Accessibility links

Қазақ болғысы келетін «жиен-қырғыздар» оралман мәртебесін көксейді


Қырғызстаннан келген азамат Талантбек Тұрсынбаев. Алматы, 22 қыркүйек 2011 жыл.
Қырғызстаннан келген азамат Талантбек Тұрсынбаев. Алматы, 22 қыркүйек 2011 жыл.

Қырғызстандық азамат ұлтын «қазақ» деп өзгерткенін, алайда оралман ретінде жеңілдіктер ала алмай жүргенін айтады.


Жергілікті билік «оралман» мәртебесін алғысы келген адам 1991 жылдан қазақ болуы керек деп жауап берген.

БАЛА КҮНГІ АРМАН

Талантбек Тұрсынбаев өз құжаттарын маусым айының аяғында азаматтық алу үшін өткізіп қойғанын айтады.

– Алдағы қазан айының басында азаматтығымды алуға тиіспін. «Үш ай күт» деген болатын. Өзім Айнабұлақ шағын ауданында тұрақты тіркеудемін. Бірақ менде оралман куәлігі де, азаматтық та жоқ болғандықтан балаларымды мектепке алмай қойды. Қазір Бішкекте оқып жүр, – дейді ол.

– Егер маған «қазақ емессің» деп, оралман мәртебесін бермейтін болса, онда не үшін құжаттарымды азаматтыққа қабылдады. Ол да заңға қайшы емес пе? – дейді Талантбек Тұрсынбаев.

Талантбектің анасы қазақ болған екен. Ол бізге анасының туу туралы куәлігін де көрсетті.

– Нағашыларымның қолында өстім. Қазақ болу бала күнгі арманым болатын. Бірақ әкем милиция қызметкері болды, рұқсат етпеді. Анам да «мен өлгенше қоя тұр, әйтпесе, әкең менен көріп жүреді» деп өтінген болатын. Былтыры анамның жылын бердім, – дейді Талантбек Тұрсынбаев

«БҮТІН ҚАЗАҚ БОЛСАМ, НЕСІ АЙЫП?»

Қырғызстаннан ұлтын «қазақ» деп өзгертіп келіп, Қазақстан азаматтығын қабылдағысы келетін тек Талантбек қана емес.

Ұлан Ыйманұлының да Қазақстанға келгеніне бес жыл болыпты. Негізгі мамандығы – авиатехник. Бірақ Алматыдағы бір компанияда дизайнер болып жұмыс істеп жүр.

– Біз бір үйде бес баламыз. Анам – қазақ. Кіші інім – Грузияда. Ресей
Оралман Дархан Бадауұлының көпбалалы отбасы. (Көрнекі сурет)

азаматтығын қабылдаған. Қарындасым – Германияда. Ол да сол жақтың азаматы. Мен Қазақстан азаматтығын қабылдағым келеді. Негізінен 2010 жылы ұлтымды «қазақ» деп өзгерттім. Енді бірыңғай Қазақстан азаматы болсам деп талпынып жатырмын, – дейді Ұлан.

Оның айтуынша азаматтық алудың жұмысы көп. Сондықтан алдымен «оралман» мәртебесін алғысы келген.

– Қазақстанда оралманға берілген жеңілдіктер көп. Егер мен «оралман» куәлігін алатын болсам, азаматтықты оңай алар едім. Жалпы «Адамның жақсысы – нағашыдан» демей ме сіздерде. Қырғызстандағы қазіргі жағдайды өзіңіз көріп отырсыз. Менің мамандығым бойынша да, кейінгі кәсібіме байланысты да жұмыс табылмайды. Енді өмір сүру үшін өзіме тиімді жақтарды қарастыруым керек қой. Оған қоса қаным да – жартылай қазақ. Енді бүтін қазақ болсам, несі айып, – дейді ол.

ОРАЛМАН БОЛУ ҮШІН ТӘУЕЛСІЗДІКТЕН БҰРЫН ҚАЗАҚ БОЛУ ШАРТ

Ал Талантбек оралман куәлігін алудан күдерін үзіпті. Өйткені «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан республикасы заңының 1-бабы 11-тармағында «Оралман мәртебесі – Қазақстан республикасы егемендік алған тұста одан тыс жерлерде тұрақты тұрған және тұрақты тұру мақсатымен Қазақстанға келген ұлты қазақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға беріледі» деп жазылған.

Алматы қаласы ішкі істер департаменті көші-қон басқармасы заңда жазылған осы бапты негізге ала отырып Ұлан Ыйманұлына да «Сіздің ұлтыңыз Қазақстан егемендік алған уақытта «қырғыз» болған. Ұлтыңызды 2011 жылдың 29 шілдесінде ауыстырғансыз. Сондықтан сіз шетелден тарихи отанына біржолата қоныс аударған оралмандар қатарына жатпайсыз» деп жазбаша түрде жауап қайтарыпты.

Заңгер Нұра Тынысқызы да «Заңда шыныменен осылай көрсетілген. Бұл ешқандай талқылауға жатпайды. Яғни ол кісілерге оралман мәртебесі берілмейді. Тек азаматтыққа құжаттарын тапсыруға құқылы» дегенді айтады.
XS
SM
MD
LG