Accessibility links

Қажет маманды сапалы даярлауды ұсынады


Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері. Алматы, 17 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қазақстанда мемлекеттік білім гранты саны оң мыңға ұлғаяды. Биыл да техникалық мамандықтарға басымдық берілмек. Кей сарапшылар маман даярлау ісінде білім сапасы мен оқудан кейін жұмысқа орналастыру мәселесі әлі өзекті екенін айтады.

49 МЫҢ ГРАНТ

Қызылорда қаласындағы мектептердің бірінде оқитын Гүлсая Абибулла биыл елде талапкерге бюджеттен бөлінетін мемлекеттік білім гранты саны артатыны туралы жаңалықты естігенде сыныптастарымен бірге қуанғанын айтады.

- Сабақта және одан тыс уақытта ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматына дайындалып жатырмыз. Бұл мүмкіндікті дұрыс пайдалануымыз керек. Өзім және сыныптастарымның көбісі техникалық мамандықтарға бармақпыз. Бұл салада гранттар көп деп хабарлап жатыр, - дейді Гүлсая.

Биыл үкімет бакалавриат, магистратура мен докторантураға республикалық бюджеттен тағайындалатын мемлекеттік грант саны былтырғыдан он мыңға көбейіп, 49 мыңға жеткізіледі деп хабарлады білім және ғылым министрлігі Азаттық сауалына ресми жауабында.

«2017-2018 оқу жылына грант санын қосымша 10 мыңға арттыру көзделіп отыр. Оның ішінде бакалавриат үшін 5 мыңнан аса, магистратураға - 3 мың, докторантураға - 1 мың грант» бөлінетіні айтылған министрлік хатында.

Білім гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурстық комиссия. Астана, 5 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Білім гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурстық комиссия. Астана, 5 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қаңтардағы үкімет отырысында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «жергілікті атқарушы органдардың бюджеті есебінен де гранттар қосылатыны» туралы мәлімдеген болатын.

Былтыр елде жалпы саны 39 мыңнан аса білім гранты тағайындалған, оның ішінде бакалавр дайындауға 31,7 мың, магистратураға – 7,4 мың және докторантураға - 628 грант берілген.

Білім және ғылым министрлігі биылғы студент контингентін ұлғайту 2000-жылдардың басынан тіркелген демографиялық өсімге байланысты деп түсіндіреді. Министрлік білім грантын тағайындағанда агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ерекше назар аударылатынын айтады. Мәселен, ет, сүт өндіру, астық және өсімдік шаруашылығы, агрохимия тәрізді салалар бойынша техникалық мамандықтарға басымдық берілмек. «Сонымен бірге инновациялық даму мақсатында білім беру саласындағы мемлекеттік тапсырыс бойынша педагогтарды даярлауға орын бөлінеді» деп хабарлайды білім және ғылым министрлігі.

- Еңбек нарығында техникалық мамандар саны азайып барады. Жоғары оқу орындарында профессор-оқытушылар, мектептерде мұғалімдер құрамы да қартайып барады. Оларды жасарту керек, - дейді білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Әйгерім Әлібекова.

2015 жылға дейін Қазақстан докторанттарды тек мемлекеттік тапсырыспен оқытып келген. 2016 жылдан бастап докторантураға ақылы негізде де қабылдау жүргізіледі. Өткен жылы бакалавариат үшін 12,5 мыңнан аса грант техникалық және технологиялық мамандықтарға бөлінген. Педагогикалық мамандықтарға 5 мыңға таяу, ауылшаруашылығы саласына - 2,7 мыңға жуық, медициналық және басқа да мамандықтарға - 3 мың грант берілген еді.

Алматылық студенттер. (Көрнекі сурет.)
Алматылық студенттер. (Көрнекі сурет.)

Биыл жоғары оқу орындарындағы ауылдың экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл жастарына 30 пайыздық квота берілмек. Сонымен бірге, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар санатына - бір пайыз, Қазақстан азаматтығы жоқ қазақ талапкерлеріне - 2 пайыз мөлшерінде квота белгіленеді деп хабарлайды білім және ғылым министрлігі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, тиісті білімі бар маман жоқтығынан былтыр елде 26 мыңнан аса бос жұмыс орнына сұраныс өтелмей қалған.

- Бұл бос жұмыс орындарына білімі тек мектеп деңгейінде ғана болғандықтан экономикалық тұрғыда белсенді жастардың 26 пайызы қол жеткізе алмады. Ал жоғары және орта арнайы оқу орындары түлектерінің басым бөлігінің мамандығына еңбек нарығында сұраныс болмады немесе біліктілігі жұмыс берушінің талаптарына сай келмеді, - деді Тамара Дүйсенова ақпанның 21-і күні өзі басқаратын министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Бұған дейін ол елдегі өнеркәсіп саласындағы мамандардың 12 пайыздан астамын жасы 55-тен асқандар құрайтындықтан, алдағы бес жылда 113 мың жасты мамандыққа даярлау міндеті тұрғанын айтқан болатын.

Қазақстанда 2017 жылы тегін кәсіптік-техникалық білім беру мақсатында 84 мың грант бөлінетіні туралы өткен жылы қыркүйекте парламент мәжілісінде үкімет сағатында сол кездегі ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлімдеген еді. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен екі миллиард, жергілікті бюджеттен – бес миллиард теңге бөлінеді деп хабарланған.

САН ЖӘНЕ САПА

Ауыл түлектеріне бөлінген квотамен Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық техникалық университетін геодезия және картография мамандығы бойынша тәмамдаған Самат Хайроллаев екі жылдан бері жұмыс таба алмай жүргенін айтады. Оның сөзінше, университетте алған білімі өндірісте жарамай қалған.

- Университетте оқығанда бізге көрсеткен СССР кезіндегі ескі құрылғылар қазір мүлде пайдаланылмайтынын өндірістік іс-тәжірибеден өткенде бір-ақ білдім. Құрылыста Жапония мен Еуропада жасалған өлшеу құралдарын пайдаланады екен, оларды меңгеру үшін арнайы ақылы курстарға бару керек, ондай курстар Өскеменде жоқ, - дейді қазір сауда орнында күзетші болып істеп жүрген жас маман.

Қымыз сапасына зерттеу жүргізіп жатқан студенттер. (Көрнекі сурет.)
Қымыз сапасына зерттеу жүргізіп жатқан студенттер. (Көрнекі сурет.)

Ол кезінде білім грантымен машина жасау мамандығы бойынша оқу бітірген туыс қарындасының да өзге салаға көңілі ауып жүргенін айтып берді.

- Бастысы грант деп осы мамандыққа түскен, бірақ өз мамандығы бойынша істемейді. Қазір психолог мамандығын сырттай ақылы бөлімде оқып алсам ба деп ойланып жүр. Мектепте бізге мамандық таңдау жағынан түсіндіру жұмыстары аз жүргізілді, - дейді Самат Хайроллаев.

ІТ саласы маманы, блогер Нұрлан Жанай кәсіби жоғары оқу орындарында студенттерді мамандықтары бойынша өндірістің түрлі саласында тәжірибелік практикаға орналастыру қамтамасыз етілмейтінін айтады.

- Техникалық мамандықтар бойынша университеттердің көбінде ескірген, қазір өндірісте қолдануға келмейтін бағдарламалар бойынша оқытады. Өндіріске маман дайындайтын оқытушылардың көбі өндірісте болып көрмеген. Сондықтан министрлік жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесін өзгертіп, практикаға баса көңіл бөлгені жөн, - дейді ол.

Сонымен бірге ол тапсырыс беруші ретінде үкімет жастарды арнайы білім алып шыққан кәсіби мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру мәселесін назарда ұстауы қажет деп біледі.

- Грант бойынша оқығандардың көбі кейін сол мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мәселен, Алматы аграрлық университетін жыл сайын жүздеген студент бітіреді, ал бірақ көбі ауылға, далаға барып жұмыс істемейді. Мектеп түлектерінде «әйтеуір ата-анама салмақ салмай, грантқа түссем» деген мақсат басым, - дейді ол.

Алматыдағы студенттер жатақханасының бірі. (Көрнекі сурет.)
Алматыдағы студенттер жатақханасының бірі. (Көрнекі сурет.)

«Ұрпақ тағдыры - білім» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ерсайын Ерғожаның пікірінше, мемлекеттік білім грантын бөлгенде әлеуметтік мамандықтарға басымдық берген жөн.

- Қазақстандағы сегіз мыңға жуық мектептің әрбірінде 22-24 пән оқытылады. Педагог мамандар өте аз. Ауыл мектептерінде зейнет жасындағы мұғалімдер сабақ беріп жүр. Былтыр бакалаврге бөлінген 30 мың гранттың алты мыңы педагогикалық мамандықтарға берілді. Бұл сегіз мың мектепке өте аз, - дейді ол.

Ерсайын Ерғожа техникалық мамандарға мұқтаж кәсіпорындар өзіне керекті кадрларды өзі қаржы бөліп оқытуы керек деп санайды.

- Дамыған елдерде сондай жүйе бар. Ал мемлекет педагог және дәрігер сияқты әлеуметтік мамандарды көбейтуге күш салуы тиіс, - дейді маман.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы Қазақстанда 125 мыңға жуық оқушы мектеп бітірмек. Елде биылдан бастап енгізілетін ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) жаңа форматына сәйкес түлектер екі рет сыннан өтеді - жалпы орта білім беретін мектепті тәмамдағанда қорытынды емтихан және жоғары оқу орнына түсерде тест тапсырады.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда қазіргі таңда 130 жоғары оқу орнында 520 мың студент, 800-ден аса колледжде – 500 мың оқушы білім алып жатыр.

XS
SM
MD
LG