Accessibility links

Астана өзінің ауыл шаруашылық жерлеріне шетелдік инвесторларды шақыруда, бірақ олар асығар емес


Солтүстік Қазақстан облысындағы астық орағы.
Солтүстік Қазақстан облысындағы астық орағы.

Батыс баспасөзі Батыстың, Таяу Шығыстың және Азияның бірқатар елдері Қазақстанның аграрлық секторын қаржыландырғысы келетінін хабарлайды. Астананың шетелдік инвесторларға бермек болып отырған жері - көлемі жағынан тұтас бір Голландияға тең.

ЖАПОНИЯ МЕН БАӘ-нің ЖОБАЛАРЫ

«Файнэншл Таймс» газетінің 16 шілдедегі санында өз тілшілері Эндрю Ингландтың Әбу-Дабиден жолдаған хабарламасы жарық көрген. Онда Біріккен Араб Әмірліктері өздерінің азық-түлік қорларының қамы үшін Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландыруды жоспарлауда делінген.

Азаттық радиосы өз зерттеуінде Қазақстандағы биліктің шетелдік инвесторларға 3,5 миллион гектар аграрлық жер беруге даяр екенін жазған болатын. Сол мақалада біз мың қытайлық шаруаның Алматы облысының шетіндегі Алакөл ауданына кіріп кеткенін француздың «Ле Монд» газетінің жазғанын ескерткен едік.

Біріккен Араб Әмірліктері ақпараттық агенттігінің хабарлауы бойынша үш күндік сапармен Қазақстанда болған ел королі шейх Халифа бин Заид Ан-Нахайан өз елінің азық-түлік импорты қайнар көздерінің жағрапиясын кеңейтуді қалайтынын мәлімдеді.

Жер иелену мүмкіндіктерін талқылау мақсатымен Сауд Арабиясының ресми өкілдері Австралияға, Латын Америкасы мен Оңтүстік және Солтүстік Африка елдеріне, Түркия, Украина және Вьетнамға, ал, ортаазиялық аймақтан тек Қазақстанға ғана сапар шегіп қайтқан. Бұл турасында 21 мамыр күні британдық «Экономист» басылымы хабарлады.

«Блумберг» агенттігінің 27 сәуірдегі хабарламасы бойынша дәнді дақылдардың әлемдегі ең ірі импортері болып саналатын Жапония өз азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін де, әлем бойынша өсіп келе жатқан өнімге деген сұранысты қанағаттандыру үшін де ауыл шаруашылығы өндірісіне, қайта өңдеу және дайын өнімді шетелге тарату ісіне қаржы салуда отандық компанияларға қолдау көрсетпек.

Жапония үкіметі компаниялардың өзге елдердегі ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алуына, жалға алуына субсидия беруді жоспарлап отыр деп мәлімдеді Минемитсу Хирано, ауыл, орман және балық шаруашылығы министрлігі халықаралық қатынастар бөлімінің кеңесшісі. Оның айтуынша, үкімет сондай-ақ дамушы елдердегі инфрақұрылымды жақсартуға көмектеседі: қойма, терминал және тасымалға арналған порт жабдықтарын салу жоспарда бар.

«Біздің жаңа жоспарымызда астық-бидай тасымалын қамтамасыз ету үшін Латын Америкасы, Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдеріне инвестиция салу қарастырылған», - деген Минемитсу Хирано ауыл шаруашылығы саласына арналған жапон инвестициясы бағытталуы мүмкін нысаналардың бірі ретінде Қазақстанды да атады.

«ІСКЕРЛІК ТҰРҒЫДАҒЫ НАҚТЫ ӘҢГІМЕ ӘЛІ БОЛҒАН ЖОҚ»

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 3,5 миллионнан астам гектар жерді шетелдік инвесторларға беруге даярлығы жайында Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеме жасаса да аталмыш елдердің бір де біреуі Қазақстанға келуге асығатын емес.

Бұған Азаттық радиосы Қазақстанның жергілікті, атап айтқанда, қызметі жөнінен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік инвесторларға беруге жауапты Батыс Қазақстан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының атқарушы билік органдары өкілдерімен әңгімелесу арқылы көз жеткізді.

Тағы бір рет еске сала кетейік, ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдемесі бойынша әр түрлі себептермен ауыл шаруашылығы айналымына қатыспайтын 3,5 миллион гектардан аса жер он облыста жатыр, әсіресе Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында.

Қостанай облысының жер қатынастары жөніндегі басқармасының бастығы Ахмедия Мәдиев бірқатар елдің өкілдері келгенін, бірақ ұсынылған жер телімдерін қараумен ғана шектелгенін айтады. «Жалпы әңгімелер болды, ал, нақты әңгіме болған жоқ. Жанама әңгімелерді айтып-айтып, қайтып кетіп жатыр. Израильден, тағы бір елдерден келіп кетті. Бірақ, іскерлік тұрғыдағы нақты әңгімеге әлі
Қостанай облысындағы егістік жерде көктеп тұрған бидай. Шілде, 2009 жыл.
ешкім келе қойған жоқ», - деп торықты Ахмедия Мәдиев.

Шығыс Қазақстан облысы да табиғатының қолайлылығы мен топырағының құнарлылығы жағынан салыстырмалы түрде елдің тартымды аймағы болса да, шетелдік инвесторлардың назарына зәру болып отыр.

Мәселен, Азаттық радиосына сол облыстың жер қатынастары жөніндегі басқармасының бастығы Қонысбай Төлеубеков қолында аймаққа шетелдіктер келді деген ешбір мәлімет жоқтығын мәлімдеді. «Облыстың жай-күйін мен іс жүзінде жақсы білемін», - деді аймақтық шенеунік.

«Құнарлылығы мен сапасы жағынан бізде әртүрлі жер телімдері бар. Ол балбонитет бойынша анықталады, - деп түсіндірді Қонысбай Төлеубеков. – Жеріміз түгелдей құнарлы деуге болмайды. Бірақ, балбонитеті жақсы аудандар бар. Бұл – жердің сапасының, қарашірік қабатының, құнарлы топырағының болуы.

Балбонитет төмен болып келетін жер телімдері де бар. Мәселен, біздің кейбір жерлерімізде балбонитет көрсеткіші 66 пайызды құрайды. Ондай жерлер Зырянов ауданында бар. Шемонайха ауданында балбонитет 62 пайыз. Риддер қаласында – 60 пайыз және солай-солай.

Біздің балбонитеті өте төмен жерлеріміз де бар. Мәселен, Бесқарағай ауданында орташа есеппен балбонитет 15 пайызды құрайды».

Батыс Қазақстан облысындағы ахуал сәл жақсырақ. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласын басқаратын облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықовтың айтуынша, облыстың ауыл шаруашылығы жерлеріне, қызық болғанда, негізінен еуропалық, әсіресе батысеуропалық елдер қызығушылық танытуда.

«Біз қазір байланыс орнатудамыз. Облысымызда Чехия адамдары болды. Жуырда ғана Италия сыртқы сауда палатасының өкілдері болып қайтты. Германиядан да адамдар келді.

Сауд Арабиясының өткен жылы Астанада өткізген үлкен бизнес-форумында біздің делегациямыз болған. Бізде оларға ұсынатын дүниелер бар. Мәселен, бізде Еділбай қойы тұқымының іргелі негізі бар. Сондай-ақ тері шикізатының мол ресурсы баршылық.

Менің білуімше, әзірге Сауд Арабиясы Ақмола және Павлодар облыстарында жұмыс істеуде. Бірақ, біздің ұсыныстарымызға айтарлықтай қызығушылық танытпады. Бізге де нақты ұсыныспен келген жоқ», - деп Ербол Салықов нақты мысал келтірді.

ИНВЕСТОРЛАР ТАНЫСУ НИЕТІМЕН ҒАНА КЕЛУДЕ

Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары жөніндегі басқармасының бастығы Әлібек Сәтпаев шетелдіктердің әрдайым да осы аймаққа қызығушылық танытатынын жеткізді.

«Себебі – біз жоғарғы сапалы бидай өсетін жерде отырмыз. Күн сәулесі мол. Бұрын, Совет Одағы кезінде оңтүстік-шығыс белдеуі даңқты еді, біз тура сол белдеуге жатамыз», - деп нақтылады Әлібек Сәтпаев.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Салықовтың айтуынша, шетелдік инвесторларға тек осы аймақтан ғана ауыл
Қорғалжыңдағы жайылымды жер, Ақмола облысы.
шаруашылығы дақылдарын өсіруге және мал шаруашылығына қажетті бас-аяғы 1 миллион гектарға дейін егіс алқабы мен жайылым алаңын бере алады екен.

Өзге шенеунік, Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары жөніндегі басқармасының бастығы Әлібек Сәтпаевтың сөзіне қарағанда облыстың запасында да, арнайы қорында да тура сол инвесторларға беруге арналған жерлер бар.

Сонымен қатар, облыс ықтимал инвесторлардың қаржы-қаражат салып, дамытуына мал шаруашылығын, оның ішінде асыл тұқым, жүнді тұқым өсіруді, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді, өсімдік шаруашылығын, т.б. ұсынады. Алайда, Ербол Салықов мойындағандай шетелдік делегациялар мен инвесторлар әзірге көбіне-көп танысу үшін ғана келуде.

«Шетелдік инвесторлар біздің табиғатымыздан қорқады, - деді жер қатынастары жөніндегі басқарма бастығы Әлібек Сәтпаев. – Біздің аймақ жер өңдеудің тәуекелі жоғары белдеуінде тұр».

«Бұл ешкімге де құпия емес. Жаңбыр аз жауады. Мүмкін, мәселе сонда шығар?! Бірақ, біз интернетке барлық мәліметті, жеріміздің табиғаты туралы мәліметтерді де енгізгенбіз».

«Бұлардан басқа, - деп нақтылайды Әлібек Сәтпаев, - инвесторларды көлік инфрақұрылымы мен оның қаншалықты дамығандығы қызықтырады, мәселен, темір жолдың, су жолдарының және басқа да тасымал әдістерінің жақындығын анықтайды».

«Бірақ, ықтимал инвесторларды қызықтыратын немесе қобалжытатын осындай мәселелердің бәрін бел шешіп, осында келген инвесторлардың қатысуыменен шешуге болады», - дейді Әлібек Сәтпаев.

ӘР ШЕНЕУНІКТІҢ МӘЛІМЕТІ ӘРТҮРЛІ

Біз бұрын хабарлағанымыздай, ауыл шаруашылығының вице-министрі Арман Евниев мамыр айында ауыл шаруашылығына арналған жерлер әлі де мемлекет меншігі болып қала береді деп мәлімдеген болатын. Сол ауыл шаруашылығы мекемесінің биік мәртебелі шенеунігі әлгі жерлердің 49 жылдық мерзімге алған жер пайдаланушылардың иелігінде екенін айтқан еді.

Ал, Азаттық радиосы байланысқа шыққан аймақтық шенеуніктер өздері де білместен Арман Евниевтің «шамалы ғана бөлшегі
Алматы облысының шаруа қожалығындағы мал төлі. Мамыр, 2009 жыл.
жекеменшікке сатылған, ал, қалғанының бәрі ұзақ және ортамерзімді жалға берілген» дегенін жоққа шығарды.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы бойынша жер қатынастары жөніндегі басқарма бастығы Қонысбай Төлеубеков жекеменшікке берілген жер телімдерінің үлесі 10 пайыздан аспайды деді. Ол өзінің қателесіп тұруының да мүмкін екенін ескерткенімен, қалай болғанда да 10 пайыз деген вице-министр мәлімдеген мөлшерден әлдеқайда көп.

Жалпы алғанда, Қонысбай Төлеубековтың айтуынша, бір Шығыс Қазақстан облысы бойынша ғана 8 миллион 672 мың гектар ауыл шаруашылығына арналған жер агроқұрылымдардың иелігінде және оның негізгі бөлігі ең ұзақ мерзім – 49 жылға жалға берілген.

ЖЕР – АЙМАҚТЫҚ ЭЛИТАНЫҢ МАЙШЕЛПЕГІ

Алайда, мейлі, Германия, Италия, Чехиядан болсын, Таяу Шығыс (Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері немесе Израиль) елдерінен болсын, мейлі, Жапониядан болсын, шетелдік инвесторлардың қазақ жерлерін әзірге жай ғана бақылап жүргендеріне Азаттық радиосының көзі жетті.

Аймақтық шенеуніктердің бірі айтқандай, шетелдіктерді аймақтардың, әсіресе, Солтүстік, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарының
Балташ Тұрсымбаев, Қазақстанның бұрынғы ауыл шауашылығы министрі. Алматы, наурыз, 2009 жыл.
табиғаты, немесе одан да сорақысы – аймақтың жер өңдеудің тәуекелі жоғары белдеуінде тұруы «қорқытады». Ал, Азаттық радиосының әңгімелесушісі, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Балташ Тұрсымбаев мәселенің себебін бұдан ғана көріп отырған жоқ.

Осының бәрін былай қойғанда, Қазақстанның бай жер қойнауларын игеруге ғана емес, сонымен бірге оның аграрлық секторына да капиталын салмас бұрын шетелдіктерді қатты ойландыратын басты мәселелердің бірі — елдегі барлық билік тармақтарын көлденеңінен де, тігінен де шырмаған жемқорлық болса керек.

Бұл тұста астын сызып айтатын бір мәселе бар, Қазақстанда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация (ӘКК) институты енгізілгеннен кейін облыс, аймақтардағы негізгі қорлар мен активтердің барлығы, тіпті, демалыс үйлеріне дейін тиімсіз болса да сол әлгі ӘКК-ның басқаруына берілді.

Нәтижесінде жергілікті элиталар өздерінің аумағындағы қаржы арналарынан да біржола айырылды. Жер – аймақтық элита құзырында қалған жалғыз майшелпек болып тұр.

«Қасқырға қой бақтырды» дегендей, Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін аграрлық өнім өсіру үшін шетелдік резиденттер мен жалгерлерге беру құқығы тура сол жергілікті атқару органдарының – облыс, қала, аудан әкімдерінің құзырына берілген.

Мұны Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша аймақаралық жер инспекциясының бастығы Мереке Дифаев та, Шығыс Қазақстан облысы бойынша жер қатынастары жөніндегі басқарма бастығы Қонысбай Төлеубеков та растады.

Енді шетелдіктердің инвестициялары арқылы өзінің агроөнеркәсіптік саласын көтеруге ұмтылған Ақорданың бұл ақ ниеті жергілікті билік деңгейіндегі жемқорлықтың батпағына батып кетуі мүмкін дейді күмәншіл жандар. Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерін тек бір Қытай инвесторлары ғана игере алады, өйткені оларға әр түрлі деңгейдегі жергілікті шенеуніктердің жемқорлық схемалары — «іздегенге – сұраған» деген пікірде Балташ Тұрсымбаев.
XS
SM
MD
LG