Accessibility links

«Есте сақтау» бойынша «грандмастер» жалғыз қазақ


Ақжол Серікхан. Сурет Facebook парақшасынан алынды.
Ақжол Серікхан. Сурет Facebook парақшасынан алынды.

Есте сақтау ой спорты бойынша грандмастер дәрежесін алған монғолиялық қазақ «екі минутта 90 атауды жаттап, қайталап айтып шығамын» дейді.

2011 жылы Қытайдың Гуаньчжоу қаласында есте сақтау ой спорты бойынша (World Memory Championship) өткен жарыста «грандмастер» дәрежесін алған 21 жастағы моңғолиялық қазақ Ұланбатыр қаласында тұрады.

Моңғолия қазағы Ақжол Серікханның «грандмастер» атанған сәті (2011 жыл). Сурет автордың рұқсатымен Facebook парақшасынан алынды.
Моңғолия қазағы Ақжол Серікханның «грандмастер» атанған сәті (2011 жыл). Сурет автордың рұқсатымен Facebook парақшасынан алынды.

Ол – есте сақтау бойынша монғолиялық бес грандмастердің бірі һәм осындай атақ иеленген жалғыз қазақ. Ақжол 1993 жылы Алматы облысының бұрынғы Нарынқол ауданында дүниеге келген екен. Қазақ тілінде кібіртіктеп сөйлейтін ол Азаттық тілшісіне сыпайы түрде: «Бір жасымда ата-анам Ұланбатырға қоныс аударыпты. Содан бері моңғол ұлтының өкілдерімен араласып келем. Балабақшада, мектепте оқу моңғол тілінде болды. Сондықтан кейбір ойларымды жеткізе алмай жатсам, кешіріңіз» деді.

Әйткенмен Ақжолдың айтар ойын қазақша барынша түсінікті етіп жеткізуге тырысатыны байқалады. Ол биылғы желтоқсан айында Қытайдың Хайнань қаласында өтетін есте сақтау бойынша әлем чемпионатына дайындалып жатқанын айтты.

2011 жылы Қытайдың Гуаньчжоу қаласында өткен әлем чемпионатында моңғолиялық қазақ жігіт берілген тапсырмаларды 120 секунд ішінде орындап, «грандмастер» дәрежесін иеленген. Ақжол осы ой спорты бойынша Монғолияның екі мәрте чемпионы екен.

1991 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келе жатқан әлемдік есте сақтау чемпионатына қатысушы 10 түрлі тапсырма бойынша ұпай жинайды. Ақжолдың сөзінше, өң-түс, тарихи оқиғалар, екілік сандық жүйе, адам және күнтізбе атаулары, әуенді цифрлар сияқты тапсырмалардың бірінен 90 атау беріледі. Қатысушы соны екі минуттың ішінде жаттап, айтып шығуы керек.

Азаттық тілшісі Ақжолдан күнделікті өмірде, оқуда мұндай есте сақтау қабілетінің пайдасы қаншалықты тиетіні туралы сұрады.

Ол осы қабілетінің арқасында университетте екі мамандықты қатар игеріп жатқанын айтты. Ақжол түрлі халықаралық жарыстарға дайындалу және қатысу үшін сабағынан жиі қалуға мәжбүр. Бірақ бұл мәселе де ерекше жады иесі үшін көп қиындық туғызбайды.

Ақжол Серікханның «грандмастер» дәрежесін иеленгені жөніндегі сертификаты.
Ақжол Серікханның «грандмастер» дәрежесін иеленгені жөніндегі сертификаты.

«Емтиханға бір ай қалғанда тақырыптарды меңгеруге бір-ақ күн жұмсаймын. Бір күннің ішінде әр тақырыпты жан-жақты оқып, талдап айтып бере алам. Сабақтан қанша қалсам да, осы уақытқа дейін оқытушылардан бірде-бір рет сөгіс алып көрмеппін» деп күлді ол.

Ақжолдың әкесі Серікхан Тоқилаұлы жеке компанияда менеджер болып қызмет істейді. Отбасында бес баласы бар. Ақжол балаларының ортаншысы екенін айтқан әкесі «Ол мектепке алты жасында барды. Мектепті алтын медальға бітірді. Төрт жасынан бастап шахмат ойнауды меңгерді. Ал 11-сыныпты бітірген соң «memory» өнерімен айналыса бастады» деп Ақжолдың өмірбаянын қысқаша әңгімелеп өтті.

Ақжол қазір Ұланбатыр қаласындағы Ғылыми зерттеу және технология университетінде «жол құрылысы» мамандығы бойынша 2-курста оқып жүр. Ол Моңғол мемлекеттік университетін «электрондық автоматика» саласы бойынша да бітіріп шыққан.

Есте сақтау қабілеті бойынша әлем чемпионатына әзірше Қазақстаннан ешкім қатысып көрмепті.

XS
SM
MD
LG