Accessibility links

Дүниедегі мың байдың бесеуі – Қазақстаннан


 Forbes журналының мұқабасы. Көрнекі сурет.
Forbes журналының мұқабасы. Көрнекі сурет.

Forbes (“Форбс”) журналы әлемдегі ең дәулетті 1210 адамның тізімін жариялады. 2011 жылы Қазақстандағы ең бай адамдар қатарын “Қазақмыс” компаниясының президенті Владимир Ким бастап тұр.


Forbes жариялаған мәліметке сәйкес Қазақстан президентінің ортаншы қызы Динара мен күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың табысы былтырғымен салыстырғанда өсе түскен.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ 5 МИЛЛИАРДЕРІ

Қазақстаннан барлығы 5 адам әлемдік миллиардерлер тізімін толықтырып тұр. Ішіндегі ең дәулеттісі - 4,7 миллиард АҚШ долларына тең капиталға ие «Қазақмыс» компаниясының президенті Владимир Ким. Одан кейін 3 миллиард 700 миллион АҚШ долларына пара-пар дүние жинаған “Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы” иелерінің бірі Алиджан Ибрагимов болса, Тимур және Динара Құлыбаевтар әрқайсы теңдей 1,3 миллиард доллардан иеленіп, әлемдік миллиардерлер қатарына еніпті. Ал қазақстандық бес байдың ішінде бесінші тұрған банкир Нұржан Сұбханбердиннің байлығы 1 миллиард долларға тең.
Владимир Ким, "Қазақмыс" корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл

Өткен жылы Forbes журналында 7 қазақстандық миллиардер аталған болатын. Жоғарыда аталған дәулетті жандардың қатарын ол кезде Ибрагимовтың бизнестегі жақын достары Қазақстанмен қоса Израиль азаматы болып табылатын қаржы алпауыты Александр Машкевич және Патох Шодиев толықтырып тұрған еді.


ҚАЗАҚСТАН БИЗНЕСІ ҚАНШАЛЫҚТЫ АШЫҚ?

Әдетте дамыған әлемдегі барша бизнес өкілдері өздерінің кірісі қалай өсіп отырғаны немесе пайданың қайдан түскені жайлы қоғамға жариялап отырады. Ал Қазақстанда қоғамдық бақылау тетіктері басқаша қалыптасқан. Мәселен, Қазақмыс компаниясының президенті Владимир Кимнің өткен бір жыл ішінде тапқан байлығы бір миллиардқа өскені байқалып отыр. Бірақ, дәл осы фактіге шұқшиып, табыс көзі туралы егжей-тегжей ақпарат талап ететін БАҚ некен-саяқ.

Қазақстандағы қоғамдық мәселелерді сараптау орталығының директоры Меруерт Махмутованың айтуынша, әлемдік биржаға шыққан компаниялардан мәлімет сұратып алуға болады. Сондықтан «Қазақмыс» президенті Forbes тізіміне кіріп отыр:
Меруерт Махмутова, экономист. Алматы, 25 қараша 2007 жыл

«Forbes -тың айтуы бойынша, соңғы жылда Қазақмыстың иесі Кимнің табысы 1 миллиард долларға артқан. Ким оларға декларация тапсырмас, бірақ Forbes барлық мәліметтерді мыстың халықаралық рыногындағы бағасына қарап, Қазақмыстың биржада сатылып жатқан бағасына байланысты бағалайды. Сондықтан, биржаға шыққан компаниялардан мәліметтерді іздесең табуға болады. Биржаға шықпаған компаниялардың табысы туралы ешқандай мәлімет ала алмайсың».

Қазақстандық сарапшы Петр Своиктің пікірінше, дүниежүзіндегі аздаған елдерде ғана бизнес, әсіресе мұнай саласындағы бизнес салыстырмалы түрде ашық. Ал Қазақстанда ол ресми түрде жабық дейді ол:

«Біздегі бизнеске келетін болсақ, ол ресми түрде ашық емес, қайталап айтайын, ресми түрде. Біздің заңдарымызда, келісім-шарттарымызда өнімдерге қатысты бөлімі құпия деп жазылған. Әсіресе, мұндай жабық жағдайда Қазақстанның ірі деген мұнай-газ және мен тау-кен саласындағылар жұмыс істейді. Олардың келісім-шартында бұл коммерциялық құпия болып саналады. Осы тұрғыдан алғанда бизнестің ашық болмауы, олардың қандай да бір заң бұзып немесе мәліметті жасырып отырғанынан емес, Қазақстандағы заңдар ондай ақпараттың қоғамға жариялануына жол бермейді», - деп есептейді Петр Своик.

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАЙЛАР БҰДАН ДА КӨП»

Сарапшы Махмутованың пікірінше, Forbes -та жарияланған Қазақстан миллиардерлерінің қатары толық болмауы мүмкін. Себебі Forbs тек биржаға шыққан, ашық мәліметтерді ғана қолданады.

Петр Своик болса, Forbes-та жарияланған қазақстандықтардың миллиардер екеніне күмән келтірмейді. Бірақ, ол бұл тізімге ілінбей қалғандардың әлдеқайда көп екенін айтады.
Карлос Слим, мексикалық магнат. 11 тамыз 2007 жыл

Ресейде мыс пен мұнай бағасының өсуі миллиардерлер қатарын күрт көбейткен. Бүгінде 79 миллиардер Мәскеуден шығып отыр. Одан кейінгі байлар саны көп жер – Нью-Йорк қаласы 58-ші орынды иеленіп, Ресейден кейін тұр.

Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Қытай мен Үндістанда да байлар қатары өскен. Ал мексикалық алпауыт Карлос Слим осымен екінші жыл Forbes-тағы миллиардерлер тізімін бастап, 74 миллиард долларымен әлемдегі ең бай адам деп танылды.

Microsoft («Майкрасофт») компаниясының қожайыны Билл Гейтс екінші орында 56 миллиард долларымен қалып отыр. Ал инвестор Уоррен Баффет бұл жолы да Forbes рейтингісінде 50 миллиард долларымен үшінші орынға орналасты.
XS
SM
MD
LG