Маусым айында Қазақстан үкіметі мектептерде тегін тамақтандыруды жойғанын хабарлады. Үкімет қаулысына сәйкес, ата-аналар енді балаларының түскі асына кететін қаржыны өз қалтасынан төлейді. Алматы қалалық білім басқармасының мәлімдеуінше, үкіметтің әлеуметтік қамсыздандыру туралы қаулысында оқушыларды тамақтандырудан үнемделген қаржы жетім балалар мен жағдайы нашар отбасыларынан шыққан балаларды тамақтандыруға жұмсалмақ.
Мектептерде тегін тамақтандыруды тоқтату туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 11 ақпанда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан еді. «Қазақстандықтар мектептегі балаларына айран мен тоқашты өздері әперуі тиіс» деген Назарбаев.
«НАРАЗЫЛЫҒЫН АШЫҚ АЙТУҒА БАТПАЙДЫ»
Алматылық ата-аналар бастауыш сыныпта оқитын әр баласының ас-суы үшін «күнделікті кем-дегенде 300 теңгеден берулері қажет» екенін айтады.
– Биыл балам үшінші сыныпқа өтті. Алдыңғы жылдары тегін тамақтанып келіп едік, енді биылдан бастап күнделікті 300 теңгеден беретін болып келісіп қайттық мектептен, - деді Қуаныш есімді тұрғын Азаттыққа.
Күзетші болып жұмыс істейтін Қуаныштың екі оқушы баласы бар.
– Балаларымның тамағына айына 14400 теңге – мен үшін қомақты сома. Бірақ бермеске амал жоқ, - дейді ол.
Динара есімді алматылық ақша үнемдеу үшін басқа амалға көшкен. Ол екінші және үшінші сыныпта оқитын балаларын «мейлінше үйден тойдырып жіберіп, қажет болып жатса, күнделікті 100 теңгеден беретінін» айтады.
Мектептердегі тегін тамақты жақтаушылардың бірі, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық ұйымының президенті Марианна Гуринаның баласы оқитын мектепте тамақ құны – 480 теңге. Оның сөзінше, мектептегі ас-су бағасының қымбат екенін айтып, ұйымға телефон шалатындар күн өткен сайын көбейіп келеді.
– Кешелі бері бірқатар ата-ана хабарласып, тамақтану құны 400 -500 теңге арасында екенін айтып, наразылығын білдіріп жатыр. «Жазыңыздар! Арызданыңыздар!» дегеніммен, бір де бірі өз наразылығын ашық айтып, астына қол қойып, аты-жөнін атауға келісіп отырған жоқ, - дейді Гурина.
Азаттық тілшісі Алматының бірқатар мектептеріне хабарласып, бастауыш сынып оқушыларына берілетін тамақ құнын сұрап білген еді. Мектеп басшылары асханаларындағы бір порция тамақ құны «300 теңгеден аспайтынын» айтты. Алматыдағы 136-орта мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Нұржанат Нұрсейітованың сөзінше, тамақ құны «268-275 теңге көлемінде».
Мемлекеттің оқушыларды тегін тамақтандыруын құп көрмейтін сарапшылар мен белсенділер де бар. Олардың кейбірі «сапасыз тегін ас ішуден гөрі сапалы ақылы тамақ дұрыс, әрі қауіпсіз» деп санайды. Азаттыққа пікір білдірген сарапшы Қазбек Бейсебаев:
– Кезінде жағдайымыз жақсы, бюджет қаржысы жеткілікті болған кезде үкімет бұл қадамға (тегін тамақтандыру – ред.) барды. Ал қазір жағдай басқа, сондықтан түсіністікпен қараған жөн, - дейді.
Алайда Марианна Гурина, баланы тегін тамақтан айырып, үнемдеудің соңы оның денсаулығына кері әсер етеді деп ескертеді.
– Статистика бойынша, бірінші сыныпқа барған он баланың біреуінің ғана денсаулығында ақау болса, 11-сыныпты бітіргенде он баланың біреуі ғана сау болып шығады. Сондықтан, бұл үнемдеу болашақта ауруға соқтырады, - дейді Гурина.
«ТЕГІН ТАМАҚ БАР, ТЕК ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ЕМЕС»
Бір айта кетерлігі – тегін тамақтандыру Қазақстанда біржола жойылған жоқ. Білім және ғылым министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Ысқақ Құлатай, республика бойынша 256 мыңнан аса бала әлі тегін тамақтанатынын айтты. Бұл категорияға жетімдер мен әлеуметтік жағдайы нашарлар кіреді.
– 256 220 оқушы тегін тамақтана алады. Олар «Білім туралы» заңның 6-бабы мен 11-тармақшасында көрсетілген «мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардың балалары, жетім балалар». Ал басқа балаларды, оның ішінде бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру туралы заңда ешқандай норма жоқ, - деді Ысқақ Құлатай.
Арнайы заң нормасы бекітілмесе де, биыл үкімет қаулы арқылы тыйым салғанша елдегі бес өңірдің әкімдері оқушы балаларды тегін тамақтандыру туралы бұйрық шығарған. Олар Астана мен Алматы қалалары, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары. Биылғы оқу жылына дейін Астана қаласы мен Атырау облысы 100%, ал қалған үш өңір – 95-99% пайыз оқушыларын бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келген.
«Білім туралы» заң бойынша әр мектепке жыл басында бөлінетін бюджет қаржысының кем дегенде 1 пайызы әлеуметтік жағдайы нашар оқушыларға жәрдем беруге жұмсалуы тиіс. Бұл жәрдемге аяқ киім, киім-кешек, оқулықтар мен оқу құралдарын сатып әперу, оқитын жерінде тамақтандыруды ұйымдастыру, қаржылай көмек көрсету, санаторий, курорт ұйымдары мен демалыс лагерлеріне жолдамалар сатып алу, мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларға жіберу жатады.