ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕР ТАПШЫ
Алматы облысы Ақсу ауданының тұрғыны Жеңіс Тұрсыновтың шаруашылығында 500-дей қой-ешкі, 40-қа жуық ірі қара, жылқы бар. Шаруа 49 жылға алған 175 гектар жердің 18 гектарына мал азығы деп арпа егеді. Ол жайылымдық жердің тарлығынан қиындық көріп отырғанын айтады.
- Бөлек шабындығымыз жоқ болғандықтан өз жерімізге екпе шөп өсіріп, шауып аламыз. Жайылымға жер сұрасақ, аудан әкімдігі Көшкентал ауылы аумағында жер жоқ дейді. Қарабұлақ ауданы Қоңыр ауылының маңында біреуден жайлауға жерді жалға алып отырмын. Жазда екі-үш ай сонда отырамыз, - дейді Жеңіс Тұрсынов.
Отбасында ата-анасы мен үш баланы бағып отырған шаруа иесі «мал басын өсіруге жердің тарлығы кедергі» болып отырғанына шағынады.
- Бір жерді таптай бергенше, маусымдық жайылым жасасаң жер де құнарын жоймайды ғой. Жазғы жайылымға әрқайсымызға 200 гектардан жер қосып берсе деген тілегіміз бар. Бірақ «бос жер жоқ» деген жауап естиміз, - дейді Жеңіс Тұрсынов.
Әкімдік өкілдерінің сөзінше, Ақсу ауданы былтыр Алматы облыс бойынша «пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылық жері ең көп аудан» ретінде аталған. Осы айда Көшкентал ауылының тұрғындары 120 гектар жердің егістік мақсатында игерілуіне қарсылық білдіріп, «бос жатқан» жерді жайылымға айналдыруды талап еткен еді. Қазақстанның әр аймағындағы жайылымдық жерге қатысты даулы мәселелер жайлы Азаттық бұған дейін жазған.
Оқи отырыңыз: Атбасарлықтар жер жетпей жатқанын айтады
ЖАЙЫЛЫМДЫ ЗАҢМЕН РЕТТЕУ
Ресми деректер бойынша, Қазақстанда 188 миллион гектарға жуық жайылымдық жердің 80 миллион гектары, яғни 43 пайызы ғана пайдаланылып отыр.
- Ал 27 миллион гектары тозған және оның басым бөлігі елді мекендер маңайындағы жерлер, - дейді «Жайылымдар туралы» заң жобасын әзірлеуге қатысып жатқан мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев.
Оның пікірінше, қазіргі кезде реттеу мен жоспарлау жолға қойылмағандықтан, жайылымдар дұрыс пайдаланылмай отыр.
- Мәселен, жайылымға ие, бірақ малы жоқтары бар. Екіншіден, орман, су шаруашылығына, мемлекеттік қорықтарға өткен жерлер бар. Олар да реттелмеген. Және бір гектарға шаққанда бағылатын малдың нормалары нақтыланбаған, - дейді Жексенбай Дүйсебаев.
Депутаттың сөзінше, қазір мәжілісте қаралып жатқан «Жайылымдар туралы» заң жобасы «жайылымды ұтымды пайдалану» тәртібін реттеп, оны тиімді басқару тетіктерін айқындауға бағытталмақ.
- Ауыл төңірегінен ұзатпай баққан малмен салыстырғанда отар, табынмен шалғай өріске шығарып жайған малдың әлдеқайда қоңды болатынын әлемдік тәжірибе көрсеткен. Қазақстанның бұл салада тарихи бай тәжірибесі де, жеткілікті ресурсы да бар. Заң жобасын талқылағанда мал жайылымын кеңейту ұсынылды, - дейді ол.
2003 жылы «Жер кодексі» қабылданғанда парламенттегі жұмыс тобының мүшесі болған, жер қатынастарына байланысты бірнеше зерттеу авторы Тоқтар Есіркепов 1990-жылдардағы нарық экономикасына өту, жекешелендіру, жер реформалары кезінде жайылымдық жерге дұрыс көңіл бөлінбей қалғанын айтады.
- Мал шаруашылығы назардан тыс қалып, үкімет бар күшті егіншілікті дамытуға салды, - дейді ол.
Тоқтар Есіркепов жердің санаулы адамдардың қолында шоғырлануына, иелігіндегі жерді пайдаланбай құр ұстап отыруға жол бермеуді көздейтін ережелер қолданыстағы заңда да бар екенін айтады.
– Мәселен, жер мақсатты пайдаланылмаса, екі-үш жылдан кейін ол жердің сұрауы болады деген бап жер кодексінде қарастырылған. Бірақ «Жер кодексі» қабылданғаннан бері 13 жыл ішінде оны кім сұрады? Жерді түгендеудің (инвентаризация) өзі екі жыл бұрын ғана жасалып бітті. Мәселе заңның орындалмауында болып тұр ғой, - дейді Тоқтар Есіркепов.
Қазақстан үкіметінің биыл елдегі ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді жекешелендіру және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту жоспары тұрғындардың қарсылығына кезікті. Елдің бірнеше аймағында көпшіліктің қатысуымен наразылық акциялары өткен соң президент Нұрсұлтан Назарбаев мамырдың 5-і күні Жер кодексінің даулы баптарына мораторий жариялап, жер реформасын талқылау үшін үкімет жанынан комиссия құрылған. Құрамына парламент депутаттары, үкімет мүшелері, саяси партиялар мен агробизнес, салалық қауымдастықтар өкілдері, ғалымдар мен бірқатар азаматтық белсенді енген комиссия жыл соңына дейін жұртшылықтан жер мәселесіне қатысты түскен ұсыныстар мен ескертпелерді жинап, саралап, кейін парламенттің қарауына ұсынуы тиіс.
Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Самат Сәрсеновтің келтірген мәліметі бойынша, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылып жүрген 100 миллион гектар жерге қоса, соншама көлемде бос жатқан босалқы жер тіркелген. Статистика агенттігінің 2016 жылғы дерегінше, елде 7 миллион 427 мың 223 бас ірі қара, 2 миллион 333 мың 908 жылқы, 3 миллион 137 мың 743 ешкі, 20 миллион 928 мың 91 қой бар.