Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері бұл қызметке оннан астам адам келіпті, олар халықтың есінде қалай сақталды?
Қазіргі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова міндетін 2018 жылдың ақпанынан бері атқарып келеді. Осы қызметке келгеніне бір жыл толар-толмаста ол қоғам сынына ұшырап үлгерді.
Астанадағы жер үйде өрт болып, бір отбасының бес баласы опат болған соң Қазақстанның түрлі аудандарындағы жүздеген адам Әбілқасымова мен оның мекемесін көп балалы отбасылардың қиын жағдайы үшін айыптады.
Министрдің өзі ашулы сын-пікірлерді «министрліктің көптеген қиын мәселелермен бетпе-бет келетінімен» түсіндірді. Әйелдердің талабынан соң ол алғаш рет бірнеше қалада болған жағдайға түсініктеме беріп, «қорытынды шығаратынын», шара қабылданатынын айтты.
ВИДЕО: "Сыннан қорытынды шығаруға тырысамыз". Астана. 12 ақпан, 2019 жыл
Әбілқасымоваға дейін халықты әлеуметтік қорғау саласында оннан астам министр ауысты. Біреулері өз еркімен кетті, енді бірін қызметінен алды, тағы біреуіне тіпті жұмыртқа лақтырды.
КОММУНИСТЕРДЕН - "БОЛАШАҚ" ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДЕЙІН
Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары әлеуметтік қамтамасыз ету және тұрғындарды әлеуметтік қорғау деп аталған министрліктің алғашқы басшысы Зәуре Қадырова (1990-1995) болды. Бұған дейін ол сол кездегі Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы және бюро мүшесі болған еді.
Қадырова қызметінен өз еркімен кеткен еліміздегі ең алғашқы министр болды. Кейін зейнетке шыққан соң ол өткен кезеңді еске алып, өз еркімен жұмыстан кетуін министрлер кабинетіндегі келіспеушілікпен және «халықты алдағысы келмеу» ниетімен түсіндірді.
- Министрлер кабинетіндегі әріптестеріммен «түсінбестік» көп болды. Менің қысымыма төтеп бере алмаған үкімет жағдайы қиын тұрғындарға түрлі жеңілдіктер жасауға уәде берді, бірақ ештеңе істемеді. Мен осындай игі ниетіміз бар екенін халыққа жеткіздім, бірақ соңында оларды алдағандай болып шықтым. Соған шыдамай қызметтен кеттім, - деді ол 2012 жылы.
Министр қызметінен кеткен соң Қадырова 2007 жылға дейін парламент мәжілісінің бірнеше шақырылымында депутат болды. Сонда әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетті де басқарды.
Кейін халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне басшы болып Байкәрім Түтенов (1994-1995), одан кейін Сейітсұлтан Әйімбетов (1995-1996) тағайындалды. Дағдарыс жылдарында министрлікті аз уақытқа қана басқарған олардың қызметінде ел есінде қаларлықтай ештеңе болмады.
1996 жылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін біріктірген соң Наталья Коржова алғашқы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып үш жыл қызмет атқарды.
Коржованың тұсында зейнетақы жасы ұлғайтылды (әйелдер жасы 55-тен 58-ге, ердердің жасы 60-тан 63-ке), зейнетақы жинақ жүйесі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Кейінгі жылдары Коржова қаржы вице-министрі, экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, қаржы министрі болды. 2017 жылдан бастап қаржы министрлігінің жауапты хатшысы болған ол кейіннен зейнетке шықты. Қазір Коржова - Қазақстан қаржы академиясының президенті.
Коржовадан соң да бұл қызметке белгілі адамдар тағайындалды. 1999-2000 жылдары министр болған Николай Радостовец – қазір «Еуразия өнеркәсіп қауымдастығының» вице-президенті. Ал 2000-2001 жылдары министр болған Әлихан Байменов - қазір мемлекеттік қызмет саласындағы басқарушы өңірлік хабтың басшысы.
Президенттің бұрынғы көмекшісі Гүлжан Қарағұсованың еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған кезі ел есінде қалды. Басқалармен салыстырғанда осы қызметті ұзақтау атқарған - алты жыл басқарған ол ейнетақыны қайта есептеу жүйесін енгізген соң қатты сынға ұшырады.
Ал 2004 жылы жаңа еңбек кодексін талқылау кезінде Қарағанды облысының 13 бірдей салалық кәсіподағы Қарағұсованың қызметінен кетуін талап етіп, жұмыс берушілердің мүддесін қолпаштап отыр деп айыптады.
Министрдің өзі кодекс халықаралық стандарттарға сай жасалғанын айтты, ал өз қызметін «үнемі таяқ жейтін» деп атады. 2016 жылдан бері Қарағұсова «Нұр Отан» партиясы атынан парламент мәжілісінің алтыншы шақырылымының депутаты, қаржы және бюджет жөніндегі комитет төрайымы.
ЖҰМЫРТҚА ЛАҚТЫРУ
Қарағұсовадан соң бұл қызметке қазір Ақтөбе облысының әкімі болып жүрген Бердібек Сапарбаев (2007-2009) келді. Одан кейін Гүлшара Әбдіхалықова (2009-2012) министр болған тұста Жаңаөзен оқиғасы болды.
Маңғыстау облысындағы мұнайшылар бірнеше ай бойы ереуілге шығып, жалақыны көтеру мен еңбек шартын жақсартуды талап етті, оның соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, полиция митингке шыққандарға қарсы оқ атты.
Осы қайғылы оқиғаға дейін Әбдіхалықова ереуілдеушілердің талаптары орынсыз, еңбек заңнамасына сай емес деп мәлімдеген. 2014 жылдан бері Әбдіхалықова – мемлекеттік хатшы.
Осы саладағы ең жас басшы, 35 жасында небәрі бірнеше ай ғана министрлікті басқарған Серік Әбденов (2012-2013) «потому что, потому что» сөзімен танымал болды. Ол әйелдердің зейнет жасын ұлғайту туралы бастамасы үшін сыналған еді.
ВИДЕО: Министр Серік Әбденовке жұмыртқа лақтыру. Алматы. 26 сәуір 2013 жыл
Ол министр болып тұрғанда Астана мен Алматыда декреттік төлемді қысқартуға қарсы наразылық акциясы өтті. Ал баспасөз конференциясының бірінде азаматтық белсенді Андрей Цуканов министр Әбденовке жұмыртқа лақтырды.
Ол 2018 жылы да Oil Construction Company мұнай сервистік компаниясының бас директоры қызметін атқарғанда да мұнайшыларды жаппай жұмыстан шығарып, көзге түсті.
2014 жылдың тамызында президент жарлығымен денсаулық сақтау министрлігі мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі біріктірілді. Жаңадан құрылған денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігін Тамара Дүйсенова басқарды. 2017 жылдың қаңтарында министрлікті қайтадан бөлгенде ол әлеуметтік қорғау министрі болып қалды.
Алайда 2018 жылдың ақпанында «міндетті медициналық сақтандыруды енгізуді» кейінге шегергені үшін президент Назарбаев оны топ алдында сынады.
«Тамара, не болды, сен бұл қызметтен шаршадың ба?», - деп сұрады Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында. Осыдан кейін Дүйсенова да қызметінен босады. Қазір Дүйсенова – «Нұр Отан» партиясының хатшысы.
Қазіргі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова 40 жаста. Ол - Қазақ мемлекеттік басқару академиясының түлегі, Гарвард университетінің Джон Ф. Кеннеди атындағы басқару мектебі мен Колумбия университетінің халықаралық қатынастар магистратурасын бітірген.
Ол бұған дейін экономикалық даму және сауда вице-министрі, экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі қызметін атқарды. Қазір оған қарайтын мекеменің міндетіне еңбек және халықты жұмыспен қамтамасыз ету, әлеуметтік сақтандыру, азаматтардың түрлі санатына әлеуметтік қолдау көрсету және жәрдемақы тағайындау міндеті кіреді.
ПІКІРЛЕР