МИНИСТРЛІКПЕН ХАТ АЛМАСУ
Барлық зейнеткерлер сияқты Райкүл Ахметқалиева да дәрігерге жиі-жиі көрініп, денсаулығын қалыпты күйде ұстауға қажет дәрі-дәрмекті жаздырып алып тұрады. Бірде ол кісі дәрігердің рецептісі бойынша дәріханадан моноприл дәрісін алады. Зейнеткер үйіне келіп, дәрінің қабын ашса, ішінен тек қана қазақша түсініктеме шығады.
Райкүл Ахметқалиеваның айтуынша, қазақ тілін тұрмыстық деңгейде жақсы білетін болғанымен, медициналық терминдерді ана тілінде түсіне алмай қояды. Зейнеткердің Денсаулық сақтау министрлігіне түсініктеме-нұсқаманы орыс тіліне аудару туралы өтініш жасауына себеп болған да осы жағдай.
– Дәріні қабылдамай қойдым, өйткені бара-бара адамдарға сенуден қалып барамын, әсіресе дәрігерлерге. Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінуді жөн көрдім, олар көп ұзатпай нұсқаманың орысша аудармасын жасауға уәде берді, – дейді зейнеткер Азаттық радиосына.
Райкүл Ахметқалиева бір кездері қысым көрген, ресми қолданыстан ығыстырылған қазақ тілі құдды бір кәрі адам ұқсап, жаңа жағдайға бейімделе алмай жатыр дейді.
– 1953 жылы бізді ана тілімізден айырды, мектепте қазақ тілінің оқытылуы тоқтатылды. Тек қана орыс тілін оқыдық. Бізге қазақша сөйлеуге тыйым салынған кездер де болды. Тұрмыстық деңгейде мен қазақ тілін білемін, сөйлеймін, бірақ, медициналық тілде қазақша ұға алмаймын. Ол үшін кем дегенде медициналық университет бітіру керек деп ойлаймын, – деген пікір білдірді Райкүл Ахметқалиева.
Бір аптадан кейін әкімшілік қызметкерлері зейнеткердің үйіне аннотацияның орысша аудармасының үш данасын әкеп берген.
Тағы біршама уақыт өткенде Райкүл Ахметқалиеваға Астанадан вице-министрдің жауабы келеді. Жауапта барлық дәрі-дәрмектің нұсқамасы екі тілде болуы тиіс екендігі айтылған. Бірақ, мәселенің осы жауаппен ғана шешіле қалмайтынын ойлап, Ахметқалиеваның көңілі көншімей қояды, ол көп адамның мұндайда не істерін білмей дал болатынын айтып уайымдайды.
ДӘРІ ТУРАЛЫ ДЕР КЕЗІНДЕ АЛЫНҒАН АҚПАРАТ
– Бұл дәріні қолдану жөніндегі нұсқама-түсініктемені оқығанымда төбе шашым тік тұрды, неге десеңіз, оны жүрегінің ишемиялық дерті, демікпесі немесе стенокардиясы бар адамға қабылдауға болмайды екен. Ал, мен дәл сол ишемия бойынша тіркеуде тұрған адаммын. Дәрігер менің диагнозымды тамаша білді деп ойлаймын, ол медициналық картамда жазылған. Бірақ, ол маған жаңағы дәріні жазып берді, – деп жағасын ұстайды сұхбаттасушымыз.
Райкүл Ахметқалиеваның айтуынша, не ол өз міндетіне кәсіби түрде қарамайтын дәрігер, не болмаса оған зейнеткерлердің санын азайт деген тапсырыс берілген.
– Мен Астанадағы Денсаулық сақтау министрлігіне тура осыны жаздым. Зейнетақы төлемеу үшін бізден – зейнеткерлерден құтылғысы келеді. Өмірге қауіпті дәрілердің сипаттамасы екі тілде жазылуы керек. Біздің көзімізді құртудың қажеті жоқ, біз деген ең тәртіпті салық төлеушілерміз ғой, – дейді Райкүл Ахметқалиева.
Ол мұндай жағдайлар көп болады деп санайды. Осындай тәсілмен әлдекім зейнеткерлік жастағы кісілерден біржола құтылғысы келеді дейді ол. Осылайша Азаттық радиосына ол өз болжамын жеткізді.
Қызық болғанда, бұл жағдай араға біршама уақыт салып тағы да қайталанған. Екінші рет Райкүл көзге тамызатын дәрі сатып алған. Естен кетпес оқиғадан кейін сақтықты күшейткен зейнеткер дәріні сатып алып тұрған жерінде тексерген, мұның да аннотациясы қазақша болып шыққан.
– Орысша рецепт сұрағанымда сатушы маған таңдана қарады... Сөйтті де онша қаламаса да берді. Орысша нұсқаманы оқығанымда бұл дәрі де ишемия ауруы бар адамға пайдалануға болмайтын дәрі болып шықты. Адамды өлтіріп тыну мүмкін екен. Ал, менің әлі де өмір сүргім келеді, – деп толықтырды сұхбаттасушымыз.
ТҮСІНІКТЕМЕ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚИЫНДЫҚТАР
Райкүл Ахметқалиева нұсқамасын оқымастан ауруыма байланысты ішуге болмайтын дәріні қабылдай салғанымда не болар еді деген ойдың өзінен шошиды.
– Біз тағы неге біздегі адамдар зейнеткерлік жасқа жете алмай өмірмен қош айтысып жатады деп таңғаламыз. Дәрігерлерге сеніп, небір дәріні ішеміз де, өмірден ерте кетіп жатамыз. Түсінсем бұйырмасын, неғылған дәрігерлер бұл? – деп күйінеді семейлік зейнеткер.
Азаттық радиосының журналисі қала дәріханасында осы секілді басқа да оқиғалар болды ма екен деген оймен тексеріп көрген еді. Дәріхананың фармацевті Евгения Рымарева Азаттық радиосына сатып алушылардың өтінішін жеткізді:
– Ондай жағдайлар болады, біреулер рецептінің орысшасын, енді біреулер қазақшасын сұрап жатады. Мен ылғи олардың көңілінен шығуға тырысамын.
Оның айтуынша, кейде дәрінің қаптамасында аннотация тек орыс тілінде тұрады, сондықтан қазақ тіліндегісін де беруге тура келеді, немесе керісінше.
– Мұның себебі неде екенін мен білмеймін. Ал, енді дәрігер науқастың ауру тарихына қарамастан, дәрі жазып беріп жатса, ол сұмдық нәрсе, әрине. Адамға тұрған жерінде кеңес беруге де тура келеді кейде, – дейді фармацевт Евгения Рымарева.
Семейде «Аман саулық» қоғамдық қорының шеңберінде ақысыз дәрімен қамтамасыз ету бойынша шұғыл телефон желісі жұмыс істейді. Күн сайын шұғыл желіге 50 ретке дейін қоңырау шалынады, кейбіреулері Семей қаласының дәрігерлерінің үстінен шағым айтады. Азаттық радиосына шұғыл желінің дәрігер-кеңесшісі Нина Гладышева сол қоңыраулардың бірі туралы әңгімелеп берді.
– Бір рет бір әйел хабарласты. Оның ауруханада жатқан ұлына қазақ тілінде нұсқама жазып берген. Әйел ештеңе түсінбеген. Латыншасына қарап балаға қандай дәрілер керектігін ұққанымен, мөлшері қандай болу керектігін түсіне алмаған. Енді не істеймін деп абыржыған әйелді тәржімеші жалдаңыз деп күйдірген, – деп әңгімелейді «Аман саулық» қорының шұғыл желісіндегі қызметкер.
Оның айтуынша, шұғыл желіге хабарласқаннан кейін әлгі әйел Семей қаласының денсаулық сақтау бөлімімен, аурухананың бас дәрігерімен байланыса алған.
– Сол сәтте нұсқама мен рецепт адамға түсінікті тілде берілу керек деген жауап алған. Сол сол-ақ екен, келесі күнінде бәрі орынына келтірілген: нұсқаманы да, кеңесті де орыс тілінде алған, – деді дәрігер-кеңесші.