Accessibility links

АҚШ ядролық отын банкіне салған қаржысына алаңдайды


Ядролық сынақ кратерінің қасында арнайы құрал радиация мөлшерін өлшеп тұр. Көрсеткіш - 255 микро рентген/сағат. Семей полигоны, 22 тамыз 2011 жыл.
Ядролық сынақ кратерінің қасында арнайы құрал радиация мөлшерін өлшеп тұр. Көрсеткіш - 255 микро рентген/сағат. Семей полигоны, 22 тамыз 2011 жыл.

АҚШ Конгресі Қазақстанда ядролық отын банкін салу жобасына қаржы бөлуді тоқтату туралы мәселе көтерді. АҚШ инвестициясының қалай жұмсалатынын білгісі келеді.

Washington Guaridan басылымының жазуынша, АҚШ конгресмендері ел үкіметінің Қазақстанда ядролық отын банкін орналастыру жобасына осыған дейін жұмсаған 50 миллион долларының өзі далаға кетті ме деп қобалжып отыр.

ДАУЛЫ ЖОБА

Шетел басылымы қазір АҚШ-та биліктің екі тармағы – Конгресс пен Мемлекеттік департамент (үкімет) арасында осы жобаға қаржы бөлуді тоқтату керек пе, жоқ па деген мәселе бойынша қызу айтыс жүріп жатқанын айтады.

АҚШ Конгресінің Үкімет жауапкершілігі кеңсесі (Government Accountability Office) деп аталатын тергеу бөлімшесінің қорытындысы бойынша, осы елдің үкіметі бұл жобаға АҚШ-тың қосатын үлесін жік-жікке бөліп беретін ұзақ мерзімді жоспар
Үлбі металлургиялық зауытындағы радиоактивтік материал салынған контейнер. Көрнекі сурет
Үлбі металлургиялық зауытындағы радиоактивтік материал салынған контейнер. Көрнекі сурет
жасамаған, әрі америкалықтардың салығы есебінен бөлінетін инвестицияның шамадан асып кетпеуін қадағалау механизмдері жоқ.

«МАГАТЭ-нің Басқарушылар кеңесі ядролық отын банкін салу жөнінде шешім қабылдағалы екі жыл өтсе де, агенттік банктің ұзақ мерзімдік жоспары мен қаржыландыру жоспарын әлі күнге жасаған жоқ» деп жазылған Конгресс тобының жақында жариялаған есебінде. Олар жоспар қабылданып, нақты зерттеулер жүргізілгенше жобаны қаржыландыруды тоқтату қажет деп санайды.

Басылымның жазуына қарағанда, АҚШ – бұл жобаға ең көп қаражат жұмсаған ел, әрі заң шығару органының ескертуіне қарамастан елдің Ұлттық қауіпсіздік әкімшілігі жобаны қолдауды жалғастыра бермек.

УРАН БАҒАСЫ

АҚШ Конгресіндегі топтың есебіне АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті жауап берді. Олар: «Ядролық қауіпсіздік бағдарламасына алыс болашақта жұмсалатын қаржыны жоспарлау мүмкін емес, себебі МАГАТЭ мүше мемлекеттерді алдын ала болжап білмейтін өтініштер негізінде қаражат пен ресурстардың бар-жоқтығына қарай ретімен қолдап отырады» деген уәж айтқан.

Қорасан-1 кенішіндегі уран оксиді тиелген контейнер. Оңтүстік Қазақстан облысы, 24 сәуір 2009 жыл.
Қорасан-1 кенішіндегі уран оксиді тиелген контейнер. Оңтүстік Қазақстан облысы, 24 сәуір 2009 жыл.
Бұған қоса олар жобаның тиімділігіне зерттеу жүргізу – МАГАТЭ қаржысын орынсыз жұмсау болуы ықтимал деген де пікір білдірген. Ал Конгресс тобы осы тақылеттес кейбір зерттеу жүргізіліп қойғанын, оның нәтижелері ядролық банк жобасына инвестиция салып отырған елдерге берілмей отырғанын алға тартты.

Конгресс тобының айтуынша, АҚШ, Ресей, Ұлыбритания сияқты елдердің өз ядролық отын банктері бар, ал МАГАТЭ басқаратын тағы бір отын сақтау орнының ашылуы уран бағасын қымбаттатып жіберуі мүмкін. АҚШ Мемлекеттік департаменті де, Конгресс те ядролық отын банкі уран нарығын «басып» қалмайтынына сенімді. Тек АҚШ сыртқы істер мекемесі «кейбір отын өндіруші елдер МАГАТЭ-нің бұл жобасы нарықты шайқап, отын бағасына әсер етуі мүмкін деп қобалжитынын» айтты.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТАМАСЫ

Әлемдік уран нарығында өзгерістер бола қалған жағдайда тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында аз байытылған уран қорын сақтау туралы шешімді Халықаралық Атом энергиясы агенттігі – МАГАТЭ осыдан екі жыл бұрын шығарған. Қазақстан басшылығы ядролық отын банкін елдің шығысындағы Үлбі металлургия зауытының негізінде жасақтау туралы бастама көтеріп, оны биік мінберлерден айтып келеді.

Биыл сәуірде Алматыда осы мәселеге байланысты МАГАТЭ аясында өткен келіссөздер көп нәтиже бере қоймаған. Былтыр Атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолдану бойынша ТМД комиссиясының отырысында Қазақстан Атом
Ұлттық ядролық орталық маманы Семей полигоны аумағындағы радиация деңгейін тексеріп жатыр. 13 қазан 2011 жыл.
Ұлттық ядролық орталық маманы Семей полигоны аумағындағы радиация деңгейін тексеріп жатыр. 13 қазан 2011 жыл.
энергетикасы агенттігінің төрағасы Тимур Жантикин ядролық отын банкінің 2013 жылдың жаз-күз айларында құрылатынын айтқан еді.

Ел басшылығының айтуынша, ядролық отын банкінің орналасуы Қазақстаның ядролық қаруды таратпау туралы ұстанымын бекітіп қана қоймай, оның халықаралық беделін арттыра түседі. Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов «Қазақстанда әлеуметтік-саяси жағдайдың тұрақтылығын, байсалды сыртқы саясат жүргізіп отырғанын әрі елдің ядролық қаруды таратпаудағы лайықты имиджі қалыптасқанын ескере отырып» бұл нысанды бізде орналастыру қажеттігін айтқан.

Дегенмен, бұл бастама Қазақстан қоғамында біраз қарсылық тудырғаны белгілі. Саясаткерлер, қоғам қайраткерлері ядролық отын банкінің болуы Қазақстанда оқыс апат қаупін күшейтіп, елге терроршылардың назар аударуына себеп болады деп дабыл қаққан.

Қазақстан ядролық отын сақтауға келіскен кезде Азаттық тілшісі түсірген видеоны мына жерден көре аласыз:

XS
SM
MD
LG