Accessibility links

Суахили, "Қазпошта" һәм Twitter


Компьютер басында отырған қолданушы. Көрнекі сурет
Компьютер басында отырған қолданушы. Көрнекі сурет
Қоғам мен кейбір ұйымдардың назарын қазақ тілін дұрыс қолдану мәселесіне аудару үшін әлеуметтік желілердің ықпалды тетік екені аңғарыла бастады.

Осы аптада қазақтілді қолданушыға орысша жауап берді деп сипатталған "Қазпошта" қызметкерінің басы "дауға қалды".

Сол үшін кешеден бері өздерін қазақ тілінің жанашыры есептейтін интернет-қолданушылар "Қазпоштаның" аккаунтына «шабуыл жасап», арыз-реніштерін айтып жатыр.

ДАУДЫҢ БАСЫ...

@Arystan Patsha есімді қолданушы наурыздың 12-сі күні Твиттерде "Қазпоштаға" қойған сауалына қазақша жауап беруін сұраған.

Ал бұған жауап берген "Қазпошта":

«Фолловерлердің арасында суахили тілінде де сөйлейтіндер болуы мүмкін, енді әрбір твитті аударып отыру қажет пе? Ең танымал тілді қолданамыз» деп жауап жазған.

Қазақтілді қолданушы мен "Қазпоштаның" Twitter-дегі "төбелесі". Алматы, 12 наурыз, 2013 жыл
Қазақтілді қолданушы мен "Қазпоштаның" Twitter-дегі "төбелесі". Алматы, 12 наурыз, 2013 жыл


Осыдан соң көптеген қазақтілді қолданушылар "Қазпоштаның" жауабына ашуланып, кешірім сұрауды талап ете бастады.
Бұл твиттерді көп кешікпей қазақ тілді Facebook іліп әкетіп, қолданушылар түрлі демотиваторлар мен карикатуралық суреттер жариялай бастады.

Саясаттанушы Айдос Сарым Facebook-та «Қазпоштаның» ірі компания екенін ескерте келе:

«Егер «Қазпошта» екі-үш тіл білетін қызметкерді жалдап, желіде қарапайым түрде тіл табыса алмаса, онда оның топ-менеджментінің көк тиындай құны жоқ.
Қазір нарықта екі емес, тіпті үш тілде қатар сөйлейтін, дөрекілік көрсетпей, мемлекеттік тілге, 70 пайызын құрайтын халықтың тіліне мұрнын шүйіре қарамай, керемет қарым-қатынас жасай білетін жүздеген, мыңдаған қыз-жігіттер бар. Әлде бұл нарық емес пе? Тұтынушылар емес пе?..." деп ренжиді.

Ал әлеуметтік желі арқылы тараған ақпарат көптеген қазақтілді сайттарда басылып, қызу талқылана бастады.

Abai.kz сайты бас прокурордан "мемлекеттік тіл және қазақ халқын қорлап, ұлтараздығын тудырған «Қазпошта» өкілін заң алдында жауапқа тартуды" сұрады.

Осындай наразылықтардан соң "Қазпошта" компаниясы кешірім сұрап, жауап жазған қызметкердің жазасыз қалмайтынын айтқан.

"Қазпоштаның" Twitter-дегі аккаунтында: «Құрметті достар! Біз әрқашан сіздің сұрақтарыңызға қазақ тілінде жауап береміз! Біздің СММ жасайтын адамның сөздері үшін кешіріміз сұраймыз!» деп жазылған.

ӘЛЕУМЕТТІҢ ЖЕЛІНІҢ ЫҚПАЛЫ

Әлеуметтік желілерде "қызметкерлердің қазақша сөйлемеуі", "қазақша жарнамалардағы қателік" сияқты ақпараттарға қазақ тілді қолданушылар тез реакция танытып, пікір білдіріп жатады.

Мұндай тақырыптар журналистердің назарына тез ілігіп, қоғамдық пікірталас нысанына айналады.

Мысалы, қаңтар айының соңында Павлодардағы Sulpak дүкендерінің бірінде "қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткені" үшін бір тұрғын дүкеннен қуылғанын жазған еді. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, ақырында дүкен иесі сол үшін кешірім сұраған еді.


Былтыр Аңса Мұстафа есімді интернет қолданушысы өзіне қазақша әріптердің орнына сұрақ белгісін теріп хат жазған жергілікті бір банкті сынап пост жариялаған. Бұдан соң әлгі банк кешірім өтініп жауап қатқан болатын.

Соңғы жылдары қазақ тілді қолданушылар жаппай Facebook және Twitter әлеуметтік желілеріне көше бастады. Мемлекеттік тілді сауатты түрде қолдану туралы талап-тілектер бұл желіде де жиі көтеріліп жатыр. Шағымданушылар өздері куә болған тіл нормасының бұзылуы мен азаматтық құқықтарын талап ету әрекеттерін тек мәтін түрінде ғана емес фото және видеопост түрінде де жариялап жүр.

Суахили - Танзания, Мозамбик, Конго демократиялық республикасы аумағында тұратын, банту тобына жататын халықтың тілі. Бұл тілде шамамен үш миллионнан астам адам сөйлейді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG