МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ ҮКІММЕН КЕЛІСПЕЙДІ
Сот процесі бірнеше күнге созылды. Ең соңғы үкім оқылатын уақыттың өзі бір күннің ішінде бірнеше мәрте өзгертілді. Оны сот көмекшілері сот ғимаратында жарықтың сөніп қалуымен түсіндірді. Іс басталған сәттен-ақ оның ашық сот ретінде жарияланғанына қарамастан судья Гаухар Рақымжанова процесті кез-келген жазу құралына жазуға, бейне таспаға, суретке түсіруге тиым салды.
Сонымен, облыстық аурухананың бұрынғы бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты, денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Жәнібек Күшәлиевке ҚР ҚК 133 бабының 2 тармағының «з» бөліміне сәйкес «кәмелетке толмаған балаларды сатумен айналысты» деген айып тағылып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім кесілді. Үкім шығару барысында қылмысты деп танылған Жәнібек Күшәлиевтің қорғаушылары талап еткен оның 3-ші топтағы мүгедектігі мен оның артында 3 баласының барлығы және халық денсаулығын сақтаумен айналысқан 30 жылдық еңбегі ескерілді.
Бірақ мемлекеттік айыптаушы Ақылбек Қаражанов журналистерге берген ресми түсіндірмесінде прокуратураның сот шешімімен келіспейтінін айтты.
«15 күн ішінде бұл үкімді қайта қарауды талап ететін боламыз,-деді ол. Өйткені, қызмет бабын пайдаланып, бүлдіршін тағдырын саудаға салғаны толық анықталды. Ал сот тым жұмсақ шешім шығарды».
Сот процессі барысында облыстық перзентхананың бұрынғы бас дәрігері Жәнібек Күшәлиевке тағылған айыптарды мемлекеттік айыптаушы Ақылбек Қаражанов былай негіздеп көрсеткен еді:
«Әке-шешесінен тірідей айрылған баланы бейтаныс әйелге саудалау кезінде Ж.Күшәлиев ең болмағанда әйелдің ақыл-есінің дұрыстығын, жүйке аурумен, басқа да жұқпалы аурулармен, туберкулезбен ауырмайтындығы жайлы анықтаманы тексеруді де өзінің қызметтік парызы санамаған. Сондықтан ҚР ҚК 133- бабының 2- тармағының «з» бөлімімен 9 жыл бас бостандығынан айыруды талап етеміз.Сондай-ақ қызметтік бабын пайдаланғаны, жалған құжаттар рәсімдегені анықталғандықтан ҚР ҚК 307- бабының 2- тармағына сай -3 жыл бас бостандығынан, 314- бабының 2 -тармағыына сай – 2 жыл бас бостандығынан, 5 жылға дейін мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігінен айырып, мүлкін тәркілеу арқылы неғұрлым ауыр жаза беруді сұраймыз» .
Сот үкіміне байланысты Ж.Күшәлиевтің қорғаушысы Нұрлан Жолболов қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.
-Әзір ештеңе айтпаймын. Бұл менің клиентімнің өтініші. Біздің әлі уақытымыз бар, сот шешіміне наразылығымызды білдіретін боламыз,-деді ол.
Үкім шыққанға дейін облыстық перзентхананың бұрынғы бас дәрігері Жәнібек Күшәлиевпен сөйлескенімізде ол Азаттық радиосы тілшісіне «өзінің өміріне төніп тұрған үлкен қатер бар екенін, сот аяқталғанша аузын аша алмайтынын» айтқан болатын.
Өкінішке қарай, соттан кейін Ж.Күшәлиевтің өзімен тілдесу мүмкін болмады. Себебі оны сот шешімінен кейін бірден қолына кісен салып, алып кетті.
Жалпы сот процесі барысында Ж.Күшәлиев өзінің бала сатумен айналысқанын мойындамайтынын, өзін айыпты деп санамайтынын айтқан болатын.
КҮШӘЛИЕВТЕН БІРЕУЛЕР МЫЛҚАУ БАЛАНЫ САТТЫ ДЕП КЕК АЛМАҚШЫ БОЛҒАНДАЙ...
Облыс тұрғындары назарын ерекше адарған бұл мәселеге орай сот процесіне қатысушылар да көп болды. Осындай сот барысын қадағалап жүрген ресми емес ақпарт көздерінің бірі Ж.Күшәлиев әрекетінің көпке аян болуының себебін бізге басқаша түсіндірді.
Облыстық перзентханада бала саудасының бұрыннан келе жатқанын мақұлдаған сұхбаттасымыз да аты –жөнін көрсетпеуді сұрап былай деді:
- Ер балалардың 4000-5000 долларға, қыздардың 2000-3000 доллардан саудаланғаны өз алдына, жалпы әңгіме осындай саудаға түскен сәбиде белгілі болған кемістіктен шықты. Жаңа туған бір сәбиді сатып алған отбасы, оның өсе келе тілі жоқ, мылқау екендігін білген. Сөйтсе, ол баланы дүниеге әкелгендер алқаш, ішкіш ерлі-зайыптылар екен. Баланы сатып алған ата-ана бұрынғы бас дәрігерден, оны кері алып, ақшаны қайтаруды талап еткен. Бас дәрігер ол талаптарын орындамағаннан кейін одан өш алуға кіріскен.
ШАҒЫМДАНУШЫ ӘЙЕЛГЕ ДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛМАҚ
Бұдан басқа бала сату процесінде жалған құжат әзірлеуге қатысқан нотариус, ЗАГС бөлімдерінің де қызметкерлеріне қатысты іс қозғалмау себебі жайлы Азаттық тілшісінің сауалына ешкім түсінік бере алмады. Тек прокуратура қызметкері Ақылбек Қаражанов бұл мәселенің де белгісіз себептермен көтерілмей қалғанын баяндады.
Бала сатқан дәрігерге шығарылған үкімде судья Гаухар Рақымжанова «шағымданушы әйелге қатысты да қылмыстық іс қозғалсын» деген шешімді жария етті.
Алайда қалалық прокуратураның бөлім бастығы Ақылбек Қаражанов «бұл сот шешімі екендігін, ол әйелге нақты қандай қылмыстық іс қозғалатындығын білмейтінін» мәлімдеді.
"ҚЫЛМЫСТЫҚ ӘРЕКЕТТІ" ӘШКЕРЕЛЕУДІ АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫМ ДЕП САНАДЫМ"
Сот процесі барысында Азаттық тілшісіне шағымданушы Қамарова Сандуғашпен (аты-жөні өзгертілді) жеке әңгімелесудің сәті түсті.
Отбасы мен балаларының тағдырына алаңдайтынын айтқан жас әйел бізге аты-жөнін нақты көрсетпеуді сұрады.
«Мен Атырау облыстық перзентханасындағы бала саудасы жайлы үнемі естіп жүрдім. Бірақ «мен сатып алдым» деп айтып, сәбилер тағдырына араша түскен ешкім болған жоқ. Сондықтан өз бастамаммен бас дәрігердің осы қылмыстық әрекетін әшкерелеуді азаматтық борышым деп санадым. Және егер іс менің ойымдағыдай шешілмесе, ары қарай ізденетінімді айттым» деген болатын Азаттық тілшісімен әңгімесінде Сандуғаш Қамарова.
Сот процесінде белгілі болғандай өзін 8 жыл бойы бала көтере алмай жүрген әйел ретінде сипаттаған Сандуғаш Қамарова бала алғысы келетінін айтып 2009 жылдың қаңтарында перзентхананың бас дәрігеріне келген көрінеді. Оған Ж.Күшәлиев бірден жауап қатпай,телефон нөмірін қалдырып кетуді сұраған. Кейіннен оған телефон арқылы хабарласқан бас дәрігер «бір ер баладан анасының бас тартып отырғанын» хабарлаған. Және оған бала асырап алудың жолдарын көрсетіп, «баланы С.Құмарова өзі туғандығын куаландыратын» құжаттар дайындап беруге көмектескен. Бала үшін 5 мың АҚШ долларын сұраған.
Бірақ С.Қамарова алдымен 2 мың доллар, қалғанын артынан беремін деп уәде еткенін айтады. Ал Ж.Күшәлиев өз кабинетінде 2 мың долларды алу барысында ұсталған екен.
Саудаға түскен ер бала 2008 жылдың 27 желтоқсанында дүниеге келген. Салмағы -2кг 400 грамм, бойы-48 см. Оның денсаулығы жақсы, сәбилер үйінде өзінің нағыз ата-анасын күтіп жатыр.
Туған баласынан бас тартқан Намазова Фарида оған өзінің күйеуінен ажырасып кеткенін және өзінің басқа да 3 баласы бар екені, бәрін бірдей асырай алмайтыны себеп болғанын айтады.