Accessibility links

Маңғыстауды жоқ босқынның дауы дүрліктірді


Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы мигранттар мінген автобус, 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы мигранттар мінген автобус, 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Облыс билігінің аймақта босқындар лагерін салу туралы шешімі қоғамда түрлі пікір туғызды.

Маңғыстауда жоспарланып отырған Түркіменстан және Өзбекстанмен шекаралас аудандарда салынатын босқындар лагеріне қатысты жергілікті тұрғындар наразылық білдіріп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен облыс әкімі Алик Айдарбаевқа петиция жазып, қол жинауға кірісті.

Бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары, отставкадағы генерал-майор Әмірбек Төгісов «жоқ босқынға лагерь салу ақшаны желге шашумен тең» деп санаса, саясаткер Дос Көшім «бұны жоспарлы оқу-жаттығу жүргізу деп қабылдау керек» дейді. Атыраулық құқық қорғаушы Тоғжан Қизатова жергілікті тұрғындар наразылығын «ксенофобияны қоздырып отырғандардың әрекеті» деп бағалайды.

ҚАРСЫЛЫҚ

Маңғыстау тұрғындары www.change.org сайтында «Мен Маңғыстау облысы территориясында босқындар лагерін орналастыруға қарсымын» деген тақырыпта петиция жариялап, оған үш мыңға тарта адам қол қойған.

Грекия-Македония шекарасына Таяу Шығыстан барған босқындар мен мигранттар. Македония, Идомени, 21 қаңтар 2016 жыл.
Грекия-Македония шекарасына Таяу Шығыстан барған босқындар мен мигранттар. Македония, Идомени, 21 қаңтар 2016 жыл.

Петицияны жариялағандар «босқындар легімен бірге қылмыс көбейіп, бюджетке қосымша салмақ түсетінін Еуропа тәжірибесі көрсетіп отыр» деп санайды. Соңғы бес жылдан бері Сириядағы азамат соғысы мен Ирактағы ИМ содырларының қатыгездігінен қашқан жүздеген мың босқын Түркия арқылы Еуропаға ағылып жатыр. Қазақстанда танымал ресейлік ресми БАҚ «Еуропада босқындар легімен бірге қылмыстың да саны артып барады» деген мазмұнды қарама-қайшы ақпаратты жиі таратады.

Босқындар лагеріне қарсы петицияға қол қоюшы маңғыстаулықтар «билік келушілердің арасында өрбіген қылмысты тоқтата алмайды, біздің балаларымызды және мүлкімізді қорғай алмайды, әлі күнге дейін келуші тұрғындар тарапынан ұрлық, зорлық тәрізді жағдайлар тіркеліп отыр» деп жазған.

Наразы петиция авторлары облыс әкімдігін бюджет қаржысын тұрмысы нашар отбасылар мен мүгедектерге жұмсауға шақырып, Маңғыстау облысы территориясында босқындарға арналған лагерь салу жоспарының тұрғындармен талқыланбағанына назар аударады.

Бұған дейін Маңғыстау облысы әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Светлана Нарешова босқындар лагерінің бірінің Бейнеу, екіншісінің Қарақия ауданында салынатынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, лагерьге қажетті 340 миллион теңге «Терроризмге қарсы қимыл және қарсы тұру» қорғаныс бағдарламасына сәйкес 2016 жылдың бюджетіне енгізілген.

Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаев.
Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаев.

Басқарма бастығының сөзін растаған облыс әкімі Алик Айдарбаев та ақпанның 2-сі күні жасаған жылдық есебінде мұндай лагерьдің «жаһанда түрлі жағдайлар болып жатқан жағдайда керек екенін» айтқан.

«Тек қана террористік емес, техногендік жағдайларға да әр облыс дайын болуы керек. Депутаттар қолдады» деген еді әкім.

КЕРЕК ПЕ, ЖОҚ ПА?

Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, отставкадағы генерал-майор Әмірбек Төгісов «босқындар лагері» туралы мәселеде түсінбейтін жағдайлар көп деп санайды.

- Қандай босқындар туралы әңгіме болып отыр, ол жағы маған түсініксіз. Олар Ауғанстаннан ба, Ираннан ба, Ирактан ба, қайдан келеді? Оны жергілікті халық қалай қабылдайды.? Бәлкім Еуропамен келісім бар шығар, олар солай қарай босқан елді Қазақстанға жіберіп жатқан болар, оны әкім ашып айтпай отырған шығар, - деп жобалайды Төгісов.

Оның ойынша жұмыс табамыз, жайлы өмір сүреміз деген үмітпен, балаларының болашағын ойлап келген адамдар үшін Қазақстанда, соның ішінде Маңғыстауда қаншалықты жағдай қарастырылған деген сауалға да жауап жоқ.

- Ол босқындар шекарадан қалай өтпек? Олардың арасында соғыстан қашқандар ғана емес, ИШИМ («Ислам мемлекеті» содырлар ұйымы - Қазақстанда тыйым салынған - ред.) өкілдері де, әлдебір діни фанаттар да болуы мүмкін емес пе? Еуропа басынан өткеріп жатқан жайттар сабақ болуы керек, - дейді генерал.

Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, отставкадағы генерал-майор Әмірбек Төгісов.
Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, отставкадағы генерал-майор Әмірбек Төгісов.

Төгісовтің сөзінше, «дағдарыс кезінде 340 миллион теңгені бары-жоғы белгісіз босқынға шашу – абсурд идея». Ол Қазақстандағы қазіргі ең төменгі күнкөріс корзинасының да босқындардың көңілінен шығатынына күмәнмен қарайды.

- Егер тамақ құнарлылығы нормадан төмен болса, халықаралық бақылаушыларға не айтады? Еуропадағы әлеуметтік пакеттерді көріп отырған босқындар келісе ме? - дейді ол.

Саясаткер Дос Көшімнің ойынша, Қазақстан шекарасына тіреліп, ентелеп тұрған босқындар жоқ. Бірақ ел «кез келген төтенше жағдайға дайын болуы үшін лагерьлер салу керек».

- Бұл мәселеге босқындардың емес, әр мемлекеттің бейбіт кезде жүргізетін дайындықтары тұрғысынан қарау керек. Палатка дайындау, адамдарды дайындау тәрізді оқу-жаттығу жұмыстары ретінде қабылдаймын, - деді ол.

Дос Көшімнің сөзінше, Қазақстан шекарасының ауқымын ескеретін болса, «340 миллион теңге көп ақша емес».

«КСЕНОФОБИЯНЫ ҚОЗДЫРУ»

«Демос» құқық қорғау қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоғжан Қизатованың пікірінше, Маңғыстау облыстық әкімдігінің босқындар лагерін салу жоспары - «халықаралық стандартқа сай жасалған гуманды қадам».

«Демос» құқық қорғау қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоғжан Қизатова.
«Демос» құқық қорғау қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоғжан Қизатова.

- Мен құқық қорғаушы ретінде жалпы гуманизм тұрғысынан қараймын. Зомби жәшікті (теледидарды айтады - ред.) қарайтындарға «босқындар қауіпті» дегенді саналарына сіңірген. Петиция – тұрғындарды адастырмақ болған, ксенофобияны халықтың санасына сіңіруге тырысқан топтың әрекеті. Одан да ондай петиция жазушылар бюджеттің ұрланбауын қадағаласын, - дейді Тоғжан Қизатова.

Құқық қорғаушы 20-ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқының қуғынға ұшырап босып кеткен талай ұлтты бауырына басқанын еске алды.

- Маңғыстаулықтар қашан да дархандығымен ерекшеленген. Бұл жерде халықпен сөйлеспеген, түсіндірмеген билік кінәлі. Мұндай лагерьлер шекараны бекітіп, халықаралық қауымдастықтың назарын аударады. Осындай лагерьді Ресей шекарасынан да салу керек деп санаймын, - деді Азаттыққа құқық қорғаушы.

БИЛІКТІҢ ҮНСІЗДІГІ

Азаттық тілшісі босқындар лагеріне бөлінген 340 миллион теңге қаражаттың нақты қалай жұмсалатынын білу үшін оны бекіткен Маңғыстау облыстық депуттар мәслихатына қоңырау шалған еді. Азаттық сауалына ренішті үнмен жауап берген облыстық мәслихат хатшысының орынбасары Даржок Cайбағытов «Бізде күніне бәленбай жүздеген мәселе қаралады, мен оның бәрін есіме сақтап отыратын компьютер емеспін, бюджетті жоспарлау басқармасынан, Нарешовадан сұра» деді.

Маңғыстау облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы бастығы міндетін атқарушы Светлана Нарешова бұл сауалға тек әкімдіктің баспасөз орталығы арқылы жауап беретінін айтты. Ал Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлмира Балғожаева сұрақты жазбаша беру керектігін ескертті.

Құрманбек Бакиевті биліктен тайдырған төңкерістің басталған сәті. Қырғызстан, Бішкек, 7 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Құрманбек Бакиевті биліктен тайдырған төңкерістің басталған сәті. Қырғызстан, Бішкек, 7 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Босқындарға арналған лагерь Қазақстанда бұған дейін 2010 Қырғызстанда президент Құрманбек Бакиевті биліктен тайдырған үкіметке қарсы наразылықтар күшейген тұста сәуір айында Жамбыл облысында құрылған еді. Кейін сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев ол лагерьдің пайдаланылмағанын айтқан болатын.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес Қазақстанда қазір 700-ге жуық ресми тіркелген босқын бар, оның 18-і - Сириядан, 636-сы- Ауғанстаннан, 16-сы - Өзбекстаннан, бесеуі – Қытайдан, Эфиопия мен Сомали сияқты тағы бірнеше елден бір-бірден босқын тіркелген.

XS
SM
MD
LG