Accessibility links

Козлов түскен «тәуірлеу түрме» туралы әртүрлі мәлімдеме жасалды


Владимир Козловтың уақытша қамауға алынған сәттерінің бірі. Алматы, 5 мамыр 2010 жыл.
Владимир Козловтың уақытша қамауға алынған сәттерінің бірі. Алматы, 5 мамыр 2010 жыл.
Ақтаудағы тергеу изоляторында қамауда жатқан оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың камерадағы ахуалына қатысты түрме басшылығы мен құқық қорғаушылар екі түрлі ақпарат таратты.

Ақтаудағы тергеу изоляторы бастығының орынбасары Азат Орынбасаров шілденің 18-і күні Азаттық тілшісіне берген сұхбатында қамауда отырған оппозициялық саясаткер Владимир Козловқа қысым көрсетілді деген ақпаратты жоққа шығарды.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Владимир Козлов тергеу изолятордың бірінші қабатындағы қалыпты жағдайдағы камерада отыр. Орынбасаровтың сөзіне қарағанда, саясаткерді ол жаққа шілденің 14-і күні ауыстырған.

– Козлов кәдімгі екі орындық камерада жалғыз өзі отыр. 3-3,5 метрлік, - деді Азат Орынбасаров.

Ол «камерада егеуқұйрық пен жәндіктер бар» деген ақпаратты да жалған деп санайды.

– Біз жақында ғана дезинфекция жүргіздік. Бізде тышқан жоқ. Ай сайын санэпидемстанция мамандары келіп тексеріп кетеді. Бүгін де келіп жатыр. Жәндіктерге қарсы дезинфекция жүргізіп жатырмыз. Егеуқұйрық та, жәндік те жоқ, - деді Азат Орынбасаров.
Алға партиясының жергілікті белсендісі Владимир Козловты қолдау шарасын өткізіп тұр. Көкшетау, 30 қаңтар 2012 жыл
Алға партиясының жергілікті белсендісі Владимир Козловты қолдау шарасын өткізіп тұр. Көкшетау, 30 қаңтар 2012 жыл

Оның айтуынша, Ақтауға келгелі бері Козловты үш рет басқа камераға ауыстырған.

Бұған дейін қамаудан босап шыққан театр режиссері Болат Атабаев Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында Владимир Козловтың өз ақшасына «екі камераны» жасатып алғаны (қол жуғыш, душ т.б қойғызғаны ред.) жөнінде, оның біреуінде - өзі, екіншісінде - Серік Сапарғали отырғанын айтқан еді. Тергеу изоляторы бастығының орынбасары бұл ақпаратты жоққа шығарды.

- Егер ол қоғамнан алшақтатылса, қалай ақша бөле алады? - деді ол.

Түрмеде қысым фактілерін жоққа шығарған Азат Орынбасаров жақында ғана Адам құқығын қорғау бюросының Маңғыстау облыстық бөлімшесінің жетекшісі Александр Муха келіп, түрмедегі жағдайды өз көзімен көріп, тексеріп қайтқанын айтты. Оның сөзінше, Александр Муха Владимир Козловпен де кездесіп, кетерінде тіпті «бұл елдегі салыстырмалы түрде тәуірлеу түрме екенін» айтып мақтаған.

«АДАМ ТӨЗГІСІЗ КАМЕРА»

Шілденің 13-і күні Владимир Козловпен кездескен әйелі Әлия Тұрысбекова Facebook-те күйеуін «адам төзгісіз» өте нашар камераға ауыстырғаны туралы хабарлаған. «Камераның іші өте тар. Онда егеуқұйрықтар мен түрлі жәндіктер де жүреді. Санитарлық жағдай мүлде жоқ» деп жазған еді ол.

Сейсенбі күні түстен кейін осыған орай мәлімдеме таратқан қысымға қарсы үкіметтік емес ұйымдардың коалициясы «1,5-1,5 метрлік тар, антисанитарлық жағдайдағы камераға» айыпталушыны отырғызу қысыммен пара-пар екенін айтып, билікті «мұндай практика қолданудан» бас тартуға шақырған.
Қазақстандағы изоляторлардың біріндегі камера. Көрнекі сурет
Қазақстандағы изоляторлардың біріндегі камера. Көрнекі сурет

«Владимир Козлов өте тар камерада отыр, оның көлемі небәрі 1.5 - 1.5 метр. Онда санитарлық жағдай мүлде жоқ – құбырлар істен шыққан, су жоқ, камера ішіне мүлде жел кірмейді, және бұның бәрі ауа температурасы 40 градустан асқан ыстық кезде болып жатыр... Біз қысыммен пара-пар жағдайда Владимир Козловты қамау арқылы тергеу органдары одан өзге азаматтарға қатысты куәгерлік алу үшін психологиялық қысым көрсетіп отыр деп есептейміз. Сонымен бірге Маңғыстау облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитеті мен департаменті өздерінің қызметтік міндеттерін дұрыс атқармай, ұлттық қауіпсіздік органдарының жетегінде кетті деп санаймыз» деп жазылған мәлімдемеде.

Коалиция бұдан бөлек, «мұндай жағдайдағы камераға азаматтарды отырғызу бүкіл әлемде қысым болып есептелетінін, тек бізде ғана «карантин» деп аталатынын» сынаған. «Азаматтардың денсаулығына қауіп төндіріп, оның адамдық намысын қорлайтын мұндай қарым-қатынас түрі Қазақстан заңнамасы тұрғысынан алғанда да, халықаралық стандарт тұрғысынан алғанда да заңсыз» деп жазады.
Коалиция айыпталушы ретінде Владимир Козловқа қажетті жағдай жасап, ұлттық қауіпсіздік комитеті қозғаған істегі айыпталушыларға қысым жасамауға шақырды.

ҚАРАМА-ҚАЙШЫ АҚПАРАТ

Адам құқығын қорғау бюросы сейсенбі күні кешке жақын Владимир Козловты «егеуқұйрық пен жәндіктері бар» антисанитарлық нашар камерадан тәуірлеу камераға ауыстырғанын хабарлады.

Бюро өкілі Андрей Свиридовтың айтуынша, бұл ақпаратты бюро кеңесінің төрағасы Евгений Жовтис хабарлаған.

– Бірақ әзірге, Козловты бұрыннан бері өзі отырып келген камераға ауыстырғаны, әлде басқасына ауыстырғаны белгісіз. Мұны Евгений Александровичтің (Жовтистің – ред.) өзі де білмейді. Мен де одан осыны сұрағам. Бірақ қалай болғанда да тәуірлеу камераға ауыстырған, - деді Андрей Свиридов Азаттық тілшісіне.

Бұл ақпаратты Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова да растады. Оның айтуынша, кеше Козловпен кездескен адвокаты дүйсенбі күні оны тәуірлеу камераға ауыстырғанын айтқан. «Ең бастысы егеуқұйрығы жоқ екен» деді ол.

Ал Ақтаудағы тергеу изоляторы бастығының орынбасары Азат Орынбасаров шілденің 17-сі күні Азаттық тілшісіне берген сұхбатында бұл ақпаратты растамады. Оның айтуынша, дүйсенбі күні Козлов ешқандай камераға ауыстырылмаған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG