Accessibility links

Үстірт қорығын газ үшін құрбан етуі мүмкін бе?


Үстірттегі биіктігі 100 метрден асатын шоқы. Марк Пестов түсірген сурет.
Үстірттегі биіктігі 100 метрден асатын шоқы. Марк Пестов түсірген сурет.

Маңғыстау облысындағы Үстірт қорығы маңындағы Қансу газ кенішін барлау жұмыстары жүріп жатыр. Кей экологтар газ өндіру ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары тізіміне ұсынылған өлкенің қайталанбас табиғатын бүлдіреді деп санайды. Биліктің пікірінше, Қансу кен орнын игеру аймақтың әлеуметтік дамуына септеседі.

Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер әлемі бар Үстірт табиғи қорығы Маңғыстау облысы Қарақия ауданының күнгей жағындағы 223 мың гектар шөл және шөлейт жерді алып жатыр. Оны мекендеушілердің арасында қарақұйрық бөкені, үстірт арқары, қарақұлақ сілеусін (Caracal), борсық тұқымдасына жататын итаю, ителгі, құзғын сияқты Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек кездесетін жануарлар бар.

Үстірт қорығы 1984 жылы құрылған, ал 30 жылдан кейін қорықтың күнгей жағын тұтас қамтып жатқан Қансу кенішінің барлануы және игерілуі мүмкін деген әңгімелер айтыла бастады. Кенішті барлаумен айналысатын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілесі «ҚМГ-Қансу Оперейтинг» компаниясы сайтында Қансу кеніші 1970 жылдары жойылған 17 газ ұңғымасынан тұрады деп көрсетілген.

Тәуелсіз экологтар кенішті барлау жұмыстары мен газ өндіру ерекше қорықты бүлдіреді, ауыр техника әлі күнге бүлінбеген ландшафты бұзады, ал Қызыл кітапқа енген жануарлар өнеркәсіп шуынан безіп, бұл территориядан біржола кетеді деп бірден дабыл қаққан болатын.

«БАРЛАУ БАСТАЛДЫ, БІРАҚ ГАЗ ӨНДІРУ ЖАЙЛЫ АЙТУҒА ӘЛІ ЕРТЕ»

Үстірт қорығы (жасыл) мен Қансу кеніші (қызыл). Google maps-тен алынған спутник суреті.
Үстірт қорығы (жасыл) мен Қансу кеніші (қызыл). Google maps-тен алынған спутник суреті.

Қансу кен орны Үстірт қорығының күнгей жағын тұтас қоршап жатқанын картадан көруге болады. Қорық пен ұңғымалардың арасы - шамамен төрт немесе екі километр. Экологтардың пікірінше, мұндай «саңылау» тым аз – газ қорық аймағынан кемі 15 километр аулақ жерде өндірілуі тиіс. Бірақ Қансу кенішін барлау жұмыстары басталып кеткен, экологтар Азаттыққа ауыр техника мен жүк көліктері доңғалақтарының іздерінің суреттерін көрсетті.

Мұнай-газ саласы мамандары экологтардың пікірімен келіспейді. «ҚМГ-Қансу Оперейтинг» компаниясының бас инженері Жеңісбек Сағындықовтың Азаттыққа айтуынша, барлау жұмыстарының қоршаған ортаға әсері мардымсыз болады.

- Біріншіден ол [кеніш] қорық территориясында жатқан жоқ, ол қорықпен құр шектеседі әрі ол жақта заңда көрсетілген табиғатты қорғауға қатысты шаралардың бәрі қарастырылған. Әр жоба мемлекеттік органдармен келісу сатысынан өтеді, олар барлық жағынан қарайды - дейді инженер.

Жеңісбек Сағындықов «газ өндіру жайлы айтуға әлі ерте, газ өндіріле ме, жоқ па деген мәселе барлау жұмыстарының нәтижесіне қарай шешіледі» дейді.

- Барлау жұмыстарына қатысты келісім-шарттың мерзімі 2019 жылға дейін бекітілген. Ол жақ совет заманында да бұрғыланған, газ барын анықтаған, бірақ барлау соңына жетпеген. Сосын оны тоқтатып қойған. Қателеспесем, 1972 жылы ғой деймін. Бұл мәселе [кеніштен газ өндіру]кейін қаралатын болады. Қазір сізге жауап бере алмаймын, - дейді Жеңісбек Сағындықов.

Қызыл кітапқа кенген Үстірт арқарлары. Марк Пестов түсірген сурет.
Қызыл кітапқа кенген Үстірт арқарлары. Марк Пестов түсірген сурет.

Ресейлік ғалым әрі биология ғылымдарының кандидаты Марк Пестов Қазақстанға жиі келіп жұмыс істейді әрі Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары тізіміне енгізуді қолдайды. Сарапшы түбі Қансу кенішін игеру туралы шешім қабылданса, қорықтың ерекше экожүйесі бүлінеді деп санайды.

- Бұл қорық үшін апат болады– оның бүкіл оңтүстік жағы өте ауыр антропогендік қысымға ұшырайды, сондықтан ол жақта табиғатты қорғауға қатысты нормативтердің бәрі әлдебір ғажаптың күшімен орындалса да, ірі құстар мен аңдар қаптаған адам, ауыр техника мен шудан үркіп, ол жақтан ауып кетеді. Бірінші кезекте бұл аша тұяқтылардың екі түрі - үстірт арқары мен жайранға қиын тиеді, қорық негізі соларды қорғау үшін құрылған, - дейді ғалым.

ЮНЕСКО ТІЗІМІНЕ ЕНУ МҮМКІНДІГІ ЗОР

Қазір ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары тізімінде Қазақстан территориясындағы үш табиғи нысан бар – Сарыарқа (Қорғалжын және Наурызым қорықтарын қоса алғанда, Солтүстік Қазақстандағы дала мен көлдер), Ұлы Жібек жолының трансшекаралық нысаны (Қытай мен Қырғызстанмен бірлескен жоба) және «Батыс Тянь-Шань» трансұлттық нысаны (Қырғызстан мен Өзбекстанмен бірлескен жоба). Сарапшылар пікірінше, Үстірт қорығының ЮНЕСКО тізіміне енуге үлкен мүмкіндігі бар.

Қансу кеніші аумағында түсірілген жүк көліктері ізінің суреті. Экологтар көлік іздерінің бірнеше жыл сақталатынын айтады. Марк Пестов түсірген сурет.
Қансу кеніші аумағында түсірілген жүк көліктері ізінің суреті. Экологтар көлік іздерінің бірнеше жыл сақталатынын айтады. Марк Пестов түсірген сурет.

Ақтаудағы мамандандырылған «Қолдау-экология» орталығының жетекшісі Әділбек Қозыбақов халықаралық деңгейде мәртебе беру - кенішті игеру зардаптарынан қорықты құтқарып қалудың жалғыз амалы деп санайды.

- Ғалымдар Маңғыстау облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысы бойынша қорықты зерттеумен айналысып, Үстірт қорығы дүниежүзілік мұралар нысаны мәртебесіне лайық екенін ғылыми тұрғыдан негіздеген дәлелдер келтірген. Ал кейін әкімдік ол жақта газ кеніші бар екенін және «ҚазМұнайГаз» компаниясының оны таяуда игеру жоспары барын естіп тартыншақтай қалды, - дейді Әділбек Қозыбақов.

Оның сөзінше, «ҚМГ-Қансу Оперейтинг» өкілдері қазірдің өзінде кенішке жақын маңдағы Сенек және Аққұдық ауылы тұрғындарымен сөйлесіп, газ өндіру басталса, жұмысқа аламыз деп уәде етіп қойған.

- Олар («КМГ-Қансу Оперейтинг» өкілдері. - Азаттық) экологияға ешқандай зияны болмайды деп уәде етіпті. Жұрт мұны, әрине «уралап» құптаған. Бірақ әлгі газдың қоры ары кеткенде 10-15 жылға жетеді, ал сосын жұрт қайтадан жұмыссыз әрі табиғатсыз қалады ғой, - дейді Әділбек Қозыбақов.

ҚОРЫҚТЫ КЕҢЕЙТУ КЕРЕК

Қорықтағы табиғаты әсем жерлердің бірі - Өнере шатқалы. Шатқал кеніш аумағымен шектесіп жатыр. Марк Пестов түсірген сурет.
Қорықтағы табиғаты әсем жерлердің бірі - Өнере шатқалы. Шатқал кеніш аумағымен шектесіп жатыр. Марк Пестов түсірген сурет.

Экологтар Қансу кенішінен газ өндіруге ғана қарсы емес, олар Үстірт қорығы территориясын екі есеге жуық – 223 мың гектардан кемі 400 мың гектарға дейін кеңейту қажеттігін де дәлелдеп жүр. БҰҰ-ның даму бағдарламасының (ПРООН) Қазақстандағы қызметкерлері қорық территориясын кеңейтудің табиғи-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп те қойған. Ерекше қорғауға алынған табиғи территорияларды басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі сарапшы Арай Белгібаева:

- Ол территория шөл және шөлейтті экожүйенің эталоны саналады. Ал палеонтология тұрғысынан алғанда, ол жақта миллиондаған жыл бұрын мекендеген ежелгі жануарлардың қазып алынған қаңқалары мен сүйектері өте көп. [Қорық территориясын] кеңейтуге қазір мүмкіндік жоқ, қазір бұл мәселені Маңғыстау облысы әкімдігімен пысықтап жатырмыз, - дейді.

Биолог Марк Пестовтың пікірінше, қорықты құрған кезде мамандардың кей ұсыныстары ескерілмеген, ал негізі, шөлде құрылатын қорық «қорықтың қазіргі территориясында мүлде жоқ, Қансу кеніші аумағында көп кездесетін құмды және тастақты шөл дала» сияқты шөл далаға тән экожүйелердің барлық түрін қамтуы тиіс.

Қансу кенішінде барлау жұмыстарын жүргізген ауыр техника. Суретті Әділбек Қозыбақов берген.
Қансу кенішінде барлау жұмыстарын жүргізген ауыр техника. Суретті Әділбек Қозыбақов берген.

Биолог пен оның жақтастары Қансу кенішін барлау мен игеру жұмыстарына мораторий жариялап, Үстірт қорығынан біраз аулақта орналасқан Самтыр кеніші сияқты кезінде ашылған өзге де кен орындарын барлауға күш салу керек деп санайды.

Қаңтарда атыраулық «Лада» газетіне берген сұхбатында Маңғыстау табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Серік Сағынбаев «Үстірттің өзін мүмкін дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізетін шығар, бірақ оның аумағын кеңейту ұсынысын үкімет қолдамады, өйткені әлгі кенішті зерттегенде, ол жақта газдың әжептәуір қоры бар екені анықталған. Ал кеніштің өзі орналасқан территория бос, ол жақта сайғақтар мен өзге жануарлар жоқ» деп мәлімдеген. Бұған қоса, шенеунік «…комиссия аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін жақсарту үшін «Қансу» кенішін игереміз деген ұйғарымға келген» деді.

Ал маңғыстаулық экологтар мен халықаралық сарапшылар тобы өкілдері қорықты сақтап қалудың қаншалықты маңызды екенін талмай айтып келеді. Ақтауда «Қолдау-экология» мамандандырылған орталық қызметкерлері қала тұрғындарына Үстірт қорығының қайталанбас ерекшелігі жайлы интерактивті дәрістер өткізіп жүр.

XS
SM
MD
LG