Облыстың бір ауданы Алтынсарин есімін алған. Облыс орталығында Ыбырай Алтынсаринның мемориалдық мұражайы бар. Арқалықтағы педагогика институты ұлы ұстаз есімімен аталады. Қаладағы ағартушы негізін қалаған Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат биылғы жылы күрделі жөндеуден өткен.
Қостанай қаласындағы осы қазақ мектебі қаншама түлекті тәрбиелеп шығарды. Олардың ішінде министрлер де, академиктер де, ақын-жазушылар да, басқа мамандық иелері де аз емес. Ілияс Омаров, Серке Қожамқұлов, Бейімбет Майлин, Елубай Өмірзақов, Темірбек Дарханбаев секілді көрнекті қайраткерлердің осы мектепті бітіргенін қостанайлықтар орынды мақтан етеді. Мектеп түлектері туралы бір ғана оқу ордасының өзінен тұтас бір том жазып шығуға болар еді.
“Алайда, осы мектеп жанындағы Ыбырай ескерткіші көпшілік көңілін көншітпейді. Төмен қарап тұрған ағартушының шоқша сақалының ұшы сынып түскен. Ағартушы отырған тұғыр да өте аласа. Қостанайда ұлы ағартушының еңселі ескерткіші бой көтеруі керек”, – дейді зейнеткер Аманкелді Жоламанов.
"МОЛАСЫНДАЙ БАҚСЫНЫҢ..."
Қазақтың ұлы ағартушысының бейіті де жападан жалғыз жетімсіреп тұр. Жапандағы жалғыз мола не жол тосқан қарақшының, не жынын қаққан бақсының моласы болуы мүмкін. Абайдың: “моласындай бақсының жалғыз қалдым, тап шыным” деген жолдары бар. Ыбырай мазары да дәл осы кепке ұшырап тұр.
Белгілі ғалым Әнуар Дербісәлин ”Ыбырай Алтынсарин” деп аталған еңбегінде: “Ыбырайдың арғы аталары қазақ шежіресі бойынша Қыпшақтың Алтыбас деген арысынан тарайды. Балқожаға байланысты сақталған орыс тіліндегі деректерде Ұзын қыпшақ руы дегенатаулар да кездеседі. Бірақ мұның қайсысында да қате жоқ. Ұзын – Алтыбастан арғы буын. Мұның жалпы кестесі мынадай: Қыпшақтан Бұлтың, Ұзын, Торы, Көлдеңен, Қарабалық. Ұзыннан Алтыбас, Алтыс. Алтыбастан Қараман, Қармас. Қараманнан Тіней. Тінейден Жанболды, Құндыз. Құндыздан Көбек. Көбектен Әжіғұл. Әжіғұлдан Жанақ, Шабынтай. Жанақтан Тастемір. Тастемірден Жаңбыршы. Жаңбыршыдан Қанқожа, Балқожа. Балқожадан Алтынсары, Қошан. Алтынсарыдан Ыбырай, Қошаннан Оспан, Омар туады т.б.” (Алматы: “Арда” баспасы, 2005 ж.10 бет),– деп жазады.
Ғалым Балқожа шамамен ХҮІІІ ғасырдың 80-ші жылдарында туған, 1859 жылдың көктемінде, жасы жетпістен асқанда қайтыс болған дейді. Балқожа өлерінде Тобылдың оң жақ бетіндегі қыстауының қасына, сол арадағы шағын төбешікке жерлеуді өсиет етеді.
Ә.Дербісәлиннің жазғанына қарағанда, Ыбырай шілде (1859) айының алғашқы күндеріне дейін атасының бейітін салып бітірген. Автор “Ыбырайды Ақтам аталатын Балқожа әулетінің зиратына қазақтың ескі дәстүрі бойынша құрметтеп жерлейді. Бұл жер кейін Ыбырайдың атымен Инспектор көлі аталады” – (214 бет) деп атап көрсетілген. Ыбырай қайтыс болғаннан кейін ол да осы арада жерленеді.
Тайға таңба басқандай ақиқат осы. Ыбырай бейіті орналасқан жерде Балқожа әулетінің басқа да белгілі кісілері жерленген. Алайда, кешегі тың игеру жылдарында қазақ зираты тоналған, құлпытастары жоғалған, ата-баба бейіті жым-жылас тегістеліп, үстінен соқа жүріп, егін егілген. Өкінішке қарай зиратқа дейін асфальт жол салынып, тіпті қабірдің дәл жанына асфальт жол төселген, сондықтан бұл жерге аутокөліктермен сырттан келушілер көп.Олар жүрген жерлерін былғап кетеді. Ал мазардың сырты қоршалмаған.
“Қазіргі ұрпақтың парызы осы бейіт жанына арнайы белгі тас орнатып, оған Балқожа бидің, оның үрім-бұтақтарының аты-жөндері тасқа қашалып жазылуы керек. Сонда келген кісілер дұға оқып тұрса да үлкен сауап болар еді” - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген мектеп мұғалімі, Алтынсарин медалінің иегері Беген Көпешев.