Accessibility links

Шетте туған қазақ чемпиондар


Дзюдодан Моңғолия жастар құрамасындағы этникалық қазақ Серік Бердімұратов (сол жақ шетте).
Дзюдодан Моңғолия жастар құрамасындағы этникалық қазақ Серік Бердімұратов (сол жақ шетте).

Ондаған этникалық қазақ жасы шет елдерде туып-өсіп, спорт чемпионы атанып, ұлттық құрамасына енген. Олардың біразы халықаралық жарыстарда да жүлде алып үлгерді.

МОҢҒОЛИЯ

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан шыққан этникалық қазақ Серік Бердімұрат он жасынан бері самбо және дзюдомен айналысады. 20 жастағы спортшы биыл қаңтарда өткен ересектер арасындағы Моңғолия чемпионатында күміс жүлде иеленді. Ол финалда Пекин олимпиадасының чемпионы Тувшанбаяр Найданнан ғана ұтылды. Ересектер жарысында күміс, ал жастар арасындағы Моңғолия чемпионатында алтын алған Серік – қазір дзюдодан Моңғолия жастар құрамасының мүшесі. Ол самбодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының екі дүркін (2010, 2011) қола жүлдегері, жасөспірімдер арасында сумо күресінен жастар арасында әлем чемпионы (2012) атанған.

Серік Моңғолия жастар құрамасының сапына дзюдодан Майамиде (АҚШ) өткен әлем чемпионатына қатысып қайтты. Енді ол 2015 жылдың басында өтетін ел чемпионатына дайындалып жатыр.

Нұржәмила Батырбекқызы (сол жақта) Моңғолия чемпионатында жеңіске жеткен сәт (Сурет спортшының Facebook-парақшасынан алынды)
Нұржәмила Батырбекқызы (сол жақта) Моңғолия чемпионатында жеңіске жеткен сәт (Сурет спортшының Facebook-парақшасынан алынды)

Баян-Өлгийдің тағы бір қазағы – 16 жастағы Нұржәмила Батырбекқызы бокстан Моңғолия жасөспірімдер құрамасының мүшесі. Ол 2013 жылы осы елдің жасөспірімдер арасындағы чемпионы атанған. Кейін Болгарияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына да Моңғолия атынан қатысып қайтты.

Бокстан Моңғолия жастар құрамасында Ерған Қуат есімді қазақ боксшы бар. Ол 69 килограмда 2011-2013 жылдары осы елдің жасөспірімдер арасындағы біріншілігін ұтып алған. 2011 жылы Астанада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына Моңғолияның атынан қатысып, ширек финалға дейін жеткен.

Нұрлан Асқарұлы – бокстан ерлер арасында 56 килограмда Моңғолия чемпионатының күміс жүлдегері. Ол биыл мамырда Атырауда өткен Исатай мен Махамбетті еске алуға арналған халықаралық турнирде жеңімпаз болды. Ал қыркүйекте Якутскіде (Ресей) өткен студенттер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде алды. Нұрлан Асқарұлы жартылай финалда қазақстандық Әнуар Мұзафаровтан ұтылған еді.

Баян-Өлгийдің тағы бір қазағы Бердімұрат Абдулханифұлы – паэурлифтингтен Моңғолияның бірнеше дүркін чемпионы. Ол 2013 жылы Прагада өткен әлем чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алды.

ҚЫТАЙ

Инчхонда өткен Азия ойындарында грек-рим күресінен Қытай құрамасы бір қола жүлде алды. Оны Шыңжаң өңірінде туған этникалық қазақ, 65 килограмм салмақта күрескен Ерланбек Кәтейұлы иеленді. Ол ширек финалда Қазақстан балуаны Дәурен Жұмағазиевті жеңіп, жартылай финалда үндістандық спортшыдан ұтылған. Ал қолаға таласта Солтүстік Корея спортшысын таза ұтты.

Қытай құрамасына енген Ерланбек Кәтейұлы. Астана, 2012 жыл.
Қытай құрамасына енген Ерланбек Кәтейұлы. Астана, 2012 жыл.

Грек-рим күресінен Қытай құрамасының аға бапкері, Ерланбек Кәтейұлының жаттықтырушысы Әлнұр Төргеұлы қазақ басылымдарына берген сұхбатында: «Қазір Қытай қазақтарының ішінде спорттың әр саласында жетістікке жетіп жүрген жастар жеткілікті. Қытайдың әр қаласындағы бокс, күрес, ережесіз жекпе-жек тағы да басқа спорт түрлерінен жасақталған командалардың бәрінен қазақ жастарын кезіктіре аласыз» деген еді.

Әлнұр Төргеұлы өзі 2002-2004 жылдары Қытай құрамасының сапында күрескен. Ол 2004 жылы Қытай атынан Афины олимпиадасына қатысқан еді.

2013 жылы бокстан Қытай құрамасына Серік Төлентай есімді тағы бір этникалық қазақ енді. Оған дейін Қытай құрамасының сапында болған Қанат Ислам 2008 жылы Пекин олимпиадасында қола медаль алған еді. Серік Төлентай 2013 жылы Қытай чемпионы атанып, Алматыда өткен әлем чемпионатына қатысты. Алайда Алматыдағы жарыста ол бірінші айналымда жеңіліп, жарысты аяқтаған еді. Қазір Серік Төлентай Қытай құрамасының сапында жаттығуын жалғастырып жүр.

Жаттығудан бос уақытымда батырлар жырын оқығанды ұнатамын.
Қытайдағы қазақ спортшысы Жұмабек Тұрсынұлы.

28 жастағы Қытайдағы этникалық қазақ Жұмабек Тұрсынұлы – ережесіз жекпе-жектен халықаралық, азиялық турнирлердің жеңімпазы. Ол ережесіз жекпе-жектің UFC версиясы бойынша 30 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Спортшының қытайлар арасында «Азия жолбарысы» деген лақап аты тараған.

Жұмабек Азаттық тілшісіне: «Жекпе-жекке шыққанда қазақтың күйімен шығып, жеңістен соң «Қара жорға» билеймін. Жаттығудан бос уақытымда батырлар жырын оқығанды ұнатамын» деді. Ол биыл наурыз-мамыр айларында қазақстандық ережесіз жекпе-жектен бірнеше дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаровтың мектебінде жаттығып қайтты.

ТҮРКИЯ

Түркиядағы этникалық қазақ Жансел Дениз – таэквондодан осы елдің ұлттық құрамасының мүшесі, 67 килограмнан жоғары салмақта Түркияның бірнеше дүркін чемпионы. Былтыр Мексикада өткен әлем чемпионатының ширек финалына шыққан. Биыл Ресейдің ашық чемпионатында жеңімпаз атанды. Австрия мен Украина ашық чемпионаттарының күміс, Швеция мен Германия ашық чемпионаттарында қола медаль алған.

Қосымша оқыңыз: Шетелдегі қазақ спортшыларының жетістіктері

Құрметті оқырман, егер шетелдік қазақ диаспорасынан шыққан басқа да белгілі спортшылар туралы мәліметіңіз болса, Азаттыққа azattyq@rferl.org электрондық поштасы арқылы жолдаңыз.

XS
SM
MD
LG