ТӘУЕЛСІЗ КӘСІПОДАҚТЫ ЖАБУ ІСІ
Маусымның 6-сы күні Маңғыстау облыстық азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев және судьялар Ғабит Бастаубаев пен Хамида Каженованың қатысуымен өткен отырыста Oil Construction Company (OCC) мұнайшыларының арызы қаралды. Жұмысшылар өздерінің кәсіподағын жабу туралы облыс әкімінің талабын қанағаттандырған Маңғыстау экономикалық сотының 2018 жылғы сәуірдің 11-інде шығарған шешіміне қарсы шағым берген.
Сәрсенбідегі сот отырысына кәсіподақтарын жаппауды талап еткен ондаған мұнайшы да қатысты.
ОСС мұнайшылары тәуелсіз кәсіподағының заңгері Тахир Ерданов сотқа кәсіподақ туралы заң өзгерген соң 2015 жылы бірнеше мәрте дербес кәсіподақ ұйымы ретінде тіркелуге Маңғыстау облыстық әділет департаментіне арызданғандарымен, атқарушы билік олардың құжаттарын түрлі себептермен тіркеуден бас тартқаны туралы айтты.
- Біз Қазақстан республикалық тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы құрамындағы Шымкенттегі жанармай энергетикалық кешені салалық кәсіподағына тіркелдік. Ал 2014 жылы шыққан "Кәсіподақтар туралы" заңда дербес тіркелмеген кәсіподақ ұйымын жабу туралы талап жоқ, - деді Тахир Ерданов.
Сотқа қатысқан ОСС заңгері Нұржан Оразов бұл сот отырысына компанияда қазір жұмыс істеп жатқан кәсіподақ өкілі ретінде қатысып отырғанын айтты. Ол мұнайшылар өткізген кәсіподақ конференциясы хаттамасын және оның төрағасы Құспан Қосшығұловтың сайлануын заңсыз деп тану туралы 2017 жылғы сәуірде Ақтау қалалық №2 соты шығарған шешімге сілтеме жасады.
Маңғыстау облыстық әкімдігінің атынан қатысқан Еңбек департаменті басшысының орынбасары Шыңғыс Данияров соттан ОСС мұнайшыларының кәсіподағын жаппау туралы апелляциялық шағымын қарамауды сұрады.
- Олардың құжаттарын қалпына келтіруге уақыты болған, бірақ олар оны пайдаланбаған, - деді Данияров.
АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ АЛҚА АНЫҚТАМАСЫ
Тараптарды тыңдай келе, Маңғыстау облыстық апелляциялық сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев істі алғашқы сот инстанциясына қайтару туралы шешім шығарды.
- Маңғыстау облысы әкімінің ООС жұмысшылары кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің қызметін заңсыз деп тану және жою туралы арызына қатысты жауапкер мен кәсіподақ мүшелерінің апелляциялық шағымы бойынша азаматтық іс Азаматтық процестік кодекстің 407-бабының (Апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын қайтару) талаптарын орындау үшін алғашқы сот инстанциясына қайтарылсын. Сот анықтамасы жарияланған сәтінен күшіне енеді және шағым беруге жатпайды, - деді судья Примашев.
"ОСС кәсіподағын жабу" ісіне қатысты апелляциялық соттың шешімі (Ақтау, 6 маусым 2018 жыл):
Апелляциялық алқа төрағасы сот отырысына қатысқан ОСС кәсіподағы өкілдеріне "егер алғашқы инстанциядағы сот шешімі дұрыс болмаса, апелляциялық шағым беруге болатынын" айтты.
Судья Примашев бұған дейінгі сот процесінде ОСС мұнайшылар кәсіподағы заңгері Тахир Ердановтың Маңғыстау облыстық әділет департаментінен өздерінің салалық кәсіпорын құрамында екендігін дәлелдейтін құжаттарды сұрату туралы өтініші жайлы ештеме айтпады.
Маңғыстау экономикалық соты 2018 жылғы сәуірдің 11-інде Маңғыстау облысы әкімдігінің "Oil Construction Company жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысшыларының кәсіподағы" қоғамдық бірлестігін жабу туралы шешімін қанағаттандырған. Бұл шешімге наразылық білдірген ОСС мұнайшыларының шағымы бойынша апелляциялық сот мамырдың 30-ы күні басталған.
ТӘУЕЛСІЗ КӘСІПОДАҚТЫҢ КҮРЕСІ
Ал бұл кезде Ақтау қалалық №2 сотында мамырдың 4-інде ОСС мұнайшыларының тәуелсіз кәсіподағына қатысты басталған тағы бір сот процесі әзірге тоқтап тұр. Онда OCC мұнайшылары кәсіподағының төрағасы міндетін уақытша атқарып жүрген Берік Бекбаевтың шағымы қаралып жатыр. Бекбаев ОСС кәсіподақ ұйымының бұрынғы жетекшісі, 2017 жылғы қаңтарда мұнайшылардың аштық акциясы кезінде тұтқындалған Әмин Елеусінов сол жылы сот үкімімен бас бостандығынан айрылған соң оның орнына Құспан Қосшығұловты кәсіподақ төрағалығына сайлаған мұнайшылардың 2018 жылғы наурыздың 15-сінде кезектен тыс өткізген конференциясы хаттамасын жарамсыз деп тануды сұраған.
Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын қайта тіркеуді талап еткен ОСС мұнайшылары 2017 жылдың 5-24 қаңтары аралығында аштық акциясын өткізген. Ақтау қаласындағы ОСС кәсіподағы кеңсесінде өткен қарсылық акциясына Маңғыстау облысында Қаламқас, Жетібай кеніштерінде жұмысшылар қосылған.
Оқи отырыңыз: Маңғыстаудағы мұнайшылар наразылығы
Жұмыс берушінің арызын қараған Ақтау қалалық №2 соты 2017 жылғы қаңтардың 19-ында акцияны заңсыз деп танып, оны тоқтатуға шешім шығарған.
63 мұнайшы азаматтық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот оларға 20-50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салып, Қаламқас, Жетібай кеніштерінде тамақ ішпегендіктен компанияға келген "материалдық зардап" үшін 4 миллион теңге төлеуге міндеттеген.
2018 жылғы 22-28 мамырда аштық акциясынан соң абақтыға қамалған кәсіподақ лидерлері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев биыл мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан.
2018 жылғы сәуірдің 25-інде республикалық Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының басшысы Лариса Харькова мен Нұрбек Кұшақбаев және Әмин Елеусіновтың халықаралық Артур Свенссон атындағы сыйлық иегері болғаны хабарланған.
ПІКІРЛЕР