Accessibility links

Шетелдегі қазақтар виза алу оңайлағанын айтады


Қыстауға көшіп бара жатқан қазақ отбасы. Шыңжаң, Қытай, 23 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Қыстауға көшіп бара жатқан қазақ отбасы. Шыңжаң, Қытай, 23 қазан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан шетелде тұратын этникалық қазақтарға бір жылда бірнеше мәрте кіріп-шығуға болатын бір реттік виза бере бастады.

Иранда тұратын этникалық қазақ Жапарбай Шаткам екі аптадан кейін Қазақстанға баруға дайындалып жатыр.

– Жақында виза алу үшін Қазақстан елшілігіне барған едім. Қашан енген, қай жақтан жасалынған жеңілдік екенін білмеймін – «бір жылға» деп бір-ақ берді визаны. Енді Қазақстанға бір жыл ішінде бірнеше мәрте кіріп шыға аламын, – дейді Жапарбай Шаткам.

Жапарбайдың сөзінше, бұған дейінгі үш айлық мерзімге ғана алатын визасы Қазақстанға бір барып келуге ғана жарайтын.

«ҚАЗАҚ ЕКЕНІН РАСТАСА – БОЛДЫ»

Қазақстан сыртқы істер министрлігіне қарасты консулдық қызмет көрсету департаментінің қызметкері Алмат Ғұмаровтың сөзінше, «шетелдегі қазақтарды Қазақстанға көптеп тарту мақсатында жасалынып отырған, бір жылдық виза беру жайлы бұл жаңа ереже 2013 жылғы маусымның 1-інен бастап күшіне енген.

Қазақстанның Қытайдағы төлқұжат-визалық қызметі. (Оқырманнан келген сурет)
Қазақстанның Қытайдағы төлқұжат-визалық қызметі. (Оқырманнан келген сурет)
– Бір жылға берілетін визаны алу үшін артық қағаздар толтырудың қажеті жоқ. Өтініш жазып, сол өтінішпен бірге өзінің қазақ екенін растайтын құжаттарын толық өткізсе болды. Тапсырылған құжаттар бойынша толық тексеру өткеннен кейін бір жылға виза беріледі, – деді Алмат Ғұмаров.

Азаттық тілшісі «Егер шетелде тұратын азамат жеке бас куәлігіне ұлты жазылмаған жағдайда не істей алады?» деп сұрап еді:

– Өзі тұратын аумақтан қазақ екендігін куәландыратын анықтамалар алып келсе – жеткілікті, – деген жауап берді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Алмат Ғұмаров виза беруге байланысты жаңа ережеден кейін Қытайдан Қазақстанға келетін қазақтар көбейе түскенін айтты. Бірақ консулдық қызмет көрсету департаментінің қызметкері 1 маусымнан бері Қазақстанға қай елден қанша қазақ келгенін нақты айта алмады.

«ҚАЗАҚ МЕШІТІНЕ МӨР БАСТЫРТЫП АЛАМЫЗ»

Алмат Ғұмаровтың «Қазақстанға виза алғысы келген шетелдік қазақтың қазақ екендігін дәлелдейтін анықтамасы да жарайды» деген сөзі қалай іске асып жатқанын Ирандағы қазақ Жапарбай Шаткамнан сұрадық.

Иранда тұратын қазақ Жаппарбай Шаткам. Алматы, 20 қазан 2009 жыл.
Иранда тұратын қазақ Жаппарбай Шаткам. Алматы, 20 қазан 2009 жыл.
– Иранда құжатқа ұлты туралы нақты жазылмайды. Сондықтан Горганға (Жапарбайдың туған қаласы – ред.) барып, сол жердегі қазақ мешітіндегі отырған жігіттерден өзіміздің қазақ екенімізді дәлелдейтін қағаз жаздырып, мөр бастырып аламыз. Ел ішінен сайланған жігіттер. Кімнің қазақ, кімнің қазақ емес екенін жақсы біледі ғой. Басқа ешқандай өзгешелік жоқ, – деді Жапарбай Шаткам.

Иран қазақтарының Қазақстанға барып қайту үшін жаппай виза алып жатқанын айтқан ол кісі Азаттық тілшісіне:

– Біреулер «заң өзгеріп кете ме» деп қорқып, Қазақстанға бармаса да виза алып қойыпты. Солардың кесірі басқаларға тимесе екен, – деген қаупін де айтты.

Шетелде тұратын қазақтардың Қазақстан визасын алу машақаты туралы Азаттық бұдан бұрын да жазған. Бұдан кейін осы мәселеге Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары да үн қосып, өзге елдердегі қазақтардың виза ала алмауы туралы тақырыпты қамти бастаған.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының сайтындағы дерекке қарағанда, Қазақстаннан тысқары елдерде 5 миллионнан астам қазақ өмір сүреді. Қазақтар көп шоғырланған мемлекеттер – Қытай (2 миллион 260 мың), Өзбекстан (1 миллион 750 мың), Ресей (1 миллион 100 мың), Моңғолия (150 мың), Түркіменстан (150 мың) және Қырғызстан (95 мың).
XS
SM
MD
LG