Азаттық радиосының аймақтағы тілшісінің хабарлауынша, бүгін кешке қарай «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазғандағы "ADAN DZO Logistic" компаниясының жұмысшылары мен басшылары арасында жиналыс өтіп, сейсенбі күнгі дау қарастырылған.
Компания басшылары жұмысшылардың жалақы мен жаңа бөлшектерге қатысты талабы «қарастырылатын мәселе күйінде қалатынын» айтып, тыныштандыруға тырысқан. Бүгіннен бастап, жұмысшылардың талабын қарастыратын комиссия іске кіріскен. Ал жұмысшылар талаптарының орындалуы үшін басшылыққа бірнеше күн мұрсат берген.
Қаңтардың 10-ы күні компанияның жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартып, жалақыларын өсіріп, автоқойманы жаңа бөлшектермен қамтамасыз етуді талап еткен еді.
«БӘРІ ҚЫМБАТТАП ЖАТЫР»
Атын атаудан бас тартқан жүргізушілердің бірі жұмысшылардың жағдайының нашарлығы туралы шағым айтты.
- Шопырлардың ақшасы аз. Орташа айлықтары 50 мың. Енді 80 мыңға апарса жақсы болар еді. Себебі, зейнетақы көтеріліп жатыр, азық-түліктің бағасы қымбаттап жатыр, - дейді жүргізуші қаңтардың 11-і күні Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, сейсенбі күні бірқатар жүргізушілер бұған қарсылық танытпақшы болып, жаппай жұмысқа шықпауға бекінген. Алайда бастықтар мәселелерінің шешілетінін айтып, уәде бергеннен кейін жұмысқа шығыпты.
- Кеше бәрі жұмысқа шықпаймыз деп ойлаған. Бірақ таңғы төрттен бастап, таң атпай бастықтар келіп, келісіп «жұмысқа шығыңыздар, сосын көреміз», «бүкіл мәселелерді шешеміз» деп айтты, - дейді жүргізуші.
Оның айтуынша, жұмысшыларға компаниядағы бұл келіспеушіліктер туралы сыртқа тіс жармау туралы қатаң ескерту жасалған.
«ЖАҢАӨЗЕН БОЛМАСА, ОНДАЙ ПРЕМИЯНЫ БЕРЕР МЕ ЕДІ?»
Жүргізушінің айтуынша, жаңа жыл алдында компанияның барлық жұмысшыларына сыйақы беріліпті. Жұмысшылар күтпеген «мұндай сыйлықты» бірі - «13-ші жалақы» деп түсіндірсе, бірі «премия» деп айтқан.
Алайда оның айтуынша, бұл премия жұмысшылар арасында үлкен дау тудырады. Себебі, біріншіден, ол бәріне дұрыс бөлінбеген. Екіншіден, кейбір жұмысшыларға «премияның» алдын-ала берілген (аванс) жалақының бір бөлігі екенін айтқан.
- Естіп отырсыз ғой, Жаңөазенде не болып жатқанын. Сондай толқулардан қорқып отыр ғой. Сосын бізге премия беріп жатыр. Жыл сайын берілмейтін. Жаңағыдай жағдай болғаннан кейін берді. Ал былайғы уақытта ондай ақшаны кім береді? Қаншама адам бар, - дейді жүргізуші.
Оның айтуынша, жексенбі күні осы «премияға» байланысты 73-ші шахта жұмысшылары жұмысқа шығудан бас тартқан. Олар басшылық келген кезде бұдан бөлек, еңбек жағдайын жақсарту, жалақыны өсіру сияқты талаптар қойған.
«БАНК ДҰРЫС АУДАРМАҒАН»
Жезқазғандағы өнеркәсіптік ауданы бойынша «Достойный труд» тәуелсіз кәсіподағының төрағасы Қанатбек Мырзабектің айтуынша, жүргізушілердің дауы қазір шешілген.
«Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған ауданы бойынша еңбек қатынастарын реттеу бөлімінің бастығы Таңатар Ерназаровтың айтуынша, «компанияда жағдай қалыпты».
- Көңілі толмайтын адамдар әрқашан шығады ғой. Біреуі 500 теңгені жанындағыдан аз алса, ол адамның көңілі басқаша болып қалады...Өткенде премияны екі бөліп берген ғой. Сол кезде шамалы түсініксіздік болған. Банк екі рет дұрыс аудармаған. Содан барып аударған адам оны түсіндіріп, халық түсініп, қазір ешқандай реніш жоқ, - дейді ол.
Ол жексенбі күні болған шахтерлердың наразылығын жоққа шығарды. Ал жүргізушілер талабы туралы сұраған кезде бұл дауды естімегінін айтты.
- Мүмкін анау жұмыс бабымен, әркім өзі, мысалы, бүгін үстіндегі киімі қызыл болса, ертең жасыл киім керек деп талап қоятындар бар. Күн сайын қымбаттап жатыр, дүкендерде, соған қарай ақшамызды ай сайын көтеріп отыр деген сауал әр жерлерден шығып жатыр ғой. Ол жалпы сұрақтар ғой, - деді Таңатар Ерназаров.
Ол «премияның» сайлауға еш қатысы жоқ екенін де айта кетті.
- 2011-ші жылдың нәтижесі бойынша әр мекемеге жалпы берілген премия. Сайлауға қатысы жоқ. Әр жылда, әр жерде, әр мекеменің жұмыс бабына қарай ғой. Жоспарды орындағанына байланысты, - дейді Таңатар Ерназаров.
Қазақмыстың Жезқазған мен Сәтпаев қалаларындағы кәсіпорындарында жұмыс істейтін мыңға жуық көлік жүргізушісі былтырғы сәуірдің 19-ы күні де жаппай жұмысқа шықпай қалған еді. Ол кезде де наразы жұмысшылардың негізгі талабы - жалақыны өсіру болатын. Сол күні Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен жүргізушілердің бірі "басшылық мәселені 10 күн ішінде шешуге уәде берді" деп хабарлаған еді.