Accessibility links

Сарапшылар Қазақстанда АЭС салуға қарсы


Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны. Курчатов, маусым, 2009 жыл.
Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны. Курчатов, маусым, 2009 жыл.

Астанада ЕАЭО келісіміне қол қою кезінде Ресей Қазақстанның Курчатов қаласына АЭС салып беруге міндеттенді. Жергілікті және шетелдік экологтар мұндай мұқтаждық жоқ екенін айтады.

Қазақстандық экологтар мен сарапшылар Ресейдің Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласының маңында АЭС салып беруге құлшынуын құп көрмейді. Азаттық тілшісіне комментарий берген мамандар «ресейлік лоббидің» себебі мен АЭС-тің экологиялық және экономикалық зардаптарына үңіледі. Мамырдың 29-ы күні Астанада ресейлік «Росатом» компаниясы мен Қазақстанның «Қазатомпром» ұлттық компаниясы Қазақстан аумағында атом электр станциясын (АЭС) салу бойынша әріптестік орнатуға қатысты меморандумға қол қойған.

«АЛЫСТАН ІЗДЕП ҚАЙТЕМІЗ?»

Бұл меморандумға сәйкес, Ресей тарабы Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласында салынатын АЭС-ті қуаттылығы 300 бен 1200 МВт (мегаватт) аралығындағы ВВЭР типті реактормен жабдықтайтын болды.

Курчатов қаласында орналасқан «Ұлттық ядролық орталықтың» аты-жөнін жарияламауды өтінген өкілінің Азаттыққа айтуынша, АЭС-ті салуға «Росатомнан» басқа да «көптеген компаниялар атсалысады».

«АЭС – бұл үлкен құрылыс қой, оны тек Ресей ғана емес, көптеген компаниялар салады. Алдағы уақытта оны салу бойынша жауапты арнайы компания құрылатын болады. Қолайлы болғаннан кейін ресейлік реакторды таңдап отыр. Оның үстіне біз Ресеймен ортақ экономикалық кеңістіктеміз. Ендеше алыстан іздеп неғыламыз» деді өкіл.

Орталық өкілінің айтуынша, АЭС-ті салуға көп уақыт керек, ол қолданысқа 2025
Сергей Кириенко - "Росатом" компаниясы басшысы.
Сергей Кириенко - "Росатом" компаниясы басшысы.
жылға қарай ғана дайын болуы мүмкін.

АЭС-тің құны әзірге белгісіз. Бұған дейін «Росатом» басшысы Сергей Кириенко оның құны станцияны салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеу құжаты дайын болғаннан кейін белгілі болатынын айтқан. Оның айтуынша, қазіргі кезде қуаттылығы 1000 МВт блоктардың бағасы – 5 миллиард доллар тұрады. Кириенко Қазақстанда салынатын АЭС блоктары «сәл арзанырақ болуы мүмкін» екенін ескерткен.

«Росатом» компаниясының дерегінше, Ресей әлемдегі АЭС салу нарығының 16 пайызына ие. Бұл нарықтың негізгі ойыншылары – Жапония, Батыс Еуропа елдері, Оңтүстік Корея, Қытай мен АҚШ.

АЭС салу бойынша Қазақстанның таңдауы неліктен Ресейге түскені туралы осы саладағы мамандар: «Ресей Қазақстанмен саяси-экономикалық тұрғыда, географиялық тұрғыда жақын» деген пікір айтады. Ал Ресей Курчатовта салып беретін АЭС-тің қауіпсіздігі туралы ресми өкілдер Азаттыққа жарытымды жауап бере алмады.

«Бұл станция тұтастай Қазақстанды энергия тапшылығынан құтқара алмайды, сондықтан алғашқы станция салынғаннан кейін әрі қарай да әр аймақтарда салына беруі мүмкін» деді Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық өкілі Азаттық тілшісіне.

Орталық өкілінің мұндай болжамы қазақстандық экологтар мен қоғамдық белсенділердің алаңын күшейте түсетін хабар екені анық.

ЭКОЛОГТАРДЫҢ ҚАУПІ

Қоғамда АЭС салуға қарсылық сезілген кезде билік өкілдері үнемі жоғары деңгейде қауіпсіздік шаралары ескерілетінін айтып келеді. Бұған дейін «Қазатомпром» басшысы Владимир Школьник «Қазақстанда жарылмайтын станция салынатынын» айтқан болатын.

Бірақ «Энергетика» журналының жауапты редакторы, сарапшы Николай Куполаевтың пікірі өзгеше. Оның айтуынша, соңғы уақытта салынып жатқан АЭС-тер бұрынғыға қарағанда қауіпсіздеу көрінгенімен қоршаған орта мен адам
Семей полигоны аумағындағы "Атом көлі" жанындағы радиация мөлшерін көрсетіп тұрған аспап. (Көрнекі сурет)
Семей полигоны аумағындағы "Атом көлі" жанындағы радиация мөлшерін көрсетіп тұрған аспап. (Көрнекі сурет)
денсаулығына төндіретін қаупі сол күйінде қалады.

«Ең бастысы – мұнда адам факторынан құтылу мүмкін емес. Чернобыль болсын, Фукусима болсын, Томск АЭС-індегі жағдайлардың бәрі адам факторынан, адамға тән қателіктен болды. Сондықтан АЭС жүз пайыз қауіпсіз деп ешкім айта алмайды» дейді Николай Куполаев.

Сарапшы Курчатовта АЭС салынған жағдайда радиация қалдықтарын жою мәселесін шешу қиын болатынын ескертеді.

«АЭС-тен шыққан радиация қалдықтарын қайда жібереміз? Егер көмсек, мұның барлығы Қазақстанның экологиясына теріс әсер етпей ме?» деп сұрайды ол.

Эколог Мэлс Елеусізов те үкіметтің АЭС салу туралы шешімін теріс бағалайды. Ол АЭС орны ретінде неліктен Курчатов таңдалғанын да түсінбейтінін айтты.

«Қандай да болсын, АЭС салынатын орынның реакторды суытатын су болуы керек. Курчатовта су қоры мол емес» дейді ол.

Эколог АЭС салу мәселесінде Ресей тарапынан жасалған лоббидің себебін өзінше түсіндіреді.

«Ресейдің өзінің алып атом кешені бар. Мыңдаған адам жұмыс істейді. Оларға жұмыс керек. Сол себепті әр жерге өздерінің жобаларын тықпалап жатыр. Қазақстанда АЭС салуға кереметтей қажеттілілік жоқ. Бізде жел бар, күн бар.
Қазақстандық эколог Мэлс Елеусізов.
Қазақстандық эколог Мэлс Елеусізов.
«Жасыл энергетика» деген ұранмен «Экспо-2017» халықаралық көрмесі өтейін деп жатыр» дейді ол.

Экологтың айтуынша, бір АЭС-тің ғұмыры «көп болса 30-40 жылға» созылады. Содан кейін істен шыққан станцияны қауіпсіз күйде ұстап тұру үшін де миллиондаған қаржы жұмсалуы мүмкін.

«Росатом» мен «Қазатомпром» Курчатовта АЭС салу меморандумына қол қомай тұрып, мамыр айында өткен Астана экономикалық форумында Германияның қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өкілі Юрген Кайнхорстың Қазақстанды АЭС салмауға шақырғаны туралы хабарланған еді. Жергілікті oilnews.kz онлайн басылымының хабарлауынша, Кайнхорст мұндай АЭС-тің шығыны көп екенін, адам денсаулығына нұқсан келтіретінін уәж еткен. Германия үкіметі 2011 жылы болған Жапонияның Фукусима АЭС-індегі апаттан соң 8 ескі атом реакторын жауып, 2022 жылға дейін атом энергиясынан біржола бас тартатыны туралы шешім қабылдаған.

ЭНЕРГИЯНЫҢ 72 ПАЙЫЗЫ – КӨМІРДЕН

Қазақстанда алғашқы АЭС орны ретінде 2006 жылы Ақтау қаласы таңдалған болатын. Ресей қатысады деп хабарланған бұл жобадан үкімет бас тартқан. Ақтауда АЭС салу мәселесі 2013 жылы қайта көтерілген сәтте қоғам белсенділері мен интернет қолданушылар: «Қаланы сынақ алаңы ретінде таңдап отыр ма?» деген сұрақты жиі қойған. Белсенділер мен жергілікті тұрғындар 2012 жылы Ақтауда өткен АЭС бойынша қоғамдық тыңдауда жобаға қызу қарсы шыққан.

Ал АЭС-тің Курчатов қаласында салынатыны туралы алғашқы ақпарат пайда
Курчатов қаласы, ШҚО, тамыз, 2009 жыл.
Курчатов қаласы, ШҚО, тамыз, 2009 жыл.
болған кезде де жергілікті сайттардың жазуынша, ең әуелі павлодарлықтар наразылық танытқан. Себебі Курчатов қаласы әкімшілік тұрғыда Шығыс Қазақстан облысына қарағанмен географиялық тұрғыда Павлодар облысы, Май ауданының аумағына қарайды және Павлодардан небәрі 200 шақырым жерде орналасқан. Әйткенмен облыс басшылығы АЭС салу кезінде «қауіпсіздік шаралары қатаң сақталатынын» айтып, тұрғындарға басу айтқан.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда энергия тапшылығы әр өңірде әрқалай. Елдің солтүстігінде энергия артықшылығы сезілсе, оңтүстігінде керісінше энергия тапшы. Қазақстанда барлық электр станциялары 20 000 МВт қуат шығарады. Энергияның басым бөлігін жылу электр станциялары береді, тек 12 пайызы ғана су электр станцияларының үлесінде. Елде электрэнергиясының 72 пайызы – көмірден, 12,3 пайызы – су ресурстарынан, 10,6 пайызы – газдан, 4,9 пайызы – мұнайдан өндіріледі.

Қазақстанда АЭС салуға қатысты алматылықтардың пікірі
АЭС салуға қалай қарайсыз?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:15 0:00
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG