«Үйімізді қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Қыздығой Ажарқұлова өткен жылдың желтоқсан айынан бері Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда отыр. Борышкерлердің құқығын қорғаумен айналысатын ұйымның жетекшісіне «алаяқтық» бабы (ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бап, 3- бөлік, 3-тармақ) бойынша айып тағылған. Қазіргі кезде бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр.
ЖЕТІ АДАМНЫҢ АРЫЗЫ
Қоғамдық белсенді Қыздығой Ажарқұлованың адвокаты Гүлнар Жуасбаеваның айтуынша, қылмыстық істің қозғалуына жеті адамның бір мезгілде полицияға арыз түсіруі түрткі болған. Арызда өздерін «Үйімізді қорғайық» атты ұйымның бұрынғы мүшелері ретінде көрсеткен азаматтар ұйым жетекшісі Қыздығой Ажарқұлованың қоғамдық ұйым жетекшісі ретінде «өздеріне көмектесе алмағанын», оны «алаяқтығы үшін» қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап, мүшелік жарна ретінде төлеген ақшаларын қайтарып берулерін сұраған.
Әйткенмен қорғау тарапының айтуынша, құжаттарға сәйкес жеті адамның тек үшеуінің ғана сол ұйымға бұрындары қысқа мерзім аралығында мүше болғаны расталған. Ал қалған төртеуі «Ажарқұлова жәбірленуші ретінде танылған өзге қылмыстық істегі сотталушының жақындары» болып шыққан.
Қорғау тарапы Ажарқұлованың үстінен қылмыстық іс негізсіз қозғалған деп есептейді, себебі ұйым жетекшісі заңға немесе ұйымның ішкі жарғысына қайшы ешқандай әрекет жасамаған.
- Құқық белгілеуші құжаттармен танысқаннан соң қоғамдық бірлестіктің жарғысына сәйкес оған кіру ерікті түрде іске асырылатынын, ұйымға кіру үшін жарна төленетінін, ай сайынғы жарна болғандығын анықтадым. Сонымен бірге акция тағы да басқа шаралар өткізу үшін қосымша шығындар болуы мүмкін екені де жарғыда жазылған. Яғни, барлық төленген ақшалар қатаң түрде ұйымның шартына сәйкес жұмсалған, - дейді адвокаты Гүлнар Жуасбаева.
«ТІНТУ БОЙЫНША ҚАУЛЫ БЕРІЛМЕДІ»
Адвокаттың айтуынша, қазіргі кезде қорғау тарапы кездесіп отырған қиындықтардың бірі – ұйымға тиесілі құжаттардың барлығы тінтуге ұшырап кеткен. Қаржы жоқ болғандықтан ұйымның арнайы кеңсесі болмаған, сондықтан ұйым өкілдері құжаттардың барлығын осы ұйымға мүше азаматтардың бірінің үйінде сақтаған екен. Алайда банкке қарсы өзге бір қылмыстық іс бойынша тінту кезінде бұл құжаттардың барлығын тінтіп, полицейлер алып кеткен. Бірақ жергілікті прокурордың алынған құжаттар туралы қаулыны қорғау жағына беру туралы талабына қарамастан әлі күнге дейін тінтуге қатысты құжаттар жіберілмеген.
Полиция Азаттықтың «қорғау тарапының материалдарға еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалған ба?» деген сұрағына жауап бермеген.
Осылайша қорғау тарапы қазіргі күні бұл құжаттармен таныса алмай отырғанын, тіпті қай жерде екенін біле алмай отырғанын айтады.
- Қазіргі кезде ол жерде қандай құжаттар бар және оларды клиентімді қорғау үшін қалай қолдана аламын, сол жағы маған түсініксіздеу болып отыр. Яғни, тергеу менің қорғау жұмысыма кедергі келтіріп отыр, - дейді Гүлнар Жуасбаева.
Тергеу органдарының заңсыз әрекеттерін айтқан адвокат Гүлнар Жуасбаева өзіне қоқан лоқы жасалғанын, өзін жұмыстан шеттетіп, іс бойынша куәгер қылуға тырысып жатқанын да айтады және ол мұның бәріне дәлелдері бар екенін де жеткізеді.
«Халыққа баспана қалдырайық» ұйымының өкілі Есенбек Үктешбаевтың айтуынша, «Үйімізді қорғайық» атты ұйым құрылғаннан бері үйінен күштеп қуылған он алты отбасына баспанасын кері қайтаруға күш салып, баспаналарын аман алып қалған. Ол «қоғамдық бірлестіктің міндетіне заңгерлік қызмет көрсету міндеті кірмейтінін», мұның іс барысында ескерілмегенін сынайды. Арыз түсірушілердің шағымдарына тоқтала келе:
- Қолдау ретінде бөлінген ақша, мүшелік жарна қайда жұмсалады? Оның бәрі мемлекеттік органдарға шағымдану, кампаниялар өткізу т.с.с жұмсалады. Ал егер банктің шағымы сияқты нақты істер болса, онда барлық шығынды борышкердің өздері төлеуі тиіс, - дейді ол.
Қорғау тарапы тергеу органдарының әрекетіне байланысты бас прокуратура, ішкі істер министрлігіне шағымданғанмен әзірге, жауап келмеген.
Азаттық тілшісі ақпанның 18-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментіне ресми сауал жолдап, ақпанның 23-і күні жауап алды. Жауапта полиция Ажарқұлованың қамалғанын растап, қазіргі кезде тергеу амалдарының жүріп жатқанын хабарлайды.
«2015 жылдың 13 желтоқсанында ОҚО ІІД-не ОҚО-ның 7 азаматшасы арызданған. Онда «Үйімізді қорғайық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі 2009-2014 жылдар арасында сенімге кіріп, олардың қарыздарын жойып беремін деген уәдемен жалпы сомасы 1 068 000 теңге шығын келтірген. Нәтижесінде шағымданушылар банкке кепілге қойған жылжымайтын мүліктерінен айрылған» делінген жауапта.
Полицияның жазуынша, «қылмыстық іс негізінде сотқа дейінгі тергеу амалдары 3 ай мерзімге яғни, 16 наурызға дейін созылады».
Әйткенмен полиция Азаттықтың «қорғау тарапының материалдарға еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалған ба?» деген сұрағына жауап бермеген.
«Үйімізді қорғайық» қоғамдық бірлестігі 2011 жылы құрылған.