Алматы гарнизонының әскери сотында запастағы полковник Андрей Коркиннің ҰҚК-нің шекара қызметі академиясына қарсы талап-арызы қаралып жатыр.
Полковник денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан шыққан кезде оны баспанаға мұқтаждар тізімінен шығарып тастаған академия шешімін заңсыз деп тануды әрі оған Алматыдан пәтер беруге міндеттеуді сұраған. Коркиннің бұрынғы командирлері болса, оның талабымен келіспейді және академия шешімін заңды санайды.
Коркин әскери қызметке өмірінің 20 жылын арнаған. Оның айтуынша, ұлттық қауіпсіздік комитетінде атқарған қызметінен кетер алдында тұрғын үй - тұрмыстық комиссия отырысы өтіп, оған пәтер бөлу туралы шешім қабылдаған. Әлгі шешімнен кейін ол жұмыстан шығып кеткен. Бірақ шамамен жарты жылдан кейін әлгі комиссия Коркинді баспанаға мұқтаждар тізімінен алып тастауға ұйғарған.
ИТТІҢ АДАЛДЫҒЫ ТУРАЛЫ
Жасы қырыққа толған Андрей Коркин Алматы қаласында офицері отбасында туған.
- Әкем де мен сияқты әскери адам болған. Көп жыл милицияда қызмет істеп, майор шенінде зейнетке шыққан, - дейді Андрей.
Коркиннің отбасы әйелінің әке-шешесінен қалған екі бөлмелі пәтерде тұрады.
- Жұбайым Эльвира екеуміз жастымыз. Екеуміз мектепте, оқуды бітірерден екі жыл бұрын таныстық. Отасқалы бірге тұрамыз. 1992 және 1996 жылы туған екі қызымыз және бір жарым жасар жиен немереміз бар, - дейді жас полковник.
Андрей бала кезінде футболмен әуестенген. Ол атақты футболшы немесе белгілі жаттықтырушы болғысы келген. Бірақ мемлекеттік емтихан, одан соң шекарашылар училищесіне оқуға түсуге дайындықпен жүріп, футбол жаттығуларына қатысуға мұршасы болмаған. Кейін соның бәрін ұмытуға тура келген. Бірақ сүйікті іспен шұғылдануға құштарлық иттерге деген сүйіспеншілігін оятқан. Бұған шекарашы-кинолог жездесінің де әсері болған.
- Әпке-жездем шотланд овчаркасын (колли) асырап алды. Ол күшік күнінен қолымда өсті. Сөйтіп иттерді жақсы көріп кеттім де, шекарашы- кинолог болғым келді, - дейді Андрей.
Бозбаланың кинолог маман болу арманына жетуге адам мен иттің арасындағы достықты көрсететін «Ко мне, Мухтар!», «Пограничный пес Алый», «Джульбарс» сияқты совет фильмдері де әсер еткен. Әскери жолды таңдауына да осы фильмдер түрткі болған. Бұл фильмдерден Андрей иттің адамға сенімді серік, күзетке берік дос екенін түсінгенін айтады. Оның үстіне, Андрей «жануар атаулының ішінде иттен сүйкімдісі жоқ» деп санайды.
20 ЖЫЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ
Андрей Коркин сотқа дейін жеткен дау барысында бұрынғы кейбір басшыларының әрекеттеріне комментарий бермейді. Шекарашы-кинолог жігіт әскери қызметін табысты атқарған. Әуелі кинолог маманның оқуын оқып, кейін бұл мамандықты өзге шекарашыларға үйрете бастаған. Жұмыстан шығар алдында ҰҚК шекара қызметі академиясының кинология және ат даярлығы кафедрасы бастығының орынбасары қызметін атқарып, полковник шенін алған.
Академия басшылығымен арамызда ұрыс-талас болған жоқ. Бірақ бұрынғы қарқынмен жұмысістеуге денсаулығым жарамадыАндрей Коркин
Бірақ соңғы жылдары денсаулығы сыр бергендіктен, әскери қызметтегі жетістіктеріне қарамастан, Андрей Коркин жұмыстан кету жөнінде рапорт беруге мәжбүр болған. Коркин «академия басшылығымен арамызда ұрыс-талас болған жоқ. Бірақ бұрынғы қарқынмен жұмыс істеуге денсаулығым жарамады» дейді.
- Мен жұмысқа салдыр-салақ қарай алмайтын жанмын. Сондықтан қызметтен кету туралы шешімді қиналсам да қабылдадым, - деп түсіндіреді Андрей Коркин.
Шекарашы- кинолог Коркин запасқа шыққаннан кейін де сүйікті ісін тастамай, кинологиялық компаниялардың бірімен келісіп, жұмыс істейді. Ол қазір де иттерді баулудың қыр-сырын үйрететін теориялық және практикалық сабақтар өткізеді.