Accessibility links

Полигоннан зардап шегушілер тізімі әлі жасалып бітпеді


Қазақстанның ұлттық ядролық орталығының маманы сынақ өткен аймақтағы радиация мөлшерін тексеріп тұр. Семей полигоны, 13 қараша 2011 жыл.
Қазақстанның ұлттық ядролық орталығының маманы сынақ өткен аймақтағы радиация мөлшерін тексеріп тұр. Семей полигоны, 13 қараша 2011 жыл.

Семей ядролық полигонының ресми түрде жабылғанынан бері 22 жыл өтсе де, одан зардап шегушілер тізімін жасау жұмысы аяқталмай жатыр.

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданына қарасты Саржал ауылының тұрғыны Орынжан Қалиева үш жылдан бері Семейдегі радиациялық медицина және экологияны зерттеу ғылыми институтына қарасты ауруханада тұрақты ем қабылдап жүр.

«ПОЛИГОН КЕСІРІ ҚАН АРҚЫЛЫ ЖАЛҒАСЫП КЕЛЕДІ»

– Қазір 75 жасқа келдім. 1953 жылдары болған жарылыстарды көзбен көріп өстік қой. Жарылыс болатын күндері бізді басқа жаққа көшіретін. Жерге жатқызып қойып, «бастарыңды көтермеңдер» дейтін. 15 жасар бала болсақ та барлығы әлі көз алдымызда, – дейді ол.

Жарылыс болған сәттегі дауыстарды әлі ұмытпаған ол кісі қазір де ұйықтап жатқанда бөтен дыбыс шықса шошып оянып, әуелі жүрегі ұйып, одан кейін бірден қан қысымы көтерілетінін айтты.

Семей полигоны радиациясы

Семейдегі радиациялық медицина және экология институтының дерегінше, полигон маңындағы өңірлерді сынақтан кейінгі сәулелену дозасы таралу мөлшеріне байланысты үш зонаға бөлуге болады.

Бірінші зона (полигон аумағына өте жақын орналасқан өңір) – Абай ауданына қарасты Саржал ауылы, Бесқарағай ауданына қарасты Долан мен Бөдене ауылы, бұрынғы Жаңасемей ауданының Сарапан, Иса ауылдары. Бұл аумақтағы сәулелену дозасы 100 бэрден астам.

Екінші зона – Абыралы, Абай, Бесқарағай аудандарының барлық ауылдары, Павлодар облысының Май ауданына қарасты Ақжар, Малдар ауылдық округтері. Бұл маңдағы сәулену дозасы – 35-100 бэр.

Үшінші зона – бұрынғы Шұбартау, Аягөз, Жарма, Бородулиха аудандары, Қарағанды облысының бұрынғы Егіндібұлақ ауданы аумағы. Полигон аумағынан алыстау бұл өңірлердегі сәулелену дозасы 7-35 бэр маңында.
Орынжан Қалиева 1970 жылдары ағасы 37 жасында асқазан ауруынан қайтыс болғанын, одан соң апта өтпей анасы қан қысымынан бақилық болғанын айтып, «екеуінің де өмірден ерте озуына полигонның кесірі тиді» деп болжайды.

Бұрынғы Семей облысына қарасты Шұбартау өңірінде туып-өскен, қазір Алматыда тұратын Ботагөз Ахметқалиева да өзін «полигоннан зардап шегушімін» дейді.

– Жас күнімнен «қан аздық» ауруымен ауырамын. Бұл тек өзіммен ғана шектелген жоқ. Балаларым да осындай. Мұның барлығы сол полигонның кесірінен қан арқылы жалғасып келе жатқан дүние ғой. Сондай-ақ қан-қысымының тұрақсыздығы бар, – дейді ол кісі.

Ботагөз Ахметқалиева Алматыға көшіп келген соң «полигон зардабын айтып ешкімге шағынғысы келмегенін», «полигон аумағында тұрды» деген анықтама қағазын қажет етпегенін айтады.

«260 МЫҢ ЗАРДАП ШЕГУШІ ТІЗІМГЕ АЛЫНДЫ»

Семей полигонынан зардап шеккен Орынжан Қалиева мен Ботагөз Ахметқалиева сияқты азаматтарды есепке алу шарасы 2013 жылдың 1 шілдесінде аяқталуы тиіс болатын.

– Кейбір облыстардың баяу жұмыс істеуіне байланысты Семей полигонынан зардап шегушілерді есепке алу тізімін жыл соңына дейін создық, – дейді денсаулық сақтау министрлігіне қарасты атаулы көмек ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Айма Жанәбілқызы.

Денсаулық сақтау министрлігінің 2012 жылғы бұйрығы бойынша зардап шегушілердің тізімін жасап жатқан Семейдегі радиациалық медицина және экология институтының қызметкері Шолпан Жақыпованың айтуынша, «тізімге алудағы басты мақсат – тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсету».

Семейдегі радиациялық медицина және экология институтының қызметкері Шолпан Жақыпова (Сурет жеке мұрағатынан алынды).
Семейдегі радиациялық медицина және экология институтының қызметкері Шолпан Жақыпова (Сурет жеке мұрағатынан алынды).
– Шығыс Қазақстан облысының Абай және Бесқарағай, бұрынғы Абыралы мен Жаңасемей аудандары тұрғындарында қан аздығы жағдайының жоғары жиілігі белгіленген. Семей өңірінде жүйкенің тозуы және басқа психикалық ауру түрлерінің жиілігі тым жоғары. Қазір институт клиникасында ем қабылдаушылардың басым көпшілігі – жүрек ауруына ұшырағандар, – дейді Семейдегі радиациалық медицина және экология институтының қызметкері Шолпан Жақыпова.

Бүгінге дейін полигоннан зардап шеккен 260 мың адам тізімге енгенін айтқан Шолпан Жақыпованың сөзінше, кейінгі кездері басқа қалалар мен облыстарға көшіп кеткен Семей өңірінің бұрынғы тұрғындары есепке алынып бітпеген.

1992 жылдың мамырында биоресурстар министрлігі ұйымдастырған комиссия Семей өңірінің 711 елді мекенінде сәулелену дозасы 448 бэр (бэр – сәулелену деңгейін өлшейтін бірлік; «биологический эквивалент рентгена» – «рентген сәулесінің биологиялық баламасы») болғанын хабарлаған.

1949 жылдан бастап ядролық сынақтар жүргізген Семей ядролық полигоны 1991 жылы жабылды. Полигонда 40 жылға созылған сынақ барысында 400-ден астам ядролық жарылыс (олардың 116-сы жер бетінде) жасалды.

Полигон аймағында мыңдаған адам қатерлі ісік, жүйке ауруына шалдығып, көптеген сәби дүниеге мүгедек болып келді.
XS
SM
MD
LG