Accessibility links

Каспий маңындағы экологиялық ахуалдың «гендік мутацияға әсері»


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Айтқожа Бегалиев жұмыс кабинетінде отыр. Алматы, 23 шілде 2017 жыл.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Айтқожа Бегалиев жұмыс кабинетінде отыр. Алматы, 23 шілде 2017 жыл.

Маңғыстаудағы «Қошқар ата» уран қалдықтарын сақтау қоймасы іргесіндегі Басқұдық ауылында кемтар балалар көбейіп барады. Аймақты зерттеген биолог-ғалым Айтқожа Бегалиев мұны зиянды қалдықтың адам ағзасына әсерімен байланыстырады.

Каспий маңы аймағын зерттеуші, биолог-ғалым Айтқожа Бегалиев Маңғыстаудағы «Қошқар ата» уран қалдықтарын сақтау қоймасы мен Атыраудағы Ембі кеніштері және мұнай өңдеу зауыты қоршаған орта мен ағзаға зиянды әсер етіп отыр дейді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры бұл туралы Азаттыққа сұхбатында айтты.

«БАСҚҰДЫҚТА КЕМТАР БАЛА КӨБЕЙІП БАРАДЫ»

Азаттық: - Сіз 2011 жылдан бері Маңғыстау облысының экологиялық ахуалына зерттеу жүргіздіңіз. Аймақ экологиясының қазіргі ахуалы қандай күйде?

Айтқожа Бегалиев: - Маңғыстаудың соры – «Қошқар ата» уран қалдықтарын сақтау қоймасы. Оны ғалымдар бұрын да зерттеген. Өкінішке қарай, «ол жерде радиация дозасы аз, қауіп жоқ» деген байлам жасаған. Қалай қауіп жоқ болады? Ол терең сай, оған СССР дәуірінде радиоактивтік қалдықтарды, бұрынғы химия-гидрометаллургиялық зауыттың өндірістік қалдықтарын, одан қала берді фосфоридтерді тастаған. Қазір МАЭК пен қаланың шайынды сулары сонда жиналады. Кейін 130 гектарға жайылған көл пайда болған. Зауыт жұмысы тоқтаған соң ол құрғап, тартыла бастады.

Ал улы қалдықтар желмен қоршаған ортаға, Каспийдің арғы бетіне дейін тарай бастады. Әрине, содан кейін рекультивация жасалып, асфальт төселді, бірақ, Ақтаудың аңызақ желі қоя ма? Радиация төңірекке тарап жатыр. Оны облыс билігі жақсы біледі.

Біз алдымен «Қошқар ата» қоймасының төңірегіндегі тіршілік көздерін - теңіздегі балықтар, жәндіктер, құрлықтағы жылан, кесіртке тәрізді тіршілік иелерінің ағзасын жан-жақты зерттедік және зерттеуге доминантты түрлерін, яғни тұрақты түрде мекендейтіндерді алдық.

Мәселен, үлкен дала тышқанын (большая полевка), тұнбада тіршілік ететін табан, батпақай (лещь, кефаль), бұзаубас тәрізді балықтарды зерттедік. Бәрінің ағзаларынан ауыр металдар, мұнай қалдықтары, радионуклидтер табылды. Зерттеу қорытындысы олардың бәрінде рак клеткаларының қайта тууы болатынын көрсетті. Ал ағзада хромосома саны өзгеріп, гиперплоидтар көбейген соң ісікке айналады.

Азаттық: - Маңғыстау облысы тұрғындарының денсаулығына қатысты жүргізген зерттеу нәтижесі нені байқатты?

Айтқожа Бегалиев: - «Қошқар атадан» бар болғаны 600 метр қашықтықта Басқұдық ауылы орналасқан. Онда 500 үй - кілең оралмандар тұрады. Ал «Қошқар атаның» айналасын орлап қойдық дегенмен, ауылдағы малдың бәрі сол маңайда жайылады. Басқұдықтағы радиациялық фон шекті шамадан - сәулеленудің активтілігі сағатына шаққанда 0,16 микрорентген мөлшерінен 3-4 есеге көп. Ал сол жердегі бұрын химия-гидрометаллургиялық зауыты болған жерде (қазіргі Баянды ауылының маңы - автор.) радиация көрсеткіші - 1,73 микрорентген. Оның зардабын тұрғындар шегіп жатыр.

Каспий маңы экологиялық ахуалы мақаласына қатысты анықтамалар

АНЫҚТАМА:

"Қошқар ата" уран қалдықтарын сақтау қоймасы. 1950 жылдардың соңында СССР территориясында уран өндірісін игеру басталды. Уран өндіруге ең қолайлы орын ретінде мұнай мен газға қоса уранға бай әрі халық саны аз Маңғыстау облысы таңдап алынған. 1959 жылдан бастап әлемдегі ең үлкен уран өндіретін ашық карьер жұмысын бастаған. Сонымен бірге Каспий маңындағы тау-кен металлургиялық комбинаты, химия-гидрометаллургиялық зауыт, азот зауыты, күкірт қышқылы мен энергия зауыты салынды. Ақтау қаласының солтүстік бөлігінде орналасқан "Қошқар ата" уран қалдықтарын сақтау қоймасына 1965 жылдан бері осы өндірістердің қатты радиоактивтік қалдықтары сақталып, оның беті өндірістен шыққан сұйық қалдықтармен жабылып отырған. Бұл радиоактивтік қалдықтарды сақтау қоймасы әлемдегі ең үлкен қойма саналады. Онда жалпы көлемі 400 миллион тоннадан астам улы және радиоактивтік қалдықтар жиналған. Оның 105 миллион тоннасы - уран қалдығы.

Атырау мұнай өңдеу зауыты - екінші дүниежүзілік соғыс кезінде салынған кәсіпорын. Қазір «Қазмұнайгаз қайта өңдеу және маркетинг» компаниясы иелігінде.

Ембі кеніштерін 1899 жылдан бері «Ембімұнайгаз» компаниясы игеріп келеді. Оған тиесілі 41 мұнай кенішінің 33-і игеріліп жатыр.

Жалпы радиацияның таралу аймағы желдің ығымен Мұнайлы ауданының өзге елдімекендері – Маңғыстау-1, Маңғыстау-2, Ақшұқыр ауылдарына дейін созылады. Бұл жерлердегі радиациялық фон да өте жоғары – шекті мөлшерден 2-3 есеге көп. Әсіресе Ақшұқыр ауылы тереңде отыр. Жел соққанда радиациялық таралым сол шұңқырда отырған ауылға барып шоғырланады. Осы ауылдардың тұрғындарының қан құрамына микроядролық тест жасап, оны Алматы облысы тұрғындарынан алынған тестпен салыстырдық. Айырмасы жер мен көктей.

Маңғыстаудағы аталған елдімекендерде кемтар бала саны ұлғайып барады. Қан ауруларына шалдыққандар да көп. Рак ауруының Маңғыстау өңірінде бұрын-соңды тіркелмеген жаңа түрі пайда болған. Мәселен, Басқұдықта кемтар бала көрсеткіші 57 пайыз. Бұл - өте көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бұл көрсеткіш әр мың балаға шаққанда 3-4 пайыздан, ал республика бойынша – 10-12 пайыздан аспауы тиіс. Бұл тек бір ауылдың көрсеткіші ғана. Тұрғындардың 98 пайызы анемия дертінен зардап шегеді.

Ендігі мақсат – бүкіл Ақтаудың 13 және 18 жасқа дейінгі балаларын микроядролық тестілеуден өткізу. Өйткені, жас ағза әсер етуші факторларға бірден жауап береді. Ол қаржылық тұрғыдан қымбат емес, бір жарым жылда жасап шығуға болады. Ал генде бір пайда болған мутация кетпейді.

Азаттық: - Енді не істеу керек? Басқұдық тұрғындарын басқа жаққа көшіру керек пе?

Айтқожа Бегалиев: - Биылғы маусым айында Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановпен жолықтым. Аймақтағы жағдайға селқос қарауға болмайтынын айтып, Басқұдыққа қатысты ұсыныстарымды бердім. Бірақ...

Ал «Қошқар ата» уран қалдығы қоймасының елге тигізіп отырған залалын шектеу үшін ол жерге Чернобыльдағыдай саркофаг жасалуы керек. Ондай саркофаг құны 24 миллиард теңгеге түсетіні кезінде айтылған. Қазір ол жерде рекультивация жасап жатыр. Оны құммен жауып қоймақ. Бірақ ол облыс тұрғындарын радиациядан қорғамайды. Себебі, ол жерде цезий, радиоактивті калий, радиоактивті басқа да ауыр металл түрлері бар. Ең улысы осы жердегі уран-238, радий-226, торий-230 деген түрлері. Олардың микро-, нанобөлшектері ауамен көтеріліп, тыныс алу жолдары, тері арқылы ағзаға өтеді.

Бір жақсы жаңалық – Каспий маңындағы аймақты зерттеп жүріп назарымызды аударған полихет деген құрт туралы айтқым келеді. Кезінде Азов теңізінен әкеліп жерсіндірген бұл құрт қызылбалық тұқымдастардың нағыз қорегі. Осы құрттың ағзасынан мұнай қалдықтарын көп таптық. Мұнай құрамында пирен деген органикалық зат бар. Ол ағзаға енгенде метаболизм арқылы бензопиренге айналады. Бензопирен - рак клеткаларын қоздырғыш бірден бір механизм.

Полихет құртынан алынған сараптама көбейген клеткалардың ісікке айналмайтынын көрсетті. Себебі, онда рак клеткаларына төзімді, оған тұрақтылық беретін ген бар. Бірақ оның қандай ген екені әлі белгісіз. Біз оның хромосомаларын зерттей бастадық. Оны микроскоппен зерттеу өте қиын. Сондықтан ДНК-сына зерттеу жасалып жатыр. Адам ағзасында 3,5 миллион ген бар. Олардың орналасу тәртібі қалыпты жағдайда бұзылмайды. Иммунитеті мықты адамдарда өзгерістер болғанымен, ферменттер арқылы олар қалпына келіп отырады. Ал полихет құртының гені адамнан да көп - 4 миллионнан астам. Егер біз полихеттің рак клеткаларын дамытпай, ағзаға қуат беріп тұрған генін тапсақ, онда нағыз ғажап жаңалық болар еді. Өз өмірім оған жетпесе, шәкірттерім оның сырын ашатынына сенемін.

«КАСПИЙ ӨЛІ ТЕҢІЗГЕ АЙНАЛУЫ МҮМКІН»

Азаттық: - Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылуы жиілеп кетті. Биыл 240-тан астам итбалық өлексесі табылған, вирусологтар «техногендік әсер жоқ» деп мәлімдеді. Сіз бұған не дейсіз?

Айтқожа Бегалиев: - Зерттеуімнің мақсаты – Каспий маңы аймағындағы мұнаймен ластану салдарынан келген зиянды анықтау, оның болашаққа тигізер зардабын бағалау, генетикалық өзгерістер мен тұқым қуалайтын генетикалық мутацияларды, хромосомалардың өзгерістерін анықтау. Итбалықтардың қырылуына мұнайдың ластауы салдарынан тіршілік ету ортасының өзгеруі және суда жүретін катерлердің өз траекториясын сақтамауы да себеп болады. Каспий итбалықтары басқа жерде өмір сүре алмайды. Оны кезінде бейімдемек болып Азов теңізіне да апарған, жерсінбеді.

Каспий жағасына шығып қалған өлі итбалықтар. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы, 27 сәуір 2013 жыл. Суретті түсірген Асқар Айдарбай.
Каспий жағасына шығып қалған өлі итбалықтар. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы, 27 сәуір 2013 жыл. Суретті түсірген Асқар Айдарбай.

Менің жасаған сараптамам теңізде жүзген катерлердің дыбысы итбалықтардың бір-бірін тамаққа шақырған дауысына ұқсас екенін байқатты. Сондықтан бұл мәселе кешенді шара қолдануды талап етеді. Онсыз біз, ғалымдар жүргізген зерттеуден ештеңе шықпайды. Теңізде заманауи технологияларды қолдану, қорғау аймағын құру, танкерлер маршруттарын белгілеу және қатаң сақтау керек. Бірақ мұның бірі де біздің шенеуніктерге керек емес тәрізді. Олардың өз жерінің табиғатына жанашырлықпен қарамайтыны қынжылтады. Дамыған елдердің бәрі өз табиғатын, қоршаған ортасын қызғыштай қорғайды.

Қоршаған орта мен оның дамуы туралы 1992 жылы Рио-де-Жанейро декларациясы қабылданған, 1994 жылы оған Қазақстан да қол қойған. Бірақ, бізде көбінесе әңгіме дастархан басынан аспайды. Бізге «ғалымдар айта береді» деп қарайды. Тіпті кейде ұнжырғам түсіп кетеді. Ал Каспийдің жағдайы қатты алаңдатады. Мұнай жақсы еріткіш, мына күйімен кете берсе, Каспий де екінші өлі теңізге айналуы мүмкін.

Азаттық: - Толымды зерттеу жүргізу үшін мол қаражат керек қой. Оған жеткілікті қаржы бөліне ме?

Айтқожа Бегалиев: - Ғылымға қаражат мүлде аз бөлінеді. Каспий өңірін зерттеуге жұмыс тобымызбен үш жылға 90 миллион теңге сұраған едік, бізге небәрі 12 миллион теңге берді. «Қошқар ата проблемасын шешеміз» деп үкімет басындағылар Маңғыстауға келгенде мені де шақырған. Сонда таң қалғаным - олар көлдің басына баруға қорықты, тек алыстан дүрбі салып қарап, кетіп қалды. Ал біз сол улы көлді аяқпен кешіп жүріп, бәрін қолымызбен теріп, жинадық. Қазір шенеуніктер де қуланып алған. Экологияға қатысты зерттеу жасаймын десең маңына жолатпайды.

«ҚҰЛСАРЫДАҒЫ РАДИАЦИЯЛЫҚ ФОН СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫНДАҒЫДАН ДА КӨП»

Азаттық: - Атырау өңіріне қатысты зерттеуде мұнай қалдықтары рак ауруының көбеюіне әсер етіп отырғанын көрсетіпсіз. Осы жайлы айта кетсеңіз.

Айтқожа Бегалиев: - 2009-2011 жылдары Атырау облысында зерттеу жүргізген кезде Жайық өзенінің төменгі сағасына дейін барып, бақалшақ, балықтарды жинадық. Зерттеу нәтижесі олардың ағзасында мұнай қалдықтарының мөлшері өте көп екенін көрсетті. Атырау облысы мұнай қалдықтарының таралуы жағынан бірінші орында тұр.

Мұнай қалдықтары салдарынан рак аурулары пайда болатыны - анықталған нәрсе. Ауадағы мұнай қалдықтары ыдырап, циклдік көмірсулар пайда болады. Ол ағзаға еніп, бензопирен бөле бастайды. Мұны анықтау күрделі саналғанымен қазіргі кезде оның реттелген тәсілдері бар. Біздің өз әдістеріміз бар.

Атыраудағы Ембі кеніштері, Құлсары маңындағы радиациялық фон Семей полигоны фонынан да асып кетеді. Мұнайшылардың өзі тіпті «амбарлық мұнай» деген термин де шығарып алған. Осы күнге дейін оның 30 пайызына рекультивация жасалды дегенімен, қалған жерлері өте көп.

Атырау мұнай өңдеу зауытының 2006 жылы түсірілген суреті.
Атырау мұнай өңдеу зауытының 2006 жылы түсірілген суреті.

Мұнай алғаннан кейін жер бетіне жайылған шайынды сумен бірге жер қойнауындағы радионкулидтер де шығып жатыр. Тағы бір үлкен проблема – Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты. Миллиондаған доллар пайда көріп отырса да өзге елдердегідей заманауи кәсіпорын жасай алмай отыр. Зауытты қайта жаңғыртудан өткіздік дегенімен, олары тек өнім көлемін арттыруға ғана көмектеседі. Бірақ, ауаға лас қалдықтар шығаруды тоқтатуға күйлері келмей отыр.

Тайсойған полигонын зерттеуді жоспарлап отырмыз. Бұл полигонның зардабы баршаға белгілі, бірақ осы күнге дейін ол туралы ешкім ештеңе айтқан емес, «алып бара жатқан ештеңе жоқ» дегеннен аспайды. Өйткені, бәрінің артында саясат тұр.

Азаттық: - Әңгімеңізге рахмет.

XS
SM
MD
LG