Accessibility links

Путин «ортақ валюта» жайлы айтқан соң саммит шегерілді


Ресей президенті Владимир Путин рубль санап тұр. Мәскеу, 3 шілде 2004 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин рубль санап тұр. Мәскеу, 3 шілде 2004 жыл.

Ресей президенті Владимир Путиннің еуразиялық ақша бірлігін құру мүмкіндігін қарастыру жайлы тапсырмасынан соң іле-шала ЕАЭО басшыларының Астанада өткізуді жоспарлаған үш жақты кездесуі кейінге қалдырылды.

Ресей президенті Владимир Путин орталық банк пен үкіметке қыркүйектің 1-іне дейін Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің орталық банктерімен бірлесіп ЕАЭО аясында валюта одағын құру мүмкіндігі туралы мәселені талқылауды тапсырды. Кремльдің кешегі ресми хабарламасын кейбір баспасөз құралдары «ЕАЭО-да ортақ ақша бірлігі мерзімінен бұрын енгізілуі мүмкін» деп сан-саққа жүгіртіп жатыр.

ЕАЭО аясында ортақ валюта енгізу туралы ұсынысын Ресей түрлі деңгейде бұрын да бірнеше рет жариялаған. Былтырғы рубль девальвациясына дейін Ресей валютасы халықаралық резервтік валюта болмаса да, аймақтық ақша бірлігі рөлін атқарудан үмітті екенін Владимир Путиннің өзі де талай айтқан. Ал әуелгі жоспар бойынша Еуразия экономикалық одағында бірыңғай қаржы нарығы 2025 жылға қарай құрылуі тиіс, оған әлі кемі 10 жыл бар.

Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері президенттерінің осы аптада Астана қаласында өтеді деп хабарланған кездесуі кейінге қалдырылды. Владимир Путин, Нұрсұлтан Назарбаев және Александр Лукашенконың кездесуі наурыздың 12-сіне жоспарланған болатын. Енді кездесуді бірнеше күнге шегеру туралы шешім қабылданған.

Қазақстан президентінің ресми сайтында үш жақты кездесу барысында президенттер өзара сауда-саттық, экономикалық байланыс мәселелері мен Украинадағы дағдарысты талқылады жоспарлайды деп жазылған.

Азаттық тілшісі әңгімелескен сарапшылар оқиғаның бұлай өрбуі таңдандырады дейді.

Андрей Чеботарев, саясаттанушы: – Былтыр Қазақстан жағы «ортақ валюта енгізу мәселесі біраз жылдардан кейін болмаса, қазір талқыланбайды» деп ашық мәлімдеген болатын. Енді бұл мәселе Ресей деңгейінде тағы талқыланып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ, Еуразия экономикалық одағы территориясында ортақ қаржы нарығын құру 2025 жылға жоспарланған. Ал қазір бұл тақырыпты талқылауға ерте.

Он мың теңгеліктер.
Он мың теңгеліктер.

Әйткенмен, қазір доллардың ықпалынан шығу үшін ортақ валюта нарығын енгізу өзекті мәселеге айналған сыңайлы. Санкцияға ұшыраған Ресей де, долларсыздандыру бағдарламасын жариялаған Қазақстан да осыған ұмтылатын тәрізді. Меніңше, қазір әлдебір ортақ ақша бірлігін құруды емес, ұлттық валюталарды нығайту жағын ойлау керек.

Мұның саяси мәлімдеме екені түсінікті. Оның үстіне, жуырда Астанада өтетін үш жақты кездесу аясында Беларусь, Қазақстан және Ресей басшылары жиналады. Сондықтан бұл кездесуде Путин осы мәселені талқылағысы келетін тәрізді.

Александр Класковский, саяси шолушы (Беларусь): – Владимир Путиннің мына тапсырмасы ортақ валютаға қарай келе жатқанымызды көрсететін сияқты, бірақ, меніңше, қазір бұл үшін өте жайсыз уақыт.

Беларусь президенті Еуразиялық Одақ жобасы аясындағы ортақ валюта туралы сөз қозғалса болды, мезгілінен бұрын жүгірмей, жоспарланған кезеңдерден секірмеу керек деген сарында пікір білдіретін. Оның қаупі түсінікті. Ортақ валюта енгізуге Қазақстан да құлшынып отырған жоқ қой. Өйткені, ортақ валюта енгізу – саясат. «Біз екінші СССР-ді тірілтуді емес, экономикалық одақ құрғымыз келеді» дегенді Нұрсұлтан Назарбаев та, Александр Лукашенко да айтқан.

Екі жүз мыңдық беларусь рублін ұстап тұрған қыз. Минск, 12 наурыз 2012 жыл.
Екі жүз мыңдық беларусь рублін ұстап тұрған қыз. Минск, 12 наурыз 2012 жыл.

Бұл арада менің есіме одақтас екі елдің (Ресей мен Беларусь) арасындағы қатынас тарихы түсіп отыр. Ол кезде ортақ валюта енгіземіз деп кесіп айтып, тіпті кезеңдерін де жоспарлап қойған еді. Меніңше, бірыңғай одақтық валютаны 2005 жылы енгізбек болған. Ал жеме-жемге келгенде Беларусь басшысы тартыншақтап отырып алды. Ол «жалақы алу үшін Кремльге барып жүрмеймін» деп ашық айтқан. Сондықтан валютамен бірге биліктің көп бөлігін орталыққа, яғни Мәскеуге беруге тура келеді деген қауіп туатыны түсінікті. Әсіресе соңғы жылдағы оқиғалардан, Қырым аннексиясынан кейін ортақ валюта енгізуге көп құлшыныс жоқ. Ресейдің сыртқы саясаты астарында Ресейдің ұлыдержавалық мүдделері тұр деген фобиялар күшейді.

Тіпті таза экономикалық тұрғыдан алсақ, ЕАЭО-ның өзі өте қолайсыз уақытта іске қосылды. Қазір өзара сауда-саттық көлемі азайып, Ресейдің экономикалық әлеуеті нашарлап барады, қазір рецессияға мықтап енген оның жағдайы жуырда тіпті нашарлап кетуі мүмкін. Сондықтан, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ортақ валюта ұсынысын Астана мен Минскінің бас салып қолдай кетуі екіталай.

Мағбат Спанов, экономист: – Еуразия экономикалық одағындағы ақша саясатын нарықтан биік қоюға болмайды. Ресейдің мұнысы – мезгілінен бұрын жүгіру. Өзінің қауіпсіздігін ойлаған Ресей сақтану мақсатында қосымша қаржы ресурстарын табуға тырысып отыр. Ортақ валюта нарығы 2025 жылдан кейін орнайды деп шешілді емес пе.

Теңге. Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.
Теңге. Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.

Әуелі ЕАЭО тіршілік етуге қабілетті әрі тиімді одақ екенін көрсетсін, еуразиялық кеңістіктегі интеграция нәтижесінде жеткен экономикалық, саяси және әлеуметтік процестерге баға беру үшін кемі 2-3 жыл жұмыс істесін. Қазір Ресей экономикасындағы ахуал жайсыз болған соң ғана асығып отыр.

Бұл – күштінің әлсізге әмірін жүргізу заңы, оған таңданудың қажеті жоқ. Әрине, мұны ашып айтпайды. Әзірше Ресей ортақ валюта құру жұмысын енді ғана бастап жатыр, әлі комиссиялар, жұмыс топтары құрылады, түрлі сценарийлері мен нұсқалары талқыланады. Бұл жерде бәрі басшылардың саяси ерік-жігеріне байланысты шешіледі. Егер олар ортақ валюта енгізуге келіссе, бұйрық беріледі. Егер келіспесе, бәрі бұрынғысынша қалады. Дәл қазір ортақ валюта Қазақстанға ешқандай жақсылық әкеле қоймайды.

XS
SM
MD
LG