Accessibility links

Олимпиада сайтында Қазақстан Ресейдің аймағы деп аталған


Лондон Олимпиадасының ресми сайтындағы боксшы Сергей Водопьянов туралы ақпарат.
Лондон Олимпиадасының ресми сайтындағы боксшы Сергей Водопьянов туралы ақпарат.

Лондон олимпиадасының ресми сайтында ресейлік спортшылар туралы бір деректерде Қазақстанды Ресейдің аймағы деп таныстырғанын Қазақстан СІМ-нің өкілі «қынжылыс туғызатын қателік» деді.


«РЕСЕЙДІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АЙМАҒЫ»

ХХХ жазғы олимпиада ойындарының интернеттегі ресми парағы London2012.com сайтында боксшы Сергей Водопьянов Ресейдің Қазақстан аймағында туып өскен деп таныстырылған. Спортшы туралы деректегі «Мемлекет» деген тұста «Ресей Федерациясы» деп, ал «Туған мерзімі мен жері» деген тұста «20/09/1987 — Қазақстандық аймақ (RUS)» деп жазылыпты.

Сергей Водопьяновтың жасы 24-те, бойы – 169 сантиметр, жынысы – ер, спорттың бокс түрінен өнер көрсететіні, салмағы – 56 келі екені көрсетілген.

Спортшының гитара, кітап, музыка, кино, би мен гимнастикаға әуестігі, Мәскеу мемлекеттік тау-кен университетінде білім алғаны және ресейлік жаттықтырушы Олег Владимирович Меньшиковтың шәкірті екендігі жазылған.

Сол сияқты, 2012 жылғы Олимпиада сайтында ресейлік спортшы Надежда Торлопова туралы да ақпарат бар. Ол да Қазақстанда дүниеге келген. Бірақ, сайтта оның туған жері мен мерзімі көрсетілгеннен кейін тағы да RUS деген жазу тұр.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі олимпиаданың ресми сайтында спортшылардың өмірбаянына қатысты кеткен ағаттықтар жайлы Лондонға хат жолдаған деп хабарлады Tengrinews.kz сайты.

«Біз осынау қынжылыс туғызатын қателік жайлы Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті мен Лондондағы елшілікті хабардар еттік», – деген Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров.


УКРАИНА МЕН ГРУЗИЯНЫҢ ТАЛАБЫ

Лондон Олимпиасының сайтында Ресей құрамасындағы бірқатар спортшылар Армения, Беларусь, Грузия мен Украина сияқты елдердің тумасы болғанымен, олардың туған жері Ресей деп көрсетілгені байқалып отыр. Мысалы, ресми сайттағы Ресей құрамасындағы кейбір спортшылардың өмірбаянында мынадай «ресейлік» қалалар кездеседі: Гродно (Беларусь) және Рудный (Қазақстан). Дәл осындай белгілер Армения жерінде туған ресейлік боксшысы Михаил Алоян туралы ақпаратта да жүр.

Бұған қатысты әзірге тек Грузия мен Украина ғана өз қарсылықтарын білдірді.

Грузия Олимпиадаға қатысатын ресейлік спортшыларды орыстар деп айтуға қарсы болып отыр. Грузияның ҰОК (ұлттық олимпиада комитеті) Лондон олимпиадасының ұйымдастырушыларына өтініш жолдап, ресейлік екі спортшы туралы ақпараттың өзгертілуін сұрады.

Ресей құрамасының екі мүшесі – балуандар Бесик Кудухов пен Денис Царгуши туралы ақпаратта олардың туған жері RUS деп көрсетілген. Шын мәнінде, Кудуховтың туған жері Оңтүстік Осетия, ал Царгуши абхаздың Гудаута қаласында дүниеге келген.

Сондықтан Грузия аталған спортшылардың Олимпиада сайтында көрсетілген туған жері Ресей емес, Грузия деп түзетілуін талап еткен.

Еске сала кетейік, Грузия Абхазия мен Оңтүстік Осетияны Ресейдің ықпалындағы өз жерлері деп есептейді.

Украина да Грузияның ізінше ресейлік спортшылардың өмірбаяндарына түзету енгізуді талап етті. Украинаның олимпиадалық штаб өкілдері Лондон олимпиадасының ұйымдастыру комитетіне ресми сайттағы бірқатар ресейлік спортшылардың өмірбаянында кейбір спортшылар шыққан Украин қалалары ресейлік болып жазылғанын айтып, кеткен қателіктерді түзетуді сұрады.

Лондон Олимпиадасының ресми сайтында «көрсетілген тізімдер, ақпараттар нақтыланбаған және кез келген сәтте түзетілуі мүмкін» деген ескерту бар.
XS
SM
MD
LG