Accessibility links

Борышкерлерді кешкі 9-дан таңғы 8-ге дейін мазаламауды айтты


Полиция наразы үлескерді әкетіп барады. Астана, 22 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Полиция наразы үлескерді әкетіп барады. Астана, 22 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасы таныстырылған соң кейбір депутаттар оны халыққа қарсы құжат деп атап, үкіметтің қайта қарауына жіберуді сұрады.

Авторларының айтуынша, «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасының әлеуметтік мақсаты бар. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметовтің сөзінше, миллионнан астам адам банкке қарызын төлемей жүр. Оның пікірінше, әсіресе дағдарыс кезінде мұны бомба деуге болады.

- Ертең бұл әлеуметтік шиеленіске себеп болуы мүмкін. Он-жиырма адамның электр қуаты не қоқыс тасушылар ақысын төлемей қоюы - басқа мәселе. Мұндай ауқымды айтсаңызшы! Миллионнан астам адамның банктерге триллион теңгеден артық қарыздар болуы елдегі әлеуметтік ахуал жайлы алаңдау тудырады, - деді ол бүгін парламентте.

Заң жобасында банкке борышкер адамдардың қарызын қайтару жайы, "коллекторлық қызметтің дамуына қолайлы құқықтық жағдай жасау, қарызды өндіріп алуда қауіпсіздік пен тиімділікті арттыру, борышкерлердің құқығы мен мүддесін коллекторлық агенттіктер тарабынан болуы мүмкін заңға қайшы әрекеттен қорғау, коллекторлықтың жариялылығын қамтамасыз ету" жөні қамтылған.

Қазақстан ұлттық банкі коллекторлық агенттіктерді өз реестріне қосуды, олардың тіркеусіз әрекет етуіне және банк құпиясы есебіндегі деректерді ұрлау, сатып алу не бопсалау арқылы иеленуіне байланысты жауапкершілік тағайындауды ұсынады. Мұндай іске барған коллекторларға қомақты айыппұл салуды не үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды ұсынады.

Заң жобасы банктердің, микроқаржылық ұйымдардың үйін кепілге қойған жеке тұлғалардың борышын коллекторлық агенттіктерге беруіне тыйым салады.

- Заң жобасы борышкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау мәселесі бойынша банктердің, микроқаржылық ұйымдардың үйін кепілге қойған жеке тұлғалардың борышын коллекторлық агенттіктерге беруіне тыйым салады, - дейді ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов.

Банктердің коллекторлық агенттік құруына және олардың капиталына араласуына да тыйым салынбақ. Ұлттық банк төрағасы орынбасарының сөзінше, борышкерлерді кешкі сағат 9-дан таңғы 8-ге дейін мазалауға болмайды.

«МАФИЯНЫ» БАСҚАРУ

Депутат Гүлжан Қарағұсова заң жобасы коллекторларды «тізгіндеп» ұстау үшін, яғни олардың қызметін реттеуге арналған деп санайды.

Мафиямен күресу үшін оны басқару керек деген сөз бар ғой.
Депутат Гүлжан Қарағұсова.

- Мафиямен күресу үшін оны басқару керек деген сөз бар ғой. Міне, енді бұл мафияны мемлекет осы заңмен басқаратын, ең бастысы реттейтін болады. Кешіріңіз, дұрыс айтпадым, бірақ принципі солай, өйткені тиісті ережелер орнату керек. Қарыз алушылардың құқықтарын конституциядан бөлек заңдармен де қорғау қажет, - дейді депутат Гүлжан Қарағұсова.

Қазақстан коммунистік халық партиясынан сайланған депутат Тұрғын Сыздықов заң жобасы «аса қажет» деген пікірді қостайды.

- Борышкерлермен жұмыс жүргізуді мемлекеттілігіміздің мына даму кезеңінде нарықтың берекесіздігіне бере салу мүлде дұрыс емес болар еді, бірақ жобаның борышкерлердің мүддесін қорғауға қатысты тұстарын бәріміз бірлесіп пысықтауымыз керек, - дейді Тұрғын Сыздықов.

Депутат Мұхтар Тінікеев заң жобасын «рэкетті заңдастыратын» антихалықтық жоба деп атайды. Ол әріптестерін батылдық танытып, үкімет ұсынған заң жобасын «тым болмаса бір рет» қайтарып тастауға шақырды.

Сіздердің деректеріңізге сүйенсек, 5 миллионнан астам адамның мойнында осындай несие бар екен.
Депутат Мұхтар Тінікеев.

- Заң жобасын «Атамекен» ұлттық палатасы, қаржыгерлер қауымдастығы, қаржы ұйымдары қауымдастығы, коллекторлық ұйымдары мақұлдады деп жазыпсыздар, ал халық, мойнында несиесі бар жұрт мақұлдады ма? Сіздерде мойнында несиесі бар қарапайым адамдардың пікірі бар ма? Бұл - біріншіден. Екіншіден, талай жылдан бері айтылып келе жатқан тұтыну несиелеріне қатысты жағдайды тәртіпке келтіресіздер ме, жоқ па? Тұтыну несиелерін жұрт жетіскеннен алмайды. Сіздердің деректеріңізге сүйенсек, 5 миллионнан астам адамның мойнында осындай несие бар екен, - дейді депутат Мұхтар Тінікеев.

Оның айтуынша, заң жобасында коллекторларға тіпті сот шешімін орындаушыларда жоқ көптеген өкілеттіктер, яғни борышкердің мүлкін тартып алуға мүмкіндік беретін бап бар. Мұны депутат Нұртай Сабильянов та айтады. Оның пікірінше, борышкер кепілге ғимаратын немесе жер телімін қойса, заң жобасы оларды тартып алуға рұқсат береді.

- Егер мұндай заң қабылданып жатса, келешекте коллекторлық агенттік қарыз алушының мүлкін сот шешімінсіз тартып ала беретін болады. Меніңше, бұл дұрыс емес, - дейді Нұртай Сабильянов.

Ұлттық банк дерегінше, заң жобасы АҚШ пен Ұлыбритания заңдарын талдау негізінде құрастырылған. Сәуірдің аяғында оны азаматтық сектор өкілдерінің қатысуымен Астанада өтетін дөңгелек үстелде таныстыруға уәде етілді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG