын айтудан танбай келеді.
XS
SM
MD
LG