ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕР ХАТЫ
Атырау мұнай және газ университетінің күндізгі ақылы бөлімінде оқитын Қытайдан келген 32 қазақ студенті оқу ақысын жеңілдікпен төлеуге жәрдемдесуді сұрап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазды. Хат көшірмесін білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Әли Әбішевке де жолдаған.
Хат авторларының сөзінше, университетке қабылданған 2015 жылы оларға оқу ақысын төлегенде 25 пайыз көлемінде жеңілдік жасалған. Алайда келесі жылдан бастап оқу орны оларға төлемді толық енгізуді міндеттеген. Шетелдік студенттер оқуға түсерде өздеріне жіберілген университет ректорының қолы бар шақырту қағазында оқу ақысына жеңілдік жасалатыны жайлы жазылған сөзге сенгендерін айтады.
«Екінші курстан бастап оқу бағасын толық (347 мың теңге) төлейсіңдер деп шешім шығарды. Қарастырылған жеңілдік төрт жыл бойы беріледі деген соң ғана 106 бала Атырау мұнай және газ университетіне оқуға тіркелген едік. Университет басшылығы уәдесінде тұрмағандықтан 40-қа жуық бала оқудан шегініп кетті. Қазір 70 бала қалдық. Бізде қазір оқу ақысын төлеуге байланысты қиындық туындап отыр. Жол шығыны, виза аштыру, тамақ шығыны, түрлі құжат рәсімдеу шығыны ата-анамызға үлкен салмақ түсіреді. Біз оқу бітірген соң Атырауда қалып еңбек еткіміз келеді. Бізге Қазақстан Республикасының ықтияр хаты мен азаматтығын алу ауадай қажет. Бұл жағынан университет бізге ешқандай көмек көрсете алмай отыр. Сондықтан осы арызымызға мемлекет тарапынан қамқорлық жасалса деп өтінеміз» деп жазған студенттер.
ВИДЕО: Атыраудағы "алданған" студенттер
Іргесі 1959 жылы қаланған Атырау мұнай және газ институты негізінде Қазақстан үкіметінің 2016 жылғы шілденің 25-індегі қаулысымен жарғылық капиталы толықтай мемлекет иелігіндегі Атырау мұнай және газ университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылған.
Жоғары оқу орнында білім алып жатқан хат авторларының қазіргі жағдайымен Азаттық тілшісі танысып қайтты.
«УӘДЕДЕН НЕГЕ АЙНЫДЫ?»
Атырау мұнай және газ университетінде Қытайдан келіп оқып жатқан қазақ жастары оқу корпусымен бір аумақта орналасқан студенттер жатақханасында тұрады. Өздерін ешкімнің іздеп келмейтініне еттері үйренген олар Азаттық тілшісін қуана қарсы алды. Студенттер қай жерден екендерін сұраған журналистке Қытайдың Іле, Алтай және Тарбағатай аймақтарынан, Қарамай, Құлжа, Майлытау, Үрімжі, Фукан қалалары мен өзге елді мекендерінен келгендерін айтып жатты.
Олар 2015 жылы Қытайдағы қазақтар арасында танымал сайттарда Атырау мұнай және газ институтының шетелдегі қазақ жастарын оқуға шақырған хабарландыруын көріп, Қазақстанның батысындағы мұнайлы өңірдегі жоғары оқу орнында білім алуды ұйғарыпты.
Азаттық тілшісімен әңгімеде студенттер Қазақстанға алғаш келгенде көрген қиындықтары туралы да айтып берді.
- Алғашқы лекпен 60 бала келдік. Бәрімізге пойызға билет табылмады. Біз үшін қосымша вагон тіркемеді. Бізді алып келе жатқан жетекшіміз автобус жалдады. Қазақстан автобустарында аяқ созып жату мүмкін емес екен. Үш күн жол жүрдік. Қасымызда кейбіріміздің ата-анамыз болды. Мұнда бізді шашумен қарсы алғанда әлгі шаршағанымыздың бәрін ұмытып кеттік, - дейді Есхат Болатбек есімді студент.
Өз айтуларынша, Қытайдан келген жастардың кейбірі виза рәсімдеу кезінде құжаттарын уақтылы өткізгендеріне қарамастан заңда көрсетілген мерзімнен кешіктіргені үшін жазықты болып қалған.
- Сол үшін Атырау абақтысында екі күн жатып шықтық, - деп күледі Найман Данияров есімді студент.
Атырауға жеткенде Еркін Таңнұрға алыстан аңсап келген оқу орны өзі күткендегіден қораштау боп көрінген.
- Мен мұны Қытайдың жоғары университеттері тәрізді күшті оқу орны шығар деп ойлағам. Сөйтсем, төрт-ақ бөлімі бар екен, - дейді Еркін Таңнұр.
Әйткенмен ол Қазақстанға келгеніне еш өкінбейтінін, көрген қиындықтардың бәріне шыдауға тырысып жүргенін айтады. Еркін Таңнұрдың сөзінше, ата-анасы берген 270 мың теңге қаржы екінші курста оқу ақысын төлеуге жетпеген соң оны емтиханға кіргізбепті. Кейін ол әлгі пәндерден сынақты қайта тапсырғаны үшін қосымша 82 мың теңге төлеген.
Қаржы факультетінің студенті Гүлман Гүміш те оқу ақысын 25 пайызға кем төлегендіктен емтихандарға кіргізілмей, кейін қайта тапсыруға жиынтығы 112 мың теңге төлеуге мәжбүр болған.
- Тұрысбек Қайдар деген баланың оқу ақысын толық төлеуіне небары 250 теңгесі жетпей қалды. Сол үшін сынаққа кіргізбеген соң ол оқымаймын деп кетіп қалды, - дейді Есхат Болатбек.
Студенттердің сөзінше, университеттің олармен жасасқан келісім-шартында не жазылғанын ешкім түсіндірмеген.
- «Мына жерге қол қой» деді. Оның ішінде не жазылғанын, ол не қағаз екенін білмейміз. Қол қойып бердік. Сөйтсек ол келісім-шарт екен, онда жеңілдік туралы жазылмапты. Неге өтірік айтты? - дейді Мөлдір Дүйсен.
Қытайлық қазақ студенттері оқу ақысына қатысты университет басшылығы уәде еткен жеңілдікке бірінші курста үлкен айғай-шумен қол жеткізгендерін айтады.
- Қолымызға тиген ректордың шақырту қағазында «шетелдегі қазақ диаспорасына жеңілдік бар» деп нақты жазылған. Біз соған сүйеніп келдік. Мұнда ешқандай жеңілдік берілмейтінін естігенде не істерімізді білмедік. Бізді Қытайдан алып келген Әлия Тазабековаға бардық. Бәріміз бірігіп облыс әкімдігіне, «Нұр Отан» партиясына барған соң бірінші курста жеңілдік берді, - дейді студенттер.
Шетелдік студенттер қазіргі басты проблемасы – оқу ақысы болып отырғанын қайта-қайта айта берді.
- Қытайдағы отбасымызға қиыншылық түсіп отыр. Біз оларға «жеңілдіктің» алдамшы болып шыққанын айта алмаймыз. Себебі, олар мұны естіп уайымдайды. Сондықтан демалыста үйге барғанда тыным көрмей жұмыс істеп, оқу ақысының толық төлеміне жететіндей қаржы жинауға тырыстық, - дейді Айдынгүл Өмірбек.
Азаттық тілшісімен әңгіме кезінде студенттер әрбірі ай сайын 20 мың теңге мөлшерінде ақша төлеп тұрып жатқан жатақхананың жағдайына да көңілдері толмайтынын жасырмады. Оларға берілген кей бөлмелердің қабырғалары көгеріп кеткен, сыз иісі сезіледі. Студенттер суық бөлмеде мұздатқышты қажетсінбейтінін, сатып алған сүт-айрандары мүлде бұзылмайтынын айтады. Бөлмеде студенттер қос қабаттап қойылған төрт төсекте жатады екен.
- Көріп тұрсыз ғой, қабырғасы көгеріп кеткен. Суық болғандықтан мына бөлмелерге жату мүмкін емес, амалсыздан басқа бөлмеде бір-біріміздің қасымызда ұйықтап жүрміз, - дейді студенттер.
Саламат Рахмет Қазақстандағы тұрмысқа енді-енді үйрене бастағанын, ыңғайы келсе осында қалып, еңбек етуді армандайтынын айтады.
- Бұл жақта жұмыс істеп, қосымша табыс табудың да реті жоқ. Кириллицаны да енді меңгердік. Біз осында отау құрып, осы елде қалғымыз келеді. Жұмыс істеп, жан санын көбейткіміз келеді, - дейді ол.
Тілшімен әңгімеден соң жәрдем сұрағандары үшін қудалауға түсеміз бе деп қауіптенсе де, студенттер өз өтініш-тілегін жеткізудің басқа амалы қалмағанын айтты.
ҚЫТАЙДАН АТЫРАУҒА СТУДЕНТ ШАҚЫРУ
Атырауға қытайлық қазақ жастарды ұйымдастырып алып келген Нұрбақытт Уәлібай мен оның жұбайы Әлия Тазабекова әу баста бұл шаруаға Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Әли Әбішевтің тапсырмасы бойынша кіріскендерін айтады.
Қытай тілі маманы Нұрбақыт Уәлібайдың сөзінше, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы болып істеп жүрген оны 2015 жылы Әбішев өзі басқаратын мұнай және газ институты жанынан арнайы құрылған «Жібек жолы» орталығына жұмысқа шақырған. Орталықты басқаруға сол институтта жұмыс істейтін Әлия Тазабекова тағайындалған. Ректор жақын болашақта институтты университетке айналдыру жоспарланып отырғанын да айтқан.
- Атырауда мұнай-газ саласында жұмыс істеп жатқан қытай компаниялары көп. Бірақ олар жергілікті мамандарды қытай тілін білмейді деп жұмысқа алмайды. Ал қытайлық қазақ студенттері осы оқу орнын тәмамдаса сол компаниялардан орын алады деген мақсат болды, - дейді Нұрбақыт Уәлібай.
Ол 2015 жылы Атырау мұнай және газ институты ректоры Әли Әбішевтің қатысуымен өткен жиналыста Қытайдан қазақ жастарын оқуға шақырту, оларға оқу ақысына 25 пайыздық жеңілдік және жатақханадан тегін орын беру туралы келісім болғаны туралы айтады.
Нұрбақыт Уәлібайдың сөзінше, Атыраудағы оқу орны шақыртып жатқанын естіген Қытай қазақтары балаларын Қазақстанға оқуға жіберуге ынта білдірген.
- Біз ректордың қолы қойылып, мекеменің мөрі басылған құжатпен бардық. Егер оқу орны қолдау білдіретін болса балаларымыз барсын деп ата-аналары ойланбастан жіберді. Бірақ балалар мұнда келген соң институт басшылығы сөзінен айнып қалды, - дейді Нұрбақыт Уәлібай.
Әлия Тазабекова Қытайдан шақырылған студенттерді олардың қалауы бойынша емес, бала саны жетпей тұрған қаржы, экономика факультеттеріне қаламаса да орналастырғанын, кейін ауысасыңдар деп уәде бергенімен, оларды таңдаған мамандықтарына сол күйі ауыстырмағанын айтады.
- Наразылықтың басы содан шықты. Оған кейін оқу ақысы төлеміне жеңілдік болмайтыны және қосылды. Ал виза мен ықтияр хатты рәсімдеуде көрген қиындықтарымыз бөлек әңгіме, - дейді ол.
Оның сөзінше, оқу ақысын алдын ала төлеген, бірақ отбасы жағдайында байланысты Қазақстанға келе алмай Қытайда қалған бірнеше жастың алдын ала төлеген ақшасын оқу орны қайтармаған.
Бірақ олар алдын ала келісіп, ақшаларын бергендіктен оларды оқуға қабылдау туралы бұйрық дер кезінде шығуы үшін біз солардың оқу ақысын күнібұрын төлеп қойғанбыз. Қолымызда ол туралы түбіртек те бар. Сол балалардың ақшасын кері қайтармады университет.
- Атырауға оқуға келмек болған сегіз адам – Ербол Тұна, Сызат Әділ, Әлбина Мақсат, Серік Ернар, Кенжехан Оразбай, Бұлғын Абдулүміт, Малина Мақсат, Балқаш Әбдіғани отбасылық жағдайларына байланысты келе алмады. Бірақ олар алдын ала келісіп, ақшаларын бергендіктен оларды оқуға қабылдау туралы бұйрық дер кезінде шығуы үшін біз солардың оқу ақысын күнібұрын төлеп қойғанбыз. Қолымызда ол туралы түбіртек те бар. Сол балалардың ақшасын кері қайтармады университет, - дейді Әлия Тазабекова.
Ол біраз уақыттан кейін университет жанындағы «Жібек жолы» орталығы жабылып, оқу орнынан «өз еркімен» жұмыстан кетуіне тура келгенін айтады.
- Ата-аналары сеніп тапсырған балаларды орта жолда тастап кете алмадық. Сол себепті «Жібек жолы» қоғамдық бірлестігін құрдық. Оларға қажетті ыхтияр хат рәсімдеуді қолға алдық. Қазір балалардың 14-і ыхтияр хатқа қол жеткізді, - дейді Әлия Тазабекова.
«ҚҰШАҚ ЖАЯ ҚАРСЫ АЛДЫҚ»
Атырау мұнай және газ университеті ректоры Әли Әбішев Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартты. Оның көмекшісі Бауыржан Байжігітов ректор үшін жауапты оқу орнының баспасөз хатшысы Гүлшара Дәрібаеваның беретінін айтты.
Университет баспасөз хатшысы Гүлшара Дәрібаева қазіргі кезде жоғары оқу орнында Қытайдан келген 76 студент білім алып жатқанын, оларды 2015 жылы Қытайдан Атырауға университеттің бұрынғы қызметкері Әлия Тазабекова бастап алып келгенін растады. Университет өкілінен шетелдік қазақ жастарының оқу төлеміне қатысты жеңілдік жайы қалай екенін сұрадық.
- 25 пайыздық жеңілдік туралы ештеңе айта алмаймын. Біз балаларды құшақ жая қарсы алдық. Олардың басты мақсаты – атамекенге оралу болып табылады, - деп жауап берді Дәрібаева.
Баспасөз хатшысы университетте арнайы кеңес бекіткен шешімге сай студенттер үшін 16 түрлі жеңілдік қарастырылғанын айтады.
- Ол жеңілдіктерді пайдалану үшін студент олимпиада чемпионы я білім жеңімпазы немесе жетім бала тәрізді және басқа да іріктелген санаттардың біріне жатуы тиіс, - дейді ол.
Жатақхананың жағдайы туралы сұраққа Гүлшара Дәрібаева студенттердің «көмекті басқадан емес, өздерінен сұрағаны» жөн болатынын айтты. Қытайдан Атырауға оқуға келмеген, бірақ алдын ала оқу ақысын төлегендердің ақшасына қатысты журналистің сауалына университет өкілі «жауап бергісі келмейтінін» айтты.
Атырау мұнай және газ университетіндегі төрт факультетте күндізгі, кешкі және қашықтықтан оқыту бөлімдерінде барлығы 3646 студент білім алады.