Accessibility links

Пастор Қашқымбаевқа жаңа адвокат тағайындалды


Пастор Бақытжан Қашқымбаевты полицей сот залына алып келді. Астана, 22 қаңтар 2014 жыл.
Пастор Бақытжан Қашқымбаевты полицей сот залына алып келді. Астана, 22 қаңтар 2014 жыл.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев ісіне қатысты процесс сотталушы мен оның адвокатынсыз өтіп жатыр. Оның мүддесін сот тағайындаған жаңа адвокат қорғайды.

«Благодать» пресвитериан шіркеуінің 67 жастағы пасторы Бақытжан Қашқымбаев ісіне қатысты сот куәгерлерден жауап алуға кірісті. Пасторға «бұрын шіркеуге келген әйелдердің бірінің психикасына гипноз арқылы залал келтірді және құлшылық ету кезінде галлюциногендік сусындар қолданды» деген айыптар тағылған.

СОТТАЛУШЫ МЕН АДВОКАТЫ ҚАТЫСПАҒАН СОТ

Астана қаласы Алматы аудандық 2-сотының судьясы Гүлжаһан Ұбашева төрағалық ететін сот процесі сотталушы мен оның адвокатынсыз өтіп жатыр.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев өз ісін басқа судьяға беруді сұрайды. Ол адвокаты Нұрлан Бейсекеевке алғашқы сотқа қатысуына тыйым салғанымен, оның заңдық көмегінен бас тартқан жоқ.

Судьяны ауыстыру жөніндегі өтініші орындалмағандықтан, қаңтардың 22-сі күні өткен алғашқы сот отырысында Бақытжан Қашқымбаев процеске қатысудан бас тартатынын және адвокатына да тыйым салатынын мәлімдеген.

"Благодать" шіркеуіне келушілер пастор Бақытжан Қашқымбаевқа қатысты сот процесінде отыр. Астана, 22 қаңтар 2014 жыл.
"Благодать" шіркеуіне келушілер пастор Бақытжан Қашқымбаевқа қатысты сот процесінде отыр. Астана, 22 қаңтар 2014 жыл.
Қорғаушы тарап «егер судья бұрын бұл қылмыстық іс бойынша процессуалдық шешім шығаруға қатысса, істі қарауға қатыса алмайды» деп есептейді. 2012 жылы желтоқсанның 20-сы күні өткен алдын ала сот тергеуі кезінде судья Ұбашева бұл іс бойынша жәбірленуші деп танылған Ләззат Әлменованы төртінші рет психиатриялық сараптамадан өткізу үшін психиатриялық ауруханаға еркінен тыс жатқызу туралы қаулы шығарған.

Осындай сараптаманың бірі жәбірленушіні «өздігінен әрекет етуге қабілетсіз» деп таныған. Кейін тергеу органы Әлменованың өкілі ретінде әпкесін бекіткен соң жәбірленуші сотта сөйлеу құқығынан айырылған.

Бірақ процесс сот тағайындаған жаңа адвокаттың қатысуымен ақпанның 4-інде қайта басталды. Нұрлан Бейсекеев адвокатты тағайындау кезінде «сотталушының пікірі ескерілуі тиіс» деген заң талабы бұзылғанын айтады.

Қылмыстық-процессуалдық кодексте «қорғаушыны іске қатысуға шақыру құқығы сотталушыға ғана беріледі», ал «белгілі бір тұлғаны қорғаушы ретінде ұсынуға, шақыруға соттың құқығы жоқ» деп жазылған.

Сот адвокаттың алдыңғы өтініштерін де қараусыз қалдырған. Адвокат өтініштерінің бірінде денсаулығында бірнеше кінәраты бар пасторды қамауда ұстау шарасын өзгертуді сұраған. Адвокаттың айтуынша, пастор шұғыл операцияға мұқтаж, ал тергеу абақтысында ондай маман жоқ.

ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ДАУЫС ҚҰҚЫҒЫ

Адвокат Нұрлан Бейсекеев судья Гүлжахан Ұбашеваның атына тағы бірнеше өтініш жазған. Оның бірінде жәбірленушіні процеске «қатысушы» деп танып, сотта сөйлеуіне рұқсат беруін сұрайды. Жәбірленушінің өкілі ретінде оның әпкесі танылған. Жәбірленуші Ләззат Әлменованы психиатриялық сараптамалардың бірі «өздігінен әрекет етуге қабілетсіз» деп танығанымен, тиісті сот қаулысы жоқ.

Ләззат Әлменованың әпкесі Гүлдана Әлменова. Астана, 22 қаңтар 2014 жыл.
Ләззат Әлменованың әпкесі Гүлдана Әлменова. Астана, 22 қаңтар 2014 жыл.
- Қылмыстық істе Әлменова Ләззатты «өздігінен әрекет етуге қабілетсіз» деп тану туралы сот актісі жоқ болғандықтан, алдын ала тергеу органы оған қандай да бір өкіл тағайындай алмайды. Жоғарыда келтірілген заң нормаларына сәйкес, жәбірленушіге өкілді қамқоршылық органы келісімімен сот қана тағайындай алады, - дейді адвокат Бейсекеев.

Оның айтуынша, өзінің де, туыстарының да рұқсатынсыз, еркінен тыс сот-психиатриялық сараптама тағайындалған шіркеуге келуші тағы бір әйел де осындай жағдайға тап болған.

Адвокат өз өтініштерінде «Қылмыстық іс материалдарында анасы қылмыстық қудалау органынан қызын қудалауды және оған қатысты қылмыстық-құқықтық сипаттағы қандай да бір тексерулер мен басқа әрекеттер жүргізуді тоқтатуды талап еткен» деп жазады.

ҚЫСЫМ

Сотталушы Бақытжан Қашқымбаев адвокат Нұрлан Бейсекеевтің қауіпсіздігіне алаңдайды. Ол арыздарының бірінде «мені Бейсекеевтің қызметінен бас тартуға үгіттеді» деп жазады.

Ал адвокат баласының ұялы телефонына белгісіз біреу қоңырау соғып, «әулие әкей», «ваххабит», «жихад» сияқты сөздер айтқанын мәлімдеді. Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің Азаттық тілшісіне айтуынша, телефон қоңырауына қатысты прокуратураға шағымданғанымен, арызы қаралмаған.
Мені Бейсекеевтің қызметінен бас тартуға үгіттеді.
Қазақстан билігі құрамына астаналық «Благодать» шіркеуі кіретін «Грейс» миссиясын «алаяқтық әрекеттермен айналысты, экстремистік мәтіндерді таратты, құлшылық ету кезінде галлюциногендік сусындар қолданды» деп айыптайды.
Ал шіркеу мен оның басшылары бұл айыптарды мойындамайды. Пастор Бақытжан Қашқымбаев бұл істі «қолдан жасалған процесс» деп атайды. Ол ісін басқа судьяның қарауына тапсырмайынша, процеске қатыспайтынын мәлімдеді.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG