Мыңдаған мұнайшының қолы бар ашық хатты Астанадағы президент әкімшілігіне тапсыруға Маңғыстау облысынан үш мұнайшы келген екен.
ЖАСЫРЫН ТАПСЫРЫЛҒАН АШЫҚ ХАТ
Алайда олардың хат тапсырғанын ақпарат құралдарының ешқайсысы да көре алмады. Қаланың басқа бір бөлігіне келіп, мұның себебін түсіндірген мұнайшылар осылай жасауды «халықтың өзі құп көргенін» айтады.
– Біз бұл жаққа халық атынан келдік. Халық ақпарат құралдарының көзінше жасағанымызды қаламады. Бұл біздің қолымызда тұрған жоқ, – дейді хатты табыстаған мұнайшылардың бірі Мәлік Меңдіғалиев маусымның 24-і күні ақпарат құралдарына.
Оның айтуынша, мұнайшылардың талабы жазылған хатты президент әкімшілігі қабылдаған. Мәлік Меңдіғалиев барлығынан күдер үзгенін, мәселеге тек президенттің араласқанын қалайтынын айтты. Ол «сайлау кезінде Назарбаев үшін дауыс берген» халықтың шағымына «президент назар аударады» деп үміттенетінін де айтып өтті.
– Біз жұмыстан шығарылған мұнайшыларды қайта жұмысқа алуды талап етіп отырмыз. Осыған дейін компания біздегі жұмысшылардың жалақысы 250-450 мың теңге аралығында деген болатын. Олар осы айтқандарын
енді іс жүзінде орындаса, біз жұмысқа шығамыз, – дейді Мәлік Меңдіғалиев.
Мұнайшылар Мәлік Меңдіғалиев пен Еркін Озғанов сөз арасында Маңғыстаудағы толқулардың саясилануын қаламайтынын айтты. «Бізге жалақы бергенін қалаймыз. Оған саясатты араластырудың қажеті жоқ» дейді олар.
«Қазір мұнайшылардың жағдайы қалай?» деген журналистердің сұрағына:
– Ереуіл әлі жалғасып жатыр. Бұрындары Ақтау қаласындағы автотұрақта тұратын едік. Қазір кеңсе маңына келдік. Бірнеше күн әкімшілікке шықтық, – деп жауап берді мұнайшылар өкілі.
Оның айтуынша, қазір төрт мыңнан астам жұмысшысы бар «Қаражанбасмұнай» компаниясында тек мың адам ғана жұмыс жасап жатыр. Алыста тұратын жұмысшылар ауылдарына тарап кеткен, ал қалғандары қарсылық акциясын жалғастырып жатыр.
СӘТСІЗ «КЕЛІСІМ»
Мұнайшылардың айтуынша, осыған дейін компания басшылығы мен жұмысшылар «келісімге келуге» тырысқан, алайда одан ештеңе өнбепті.
– Біз жақтан бес адам, олар жақтан бес адам шығуы тиіс болатын. Ертеңінде біздегі төрт адамның жұмыстан шығарылғанын алға тартып, олармен сөйлеспейтінін айтты. «Бұл адамдарды ауыстырайық» десек, «сіздермен мүлде сөйлеспейміз, бірінші жұмысқа шығыңдар – сосын келісімді талқылайық» дейді. Бірақ халық бұған келісіп отырған жоқ, – дейді Мәлік Меңдіғалиев.
Маңғыстауда мамыр айынан бері жалғасып келе жатқан жұмысшылар ереуіліне байланысты «жұмысшылардың талабы – заңсыз» деген билік
«Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин. Астана, 19 ақпан 2010 жыл.
өкілдерінің ізінше, маусымның 16-сы күні «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының жетекшісі Қайыргелді Қабылдин де өз пікірін айтты.
– Қаражанбас мен Өзендегі толқуларға келетін болсақ, жалақыны көтеру туралы талаптарының заңнамалық негізі жоқ. Еңбекақыны бағалау шарты кәсіподақ пен кәсіпорын әкімшілігі қол қойған еңбек келісім-шартында бекітілген. Бұл шарттардың бұзылғандығы жөнінде ештеңе табылған жоқ, – дейді Қайыргелді Қабылдин.
ЕРСАЙ ЕРЕУІЛШІЛЕРІ ТАРАЙ БАСТАДЫ
Қазір Маңғыстау облысының үш өңірінде (Қаражанбас, Жаңаөзен, Ерсай) жұмысшылар ереуілі жалғасып жатыр. Ерсай компаниясы жұмысшыларының айтуынша, мұнда ереуілге шыққан жұмысшылар саны бірте-бірте азайып барады.
Компания жұмысшысы Арман Бексариевтің айтуынша, компания басшылығы әлі күнге дейін жұмысшылардың талабына құлақ аспай отыр. Мамыр айынан бері ереуілдеп, әбден күйзелген жұмысшылардың көбісі ауылдарына тарай бастаған.
Оның айтуынша, қазір екі жүзге жуық жұмысшы ереуілді жалғастырып жатыр. Ал ауыл мен Ақтау арасындағы жолды бөгеген ата-аналарды
полиция ұстап әкеткен.
– Кеше полиция ауыл мен Ақтау арасындағы жолды бөгеп тұрған ата-аналарға мас күйінде келіп, төрт әйелдің қолын қайырып ұстап әкеткен. Оларды ұрып-соққан. Жарақат алған әйелдер Ақтау қаласында сараптама орындарына барып, арыз түсірген. Алайда қабыл алмады, – дейді Арман Бексариев.
Бұл жайтқа байланысты Қарақия аудандық ішкі істер басқармасына хабарласқанымызбен, жауап ала алмадық.