Қызылорда облысы Қазалы ауданы Құмжиек ауылдық округіне қарасты Аққұдық, Қожақазған, Тапа және Шиелі ауылдарының жайылымдық жеріне биыл жаз шыға тағы да шегіртке қаптады. Жергілікті малшы Ерлан Жұмабаев он күн бұрын жайылымға түскен зиянкес жәндік мал азығын түк қоймай жалмап бара жатқанын айтады.
- Екі апта ішінде көбейді. Мал шаруашылығына қиын боп тұр, жазғы бейнет осы, - дейді ол.
Тұрғындар жаз мезгілімен бірге келетін шегірткемен арпалысып келе жатқандарына биыл жетінші жыл екенін айтады. Олар шегіртке түскен жерге мал жайылмай қояды дейді.
- Мал ерте келеді. Қолға ерте аламыз. Шегіртке жоқ кезде малдың күйі жақсы еді. Болашақта не болатынын айта алмаймын, - дейді Тілеуқабыл Жайлаубай есімді тұрғын.
Қазалы аудандық агрошаруашылық инспекциясы өкілдерінің айтуынша, италияндық прус шегірткесі деп аталатын зиянкес жәндікке қарсы күреске республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны игеруші компания 27 мамырдан бастап жұмысына кіріскен. Өңдеу жұмыстары 20-25 күн бойы жүргізілмек.
- Маусымнан бастап дельтаплан жалдап, жер агрегаторлары бармаған жерге өңдеу жұмыстарын жүргіземіз, - дейді Қазалы аудандық агрошаруашылық инспекциясы басшысы Болат Достыбай.
Оның сөзінше, өткен жылы 30 мың гектар жайылым жерге химиялық өңдеу жүргізілсе, биылғы жылы жұмыс бес мың гектарға азайған. Тұрғындар жылда жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстары келесі жазда қайта шығатын шегірткеден қорған болмайтынына кейиді.
- Ол дәрінің пайдасы жоқ. Сеуіп кетеді, артынан барсаң қаптап жүреді, - дейді Қазалы ауданында тұратын Көлжан Бекділдә.
Мамандар зиянкес жәндіктің жылда пайда болуының себебін "шегіртке өзі уланса да келер жылға ұрық тастап үлгеретіндіктен" деп түсіндіреді.
Биыл Қызылорда облысы бойынша 160 мың гектар жерге шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Бұған дейін сәуірдің басында Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция жетекшісі Ержан Айнабеков биыл елде "1,5 миллион гектардан аса жерге шегіртке таралуы мүмкін" деп болжанып отырғаны және зиянкес жәндікке қарсы шараларға мемлекеттік бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінгені туралы мәлімдеген.