Accessibility links

Жастар мәслихаттарын аймақтарда да құруды ұсынды


Президенттік «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты - «Жас Отанның» 2-съезі. Астана, 16 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Президенттік «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты - «Жас Отанның» 2-съезі. Астана, 16 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Астана қалалық жастар мәслихаты өкілдері депутаттармен кездесіп, осындай ұйымдарды аймақтарда да құруды ұсынды. Бірақ «Нұр Отан» оларды бірпартиялық жүйе ізбасары ретінде тәрбиелейді» дейтін наразылар да бар.

Әзірге жастар мәслихаты Астана қаласында және Шығыс Қазақстан облысында ғана бар. Сайлау арқылы жасақталатын бұл қоғамдық ұйымдардың мүшелері өздерін «депутат» деп атайды.

«БАҒАЛЫ ҰСЫНЫС»

Қаңтардың 29-ы күні Астана қалалық жастар мәслихаты өкілдері Оқушылар сарайында Қазақстан парламенті депутаттарымен кездесті. Жиынға 10-нан аса парламент депутаты мен 200-ге жуық студент қатысты. Жас депутаттар «студенттер үшін қоғамдық көлікте жүру құны 50 пайызға азайса», «тұрмысы нашар жастар спорт залдарына тегін кірсе» деген ұсыныстарын айтты. Олар «Жұмыстарымыз баспасөзде жарияланбайды, жастар негізінен әлеуметтік желілерді қарайтындықтан, өткізген шараларымызды насихаттайтын «блогерлер» қажет, соған [қаржылай] көмек берсеңіздер» деген де өтініш білдірді. Бұл сұрақтарға кездесуге келген депутаттар «қарастырамыз» деген сарындағы жалпылама жауаптар беріп отырды.

"Жас Отан" съезіне қатысушылар. Астана, 16 қараша 2012 жыл.
"Жас Отан" съезіне қатысушылар. Астана, 16 қараша 2012 жыл.

Бұлардан бөлек, Астана жастары депутаттарға «Қазақстан жастарының патриоттық белсенділігін арттыру үшін жастар мәслихаттары әр облыста ашылса» деген ұсыныс айтып, бұл іске көмек сұрады. Депутаттар мұны «бағалы ұсыныс» деп бағалаумен шектелді.

Жиынға қатысқан биліктегі «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Әсима Бимендинаның ойынша, жастар мәслихаттары - керек әрі тиімді ұйым. Ол Азаттық тілшісіне «Жастар осындай қоғамдық ұйымдарға бірігіп, ой бөлісіп, пікір алысып, бір-бірімен бәсекеге түсуі керек. Ол бәріне тиімді. Осындай ұйым ішінен болашақ министрлер мен депутаттар өсіп шығуы мүмкін» деді.

«БІРПАРТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕГЕ БАУЛУ»

Ал жиынға қатысқан тағы бір президентшіл ұйым - Қазақстан коммунистік халық партиясы орталық комитеті басшысы, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков өзгедей пікірде.

Президентшіл Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының өкілі, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков.
Президентшіл Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының өкілі, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков.

- Астана қалалық жастар мәслихаты депутаттары ішінде бірде-бір коммунист жоқ. Жастар мәслихаты бір ғана идеологиямен өмір сүреді. Онда өзге көзқарас айтылады деп ойламаймын. Жастар мәслихаты үстінде «Жас Отан», «Жас Отанның» үстінде «Нұр Отан» тұр. Бұл - тапсырмамен құрылған ұйым. Бірақ ондағы жастарға кінә артуға болмайды. Бұл жерде жастарды жастайынан бірпартиялық жүйге баулу жүріп жатқандай. Жастар мәслихатында оппозициялық, коммунистік, социалистік деген секілді түрлі көзқарас болуы шарт, - дейді ол.

Азаттық тілшісі бұл «жоба» туралы саясаткерлер пікірін де сұрастырған еді. Оппозицияшыл белсенді Әміржан Қосанов:

- Жастар мәслихаты «үлкен» мәслихаттар секілді қатып қалған, қасаң құрылым болмауы қажет. Ол үшін жастар мәслихаты сайлауы ашық, жария өтуі тиіс. Бірақ бізде демократиялық сайлау өтеді дегенге сенбеймін. Ондай мәслихатта пікір алуандығы да болмайды, - дейді.

Астанадағы жоғары оқу орнының бірінде оқитын, аты-жөнін толық атамауды өтінген Айнұр есімді студент «жастар мәслихаты сайлауына қатысып көрмегенін, ондай сайлау өтті дегенді естімегенін» айтады.

- Жастар мәслихаты депутаттары нендей мәселемен айналысатынын да білмейміз, - дейді ол.

ҚАРСЫ УӘЖ

Ал Астана қалалық жастар мәслихаты депутаты Серғазы Шәкібаев «Жастар мәслихатына депутаттыққа үміткер болу үшін «Нұр Отан» партиясы, оның қанаты «Жас Отан» құрамында болу шарт емес екенін, сайлау ашық өтетінін, оның ережесін Қазақстан орталық сайлау комиссиясы бекіткенін» айтады.

Жастар мәслихаты депутаты Серғазы Шәкібаев. Астана қаласы, 29 қаңтар 2015 жыл.
Жастар мәслихаты депутаты Серғазы Шәкібаев. Астана қаласы, 29 қаңтар 2015 жыл.

- Сайлау «Жас Отан» қолдауымен өтеді. Барлық кандидаттар тіркеліп, студенттерге бағдарламаларын таныстырады. Былтыр ақпанда сайлауға Астана жоғары және арнаулы оқу орындары күндізгі бөлім студенттері қатысып, оқу орындарындағы 38 сайлау учаскесінде дауыс берді. Әр оқу орны өз депутаттарын (кемінде үш студентті – ред.) сайлады, - дейді ол.

Серғазы Шәкібаев қалалық мәслихат депутатымен қатар, «Жас Отан» ұйымы атқарушы хатшысының орынбасары болып жүргенін айтты. Бірақ, оның сөзінше, жас депутаттарға белгілі бір партияға өту талабы қойылмайды.

Мәжіліс депутаты Әсима Бимендина да Жамбыл Ахметбековтің «Жастар мәслихаты белсенділерді жастайынан бірпартиялық жүйеге баулып жатыр» деген пікірімен келіспейді. Оның ойынша, «жастар мәслихаты бар болғаны қоғамдық ұйымның бір түрі ғана».

Астана жастар мәслихаты сайлауы алғаш рет 2007 жылы өткен. Содан бері Қазақстан әділет министрлігінде қоғамдық ұйым ретінде тіркеуде тұр. Қазір 30 жасқа толмаған (шекті жас – 16 мен 29 арасы) 144 депутаты бар. Бәріне депутат куәлігі мен төсбелгі берілген. Олар еңбекақы алмайды, мәслихаттың жеке кеңсесі жоқ. Серғазы Шәкібаевтың айтуынша, депутаттар көбінесе «Жас Отан» қоғамдық бірлестігі ғимаратында бас қосады. Өздері сайланған оқу орындарында түрлі шаралар ұйымдастырып, өткізеді.

Жиынға қатысқан жастар былтыр Шығыс Қазақстан облыстық жастар мәслихаты сайланғанын, ал Атырау облысында ашылмақ болған осындай қоғамдық ұйым әділет министрлігі тіркеуінен өте алмағанын айтты.

XS
SM
MD
LG