Accessibility links

Қырғызстан кеденін Ресей компаниясы жабдықтайды


Қырғызстанның Ақ-Тілек кедендік бекеті. (Көрнекі сурет).
Қырғызстанның Ақ-Тілек кедендік бекеті. (Көрнекі сурет).

Еуразия экономикалық одағына мүшелікке өту «жол картасы» аясында Қырғызстанның кеден бекеттеріне арналған құрал-жабдықтарды сатып алу және орнатумен Ресей компаниясы айналысады.

Ресей үкіметі бұл мақсатқа 200 миллион доллар қайтарымсыз көмек бөлген. Оның 129 миллионы ресейлік компанияға төленеді. Бұл шешім әр қилы пікір тудырды.

Қырғызстан биыл мамырдан бастап Еуразия экономикалық одағына толық мүшелікке өтуге ниетті. Бұл мерзімге дейін кеден бекеттері мен зертханалар ұйым талаптарына сәйкестендірілуі тиіс.

Бұл мақсатта Ресей - 200 миллион доллар, ал Қазақстан 100 миллион доллар бөлуге міндеттеме алған. Былтыр Астанада тиісті келісім-шартқа президенттер қол қойған.

Қырғызстанның ЕАЭО-ға мүшелікке қабылдану жиыны. Мәскеу. 23 желтоқсан, 2014 жыл.
Қырғызстанның ЕАЭО-ға мүшелікке қабылдану жиыны. Мәскеу. 23 желтоқсан, 2014 жыл.

​Премьер-министрдің кеңесшісі Олег Панкратовтың Азаттыққа хабарлауынша, Қазақстаннан ақша әзірше түспеген. Ал Ресей көмегі жуырда ақша және құрал-жабдық түрінде түсе бастайды.

- Қазір келісімнің соңғы шарттары пысықталып жатыр. Біздің тапсырымызда көрсетілген құрал-жабдықтарды сатып алумен Ресей Федерациясы арнайы тағайындаған орган айналысатын болды. Ресей көмегінің бір бөлігі ақшалай, бір бөлігі құрал-жабдық түрінде түседі, - дейді Олег Панкратов.

Ресей Қырғызстанның кеден бекеттерін қайта жабдықтау жұмыстарын жүргізу үшін ресейлік олигарх Арас Агаларовтың «Крокус Интернэшнл» компаниясын таңдаған.

Қырғызстанның ЕАЭО-на мүшелікке өтуіне арналған «жол картасын» жүзеге асыру үшін Ресей 200 миллион доллар бөледі. Келісім жобасына сәйкес, 129 миллион долларды «Крокус Интернэшнл» АҚ-мен кеден бекеттерін жабдықтауға арналған құрал-жабдықтар сатып алып, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық зертханалар салуға мемлекеттік контракт бекіту үшін Ресей федералдық кеден қызметі бөледі. Компания бұдан бөлек техникалық реттеу мәселелерін шешу, транспорт және инфрақұрылыммен, ақпараттық құрал-жабдықпен қамту міндеттерін өз мойнына алады.

«Бұл жұмыстарды жергілікті компаниялар атқара алмай ма?» деген сұраққа мемлекеттік кеден қызметі мен экономика министрлігі кесімді жауап бере алмады. Аты-жөнін жариялағысы келмеген шенеуніктің айтуынша, ақшаны Ресей бөлгендіктен, тендерді де Ресей үкіметі өткізіп, ақшаны игеруге ресейлік компанияны таңдаған.

Экономика ғылымдары докторы Жұмақадыр Акенеевтің пікірінше, қайтарымсыз ақшаны Ресей бөлгендіктен, оны жаратуды да шешуге құқы бар.

- Ақша солардыкі болғандықтан, таңдау еркі де соларда. Бұл - қайтарымсыз көмек. Оны Кеден одағына кіру аясында бөліп отыр. Меніңше, үн-түнсіз келісу керек. Мұндай сыйдан бас тартуға болмайды.

Жұмақадыр Акенеев Ресей фирмасының таңдалуын уақыт тапшылығымен байланыстырады. Ол «Қырғызстанға ақша түсіп, тендер жариялап өткізгенше талай уақыт керек. Ал Қырғызстан мамырдың басында ЕАЭО-на толық мүшелікке өтуі тиіс» дейді.

Ресейлік олигарх Арас Агаларов.
Ресейлік олигарх Арас Агаларов.

Ал саясаттанушы Марс Сариев Ресей билігі құрал-жабдық түріндегі көмекті өзге мақсатпен бөліп отыр деп санайды.

- Ресей Қырғызстанға толық сенбейді. Сондықтан ақшаны тікелей бермей, өз адамдарына бөліп отыр. Ал олар қажет материалдар мен құрал-жабдықтарды сатып алып, бізге әкеліп орнатады және инфрақұрылым салады. Біз Бакиевтің тұсында сенімнен айырылып қалғанбыз. Сол себепті 200 миллион долларды да техника, құрал-жабдық, қызмет түрінде бөліп жатыр, - дейді Марс Сариев.

Оппозициялық саясаткер Бегалы Нарғозиев мұнда Ресей және Қырғызстан билігінің коррупциялық мүддесі байқалады деген пікірді ұстанады.

- Әлгі компания туралы оқып шықтым. Бұл мемлекеттік тендерлердің көбін ұтып жүрген әрі ел билігіне жақын миллиардердің компаниясы екен . Сондықтан меніңше, мұнда екі елдің лауазымды өкілдерінің коррупциялық мүдделері тоқайласқан, - дейді ол.

Егер 200 миллион доллардың 129 миллионы ««Крокус Интернэшнл» компаниясына төленсе, қалған 79 миллион былай пайдаланылмақ: 16 миллион доллар - Қырғызстан ақпараттық базасын ЕАЭО талаптарына сәйкестендіруге, 49 миллионы кеден бекеттерін жабдықтауға, ал 6 миллионы маман даярлауға жұмсалады.

XS
SM
MD
LG