Accessibility links

Cот Александр Харламовты босатпады


Құқық қорғаушы және журналист Александр Харламов (оң жақта) сотта тұр. Риддер, 2 тамыз 2013 жыл. (Суретті түсірген - "Либерти" қоғамдық ұйымының жетекшісі Ғалым Ағелеуов).
Құқық қорғаушы және журналист Александр Харламов (оң жақта) сотта тұр. Риддер, 2 тамыз 2013 жыл. (Суретті түсірген - "Либерти" қоғамдық ұйымының жетекшісі Ғалым Ағелеуов).

Риддер қаласының соты құқық қорғаушы және журналист Александр Харламовты қамаудан босату туралы өтінішті орындамады. Тәуелсіз сарапшылар оның жазбаларында діни араздықты қоздыру белгісі жоқ екенін айтады.

Александр Харламовты сот кезінде ешқайда кетпеу туралы қолхат бойынша қамаудан босату туралы өтініш берген адвокаты Мағауия Тәукенов оның жасы 63-те екенін, ауру-сырқауы көп екенін айтады.

Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласы сотының судьясы Қайырбек Елемесов 2 тамыз күні «Харламовқа қылмыстың кодекстің 164-бабы бойынша тағылған айып – ауыр» екенін айтып, өтінішті орындамады. Бұл бап бойынша айыпталған оппозициялық саясаткер Владимир Козлов 2012 жылы жеті жарым жылға сотталған.

Құқық қорғаушы әрі журналист Александр Харламов интернет парағында және жергілікті «Риддерские вести» газетінде жарияланған материалдарында діни араздықты қоздырды деп айыпталған. Жазбаларды тексерген сарапшылар ол материалдарда кейбір діндерге теріс пікір білдіргенін айтады.

2 тамыз күнгі сотта адвокат Мағауия Тәукенов тәуелсіз сарапшылардың – философия профессоры Сергей Колчигин мен филолог Рахила Қарымсақованың қорытындыларын оқыды. Олардың пікірінше, Харламовтың жазбаларында діни араздықты қоздыру сарыны жоқ. Адвокат сотқа Александр Харламовтың дін туралы жазбаларын толық сараптамадан өткізу жайлы өтініш айтты. Судья әзірше адвокаттың ол өтінішіне байланысты жауабын хабарлаған жоқ.

ПСИХИКАЛЫҚ АХУАЛДЫ ТЕКСЕРУ

Александр Харламов негізінен құқық қорғаушы ретінде қызмет атқарған, жергілікті газетте күштік құрылымдардағы жемқорлық туралы мақалалар жазып тұрған. Бұдан бұрын ол өзін қудалаудың себебі «діни ізденістерінде емес,
"Благодать" протестант шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев (сол жақта) және журналист Александр Харламов.
"Благодать" протестант шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев (сол жақта) және журналист Александр Харламов.
жергілікті шенеуніктерді жемқор деп атаған өткір мақалаларымда» деп мәлімдеген. Бұл жайтқа басқа құқық қорғаушылар да назар аудартады.

Тергеу амалдары кезінде Харламовтың ақыл-есінің дұрыстығы да тексерілген. Оны Өскемен абақтысынан Алматыдағы республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығына жеткізген. Бір айлық тексеруден соң «ақыл-есі дұрыс» деген қорытынды жасалып, қайтадан Риддерге жөнелтілген.

Мәжбүрлі түрде психиатриялық тексеруден өту шарасы Астанадағы «Благодать» протестант шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаевты да күтіп тұр.

Тергеу сотқа тартылған адамның ой ағысын түсінбеген кезде психикалық тексеруге жүгінеді дейді «Әділ сөз» құқық қорғау ұйымының заңгері Ганна Красильникова Азаттық тілшісіне.

ҚОЛДАУ

Харламов биылғы наурыз айынан бастап қамауда отыр. Бір топ қазақстандық үкіметтік емес ұйым (оның ішінде Қазақстандағы адам құқықтары бюросы мен «Тiрек» ұйымы бар) мамырдың 31-і күні өздері жасаған саяси тұтқындар тізімін жариялаған еді. Тізімдегі алты адамның бірі - Александр Харламов.

«Әділ сөз» құқық қорғау ұйымы Харламовқа қарсы айыптың астары барын айтады.

Александр Харламовтың үстінен қылмыстық істің қозғалуы халықаралық құқық қорғау ұйымдарының да назарына ілінді. Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін Харламовқа тағылған қылмыстық айыптауды жоққа шығаруға шақырған.

АҚШ-тың діни бостандық жөніндегі халықаралық комиссиясы (USCIRF) Қазақстанда діни ұстанымына байланысты қамауда отырған екі азаматқа қатысты мәлімдеме таратқан. USCIRF Қазақстан билігін қазіргі кезде «діни араздық тудырды» деген айыппен абақтыда отырған 63 жастағы атеист блогер Александр Харламовты және «адамның денсаулығына ауыр зардап келтірген» деген айыппен 2013 жылы мамыр айында Астанада қамауға алынған «Благодать» шіркеуінің пасторы 66 жастағы Бақытжан Қашқымбаевты дереу босатуға шақырған.

«Бұл екі оқиға, осыдан екі жыл бұрын заңға енгізілген қатаң шектеулермен қоса, Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтірді» деді USCIRF төрағасы Роберт П. Джордж. Аталған шектеулерден соң Қазақстанда көптеген азаматтардың діни бостандығы бұзылғанын атап өткен ұйым «Қазақстан енді Орталық Азияда діни сенім еркіндігі жөнінен көшбасшы ел емес» деді.

Александр Харламовқа байланысты келесі сот отырысы 7 тамызда өтуі керек.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG