Accessibility links

Жас белсенді "келіндер клубын" ашпақшы


«Қызылорда әлеуметі» қоғамдық ұйымы төрағасы Ерлан Мұсаев.
«Қызылорда әлеуметі» қоғамдық ұйымы төрағасы Ерлан Мұсаев.

Қызылордалық жас белсенді болашақ келіндер клубын ашуды жоспарлап жүр. Азаттық тілшісі жоба авторымен жолығып, оның идеясына түрткі болған жайттар туралы әңгімелесті.

Қызылордалық жас белсенді болашақ келіндер клубын ашпақ. Азаттық тілшісі жоба авторымен жолығып, оның идеясына түрткі болған жайттар туралы әңгімелесті.

«Қызылорда әлеуметі» қоғамдық ұйымы төрағасы Ерлан Мұсаев болашақ келіндерге арналған клуб ашуды ойлап жүр. Ол облыстың жастар саясаты басқармасы сияқты бірнеше мемлекеттік мекемеге өтініш жолдаған. Жас белсендінің айтуынша, қостап-қолдағандар көп болғанымен, идея әзірше қағаз жүзінде қалып отыр.

«КРЕАТИВ» ІЗДЕУ

Қазақстанның оңтүстігі - қазақтың ескі салт-дәстүрлері сақталған өңір. Мұнда қызды «болашақ ана», ал ұлды «шаңырақ иесі, отбасының асыраушысы» деп тәрбиелейді. Бірақ заман ағымы гендерлік теңдікті қамтамасыз етуді талап етеді.

Қазақстандық студент қыздар. (Көрнекі сурет)
Қазақстандық студент қыздар. (Көрнекі сурет)

Дегенмен кейбір адамдар «қыз бала болашақ ана, адал жар ретінде ғана тәрбие алуы тиіс» деген консервативтік көзқараспен өмір сүреді. Қызылордада тұратын 29 жастағы Ерлан Мұсаев «ерекше бірдеңе» ойлап тауып, «ұлттық дәстүрлерді сақтау» мақсатында «болашақ келіндер клубын» ашуды ұсынады.

Белсенді жігіт Азаттық тілшісіне Алматы қаласында жүрген кезде жұрттың ауылдық жастарды «бойкүйез» деп жазғырған сөздерін көп естігенін, содан кейін «серпінді бірдеңе» жасау туралы ой келгенін айтады.

"Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін тау инженері мамандығы бойынша және Алматыдағы Қаныш Сәтпаев атындағы қазақ техникалық университетін бітірдім. Алматыда оқып жүргенде «Қызылорданың жастары артта қалған» деген сөздерді жиі еститінмін. Сол сөздерге намыстанып, патриоттық сезімім оянды" дейді Ерлан Мұсаев Азаттық тілшісіне.

Келіндер клубын құруды қолдайтын қызылордалық жастар Данияр Мырзағали (оң жақта) мен Азамат Оразбеков. Қызылорда, 24 маусым 2014 жыл.
Келіндер клубын құруды қолдайтын қызылордалық жастар Данияр Мырзағали (оң жақта) мен Азамат Оразбеков. Қызылорда, 24 маусым 2014 жыл.

Оның пікірінше, ауылдық жастарға креатив жетіспейді, ал қазір қыз балалардан «болашақ ана» тәрбиелеп шығаруды қайта жаңғырту қажет. Жас белсенді «Совет Одағында памперс, кір жуатын машина, микроволновка болмаса да, шешелеріміз бәріне үлгеретін. Ал қазіргі келіндер қол астында техниканың түр-түрі тұрса да, ештеңеге үлгемейді» дейді.

«Қызым, ыдыс жуа қойшы» деген әкені «әлі өмірі алда, жуып үлгереді» деп шеше қағып тастайды. Бойжеткен бұдан қандай тәрбие алады? Бұрын әйелдің жүгін буып-түйіп, үйден кетіп қалуы үлкен қасірет көрінуші еді. Қазір бұл үйреншікті жайтқа айналды, ұсақ-түйек кикілжің бола қалса бітті, келіндер төркініне жинала бастайды. Мұның бәрі - қыздарға дұрыс тәрбие бермеген үлкен кісілердің кінәсі" дейді Ерлан Мұсаев.

11 іс-шара өткізуге оның қоғамдық ұйымына бюджеттен бір миллион 900 мың теңге бөлінген. Ерлан бұл ақшаға кеңсе жалдап, бухгалтер мен көмекшісіне 35 мың теңгеден жалақы төлейді. Қазірге дейін қоғамдық ұйым креативтік екі шара өткізген, ал «болашақ келіндер» клубын ашуға қаржысы жоқ. Енді жас белсенді «болашақ келіндер» идеясын іске асыру үшін ақша іздеп жүр.

ОТБАСЫНДАҒЫ ҮЙЛЕСІМ

Жас белсенді Ерлан Мұсаев «болашақ келіндер» клубын ашу идеясын жергілікті ақпарат құралдары арқылы таратуға тырысады. Қызылорда – азаматтық белсенділер мен олардың таныстары аз шағын қала. Сондықтан Азаттық тілшісінің қоғамдық клуб аясында бойжеткендерді «отбасылық өмірге» үйрету идеясына қатысты сұрақтарына тұрғындардың көбі таңданған жоқ.

Қазіргі келіндер Айнұр Қалдыбек (оң жақта) пен Жадыра Кәрімова. Қызылорда, 24 маусым 2014 жыл.
Қазіргі келіндер Айнұр Қалдыбек (оң жақта) пен Жадыра Кәрімова. Қызылорда, 24 маусым 2014 жыл.

Қызылордада тұратын Айнұр Қалдыбек былтыр қарашада тұрмысқа шыққан. Ол болашақ келіндерге арналған клуб немесе мектеп жас шаңырақтың беріктігі мен татулығын сақтауға көмектеседі деп есептейді. Айнұрдың пікірінше, күйеуі мен оның туыстары қарапайым түсіністік танытпаған соң келіндердің ажырасып кетуі жиілеген.

"Анамның маған үйреткендері тұрмысқа шыққанда мүлде жарамай қалды. Күйеуімді, оның әке-шешесі мен бүкіл туыстарын құрметтеймін, ізет көрсетемін. Елден ерте тұрып, кеш жатамын. Біздің шаңырақта жанжал жоқ. Бірақ Қызылорда облысында келіндердің көбі күйеуінің туыстарымен бір шаңырақта тұрады, әрі солардың ығымен жүреді. Меніңше, отбасындағы жанжал да, түсініспеушілік те көбінесе осыдан шығады" дейді Айнұр Қалдыбек Азаттық тілшісіне.

Қызылорда облысы Жаңақорған кентінде тұратын 64 жастағы Сара Мақсұт келіндер клубын ашу идеясын қостамайды. Оның ойынша, қыз баланы «отбасы» деген ұғымға анасы баулып, отбасылық өмірдің қыр-сырын анасы үйретуі тиіс, ал бұл үшін арнайы клуб құрып қажеті жоқ.

Жаңақорған кентінің тұрғыны Сара Мақсұт. Қызылорда облысы, 27 маусым 2014 жыл.
Жаңақорған кентінің тұрғыны Сара Мақсұт. Қызылорда облысы, 27 маусым 2014 жыл.

"Мен Ресейде, Саратовта тудым. Тағдырдың жазуымен Қазақстанға келін болып түстім, оның өзінде оңтүстік жігітіне тұрмысқа шықтым. Шаңыраққа түскен келінді тұтқын сияқты ұстауға қарсымын. Қыздар бүкіл жас өмірін күйеуі мен оның толып жатқан туыстарына қызмет етуге арнайды. Көбі оқуын тастап кетеді, жұмыс істемейді. Көп жерде осындай тенденция байқалады. Үйдегі жанжал, зорлық-зомбылық, жастардың арасында ажырасудың жиілеп кетуі де осыдан шығады. Өзім төрт қыз тәрбиелеп отырмын, бәріне жоғары білім бердім. Сәлем салуды болмаса, әжелер басқа не үйрете алады? Санасы бар келін бәрін өзі-ақ үйреніп, тиісті жерде қазақтың салт-дәстүрлерін орындайды. Бірақ бұл үшін арнайы клуб немесе мектеп ашуды жөн көрмеймін. Одан да келіндер бірнеше жоғары білім алып, жан-жақты дамығаны дұрыс" дейді Сара Мақсұт.

Қызылорда облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Гүлмира Нұрбаева Азаттық тілшісіне облыста жастар саясатын іске асыру, әлеуметтік жастар жобалары туралы айтып берді. Оның айтуынша, келіндерге арналған клуб ашу әзірше «жоба емес, құр идея ғана».

Қызылорда облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Гүлмира Нұрбаева. Қызылорда, 24 маусым 2014 жыл.
Қызылорда облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Гүлмира Нұрбаева. Қызылорда, 24 маусым 2014 жыл.

​"Қазір аймақтағы азаматтық белсенділік күшейіп келеді. Облыста 40 шақты жастар ұйымы жұмыс істейді. Қызылорда облысындағы жас жігіттер мен қыздардың 66 пайызы ауылда, 32 пайызы қалада тұрады. «Жол картасы-2014-2015» бағдарламасы аясында 28 әлеуметтік жоба жұмыс істейді" дейді Гүлмира Нұрбаева Азаттық тілшісіне.

Әкімдік өкілінің айтуынша, жастар саясатын жүзеге асыруға «Жас Отан», «Студенттер альянсы», «Жасыл ел» партиялары мен қозғалыстары және ақпараттық-сараптамалық қамту орталығы көмектеседі.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG