Данияның Орхус қаласында тұратын этникалық қазақ Қажы Акпар Аюби 1972 жылы Ауғанстанның Герат қаласында дүниеге келген. 1988 жылы Иран арқылы Данияға қоныс аударған Акпар 2010 жылдан бастап жергілікті Vestas компаниясының бас кеңсесінде бизнес сарапшы болып қызмет істейді. Екі баланың әкесі. Жары Назгүл – Қазақстанның тумасы. Қажы Акпар Аюби Азаттыққа Даниядағы қазақ диаспорасы мен жергілікті ерекшеліктер туралы айтып берді.
Азаттық: – Акпар мырза, Данияға қоныс аударуларыңыздың қысқаша тарихы қандай?
Қажы Акпар Аюби: – Арғы аталарым 1928 жылы Қызылорда облысының Қармақшы өңірінен Өзбекстан арқылы Ауғанстанға өткен екен. Өйткені атам молла Базар Бұхарадан білім алған, үлкен діндар кісі болса керек. Апамның (әжемнің – ред.) көзін көрдім. Сонда апам: «500-дей отбасы көшіп келдік. Алғаш келгенде Ауғанстан мен Пәкістанның аралығындағы (Чахонсур ауданы – ред.) бір каналды қаздырды. Күн өте ыстық еді. Оған қоса су жақпады. Соның салдарынан көп адамдар қайтыс болды. Тіпті біреуін көміп келгенде екіншісі қайтыс болып жататын еді. Бірнеше адамды бір көрге салып көмген жағдайлар көп болды» деп еске алатын. Кейін 1980 жылдары совет әскері Ауғанстанға басып кірген кезде Иранға, сондағы қазақтар көп шоғырланған Горган қаласына келіп бас сауғаладық. Өйткені соғыс кезінде солдаттар мал-мүлкімізді талан-таражға салды, тонады. Оған дейін тұрмыс жағдаймыз өте жақсы, ауқатты тұратын едік. Иранда жағдаймыз өте нашар болды. Бірақ үлкен ағам университет бітірген жоғары білімді еді. Сол кісі 1985 жылы халықаралық босқындар қауымдастығы арқылы Данияға қоныс аударуға мүмкіндік алды. Үш жылдан кейін, 1988 жылы басқаларымыз көшіп келдік. Оған дейін мен ешқандай білім ала алмадым. 15 жасыма дейін қара жұмыс істедім.
1988 жылы... көшіп келдік. Оған дейін мен ешқандай білім ала алмадым. 15 жасыма дейін қара жұмыс істедім.
Азаттық: – Жоғары білім алуға қалай қол жеткіздіңіз?
Қажы Акпар Аюби: – Данияға келген соң бір жыл дат тілін үйрендім. Содан кейін 8-сыныптың соңғы кезеңінен бастадым. Бұл жерде мектеп тоғыз жылдық. Сол кезде мен география, химия, биология деген пәндердің не екенін білмейтін едім. Бір жылдың ішінде барлық пәндерді меңгеріп, жыл соңында бәрін «жақсы» деген бағаға тапсырып шықтым. Одан кейін гимназияға тапсырып, үш жыл технология саласы бойынша оқыдым. Бала күнгі арманым электроника саласының маманы болу еді. 1994 жылы гимназияны бітірген соң Арал теңізіне қатысты бір жобамен үш айға Қазақстанға бардым. Сол кезде болашақ жарыммен танысып, екі жыл Қазақстанда қалдым. 1996 жылы Данияға қайта оралып, Орхус (Aarhus – ред.) университетіне түсіп, магистр дәрежесімен бітірдім. Grundfos компаниясының бас кеңсесінде 5 жыл жұмыс істеп, 60 сату компаниясының сатуын бақылап сараптап отырдым. 2010 жылдан бастап Vestas компаниясының бас кеңсесінде бизнес сарапшы болып істеймін. Компанияда жел диірменіне (жел генераторын айтады - ред.) алынатын құрал-жабдықтардың қаржылық сараптамасын жасаймын.
Азаттық: – Дания халқының жұмыс істеу ерекшелігі қандай?
1994 жылы Арал теңізіне қатысты жобамен үш айға Қазақстанға бардым. Сол кезде болашақ жарыммен танысып, екі жыл Қазақстанда қалдым. 1996 жылы Данияға оралып, Орхус (Aarhus – ред.) университетін бітірдім.
Қажы Акпар Аюби: – Данияда қызметкерлер «ақ киімді» және «көк киімді» (ағылшынша white collar және blue collar болып қалыптасқан термин – ред.) болып екіге бөлінеді. Ақ киімділер – университет бітірген жоғарғы білімділер, көк киімділер – қарапайым зауыт жұмысшылары. Ал аптасына 37 сағат, күніне шамамен 7 сағаттық жұмыс уақыты заңмен бекітілген. Бұл, әсіресе, көк киімділер үшін қатаң сақталады. Оларға одан артық істеуге болмайды. Ал мен ақ киімділердің қатарына жатамын. Сол себепті кейде жеті сағат түгілі он сағат жұмыс істейтін күндеріміз болады. Бірақ сағатымызға қарай ақша берілмейді.
Азаттық: – Сіз әлеуметтік желі арқылы Қазақстанның экономикасына, саяси мәселеріне қатысты ой-пікірлеріңізді жариялап тұрасыз. Сырт көз ретінде Қазақстанның экономикасына шолу жасай аласыз ба?
Қажы Акпар Аюби: – Мен Қазақстанды Сауд Арабиясы секілді бай мемлекет емес, Дания секілді экономикалық дамыған ел болса екен деп армандаймын. Өйткені қазіргі жағдайда Қазақстан да, Сауд Арабиясы да тек тұтынушы мемлекет. Ал өндіруші мемлекет болуға Қазақстанның экономикалық тұрғыдан мүмкіншілігі зор. Бірақ билік те, қарапайым адамдар да психологиялық тұрғыдан дайын емес. Егер Данияда 15-20 жылдық жоспарды нақты шынайылыққа құрса, Қазақстанда керісінше. Қазір Қазақстанның бар байлығы пайдасыз жақтарға кетіп жатыр. Себебі әркім өзін, өз жағдайын ғана ойлайды. «Болашақ үшін» дейтін идея қалыптаспай отыр.
Азаттық: – Жалпы Данияда қанша қазақ тұрады? Қазақтардың әлеуметтік жағдайлары қандай?
Қазақстанды Сауд Арабиясы секілді бай мемлекет емес, Дания секілді экономикалық дамыған ел болса деп армандаймын... Бірақ билік те, қарапайым адамдар да оған психологиялық тұрғыдан дайын емес.
Қажы Акпар Аюби: – Бұл жерде (Копенгагенде – ред.) Қазақ мәдени орталығы бар. Солардың есебі бойынша Данияда 170-ке жуық қазақ тұрады. Оның 60-қа жуығы Ауғанстаннан қоныс аударғандар болса, қалғандары Қазақстаннан келіп өмір сүріп жатқандар. Бірақ олардың барлығын бірдей тани бермейміз. Жергілікті даниялықтармен [жан басына шағып] салыстырғанда осында тұратын аз ғана қазақтардың жоғары білім алғандары көбірек болып шығады. Өйткені бұл жерде оқуға түсу оңай болғанымен оны бітіріп шығу қиын. Сол себепті жоғарғы білім алғандардың саны өте аз болады.
Азаттық: – Ал аз ғана қазақтың тіл мәселесі қалай?
Қажы Акпар Аюби: – Біздің өмір сүріп отырған ортамыз өзге болғандықтан ана тілін үйрену өте қиын. Өйткені білім алу да, қызмет те дат тілінде. Қазақ тілін үйренуге уақыт та жоқ. Оған қоса, Данияда бала бір жасқа толған соң балабақшаға береміз. Күндікке олар тек дат тілінде сөйлейді. Ал кешкі сегізде бала ұйықтауға тиіс. Сонда ата-ана мен баланың арасында сөйлесетін уақыт та жоқ. Жылына бір мәрте Еуропа қазақтарының құрылтайын ұйымдастырып, сонда ғана бас қоса аламыз. Одан кейін наурызда, Құрбан айтта бас қосамыз. Қазір [диаспора ішінде] ана тіліміздің нашарлап бара жатқанын жасырмаймыз.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!